Қоқысқа кеткен қазына

/
Қоқысқа кеткен қазына

Қазақ үшін қой жүні қашанда тұрмысқа қажетті, береке мен байлықтың көзі болған. Алайда нарық заманында жүннің бағасы құлдырап, сұраныс азайғалы бері шаруалар қырқылған жүнді өртеуге немесе қоқысқа тастауға мәжбүр. Былтыр Ақтөбеде Орталық Азияда баламасы жоқ, қой жүнін терең өңдейтін зауыт іске қосылғанда, көпшілік «енді жүннің бағы жанатын болды» деп қуанған еді. Алайда кәсіпорын төрт облыстың шаруаларынан шикізат қабылдауға дайын болғанымен, ауылдағы ағайын әлі де «жол алыс, бейнеті көп» деп аяқ тартып отыр. Мұның себебі неде? Жүнді кәдеге жаратуға не кедергі?

Сегіз мың қойдың жүні қайда кетіп жатыр?

Байғанин – Ақтөбе облысының шал­ғай аудандарының бірі. Мұнда ұзақ жыл­дан бері «Мұңал» шаруа қожалығын бас­қарып келе жатқан белгілі фермер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сауыт Ға­зиз тұрады. Мамандығы қаржыгер бол­ға­нымен, әке аманатына адалдық танытып, 2000 жылы мал шаруашылығының тізгінін ұстаған азамат бүгінде қазақтың құйрықты қыл­шық жүнді асыл тұқымды қойының 8 мың басын өсіріп отыр. Қожалықта 14 ауыл тұр­ғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бір қарағанда, шаруашылықтың ісі іл­гері. Алайда осыншама малдан алынатын ши­кізаттың бір бөлігі кәдеге аспай, рәсуа бо­­лып жатыр. Мал басы көбейген сайын қыр­­қылатын жүннің көлемі де арта түсе­ті­ні белгілі. Ал оны жинау, сақтау, өткізу мә­селесі шешілмесе, шаруаның қосымша та­быс көзіне айналуға тиіс шикізат кері­сін­ше артық машақат туғызады.

– Қойды негізі жылына екі рет, көктем мен күзде қырқады ғой. Бірақ біздің мал далада ұзақ жайылатындықтан, тоңбасын деп көктемде ғана қырқамыз. Әр қойдан 2-2,5 келідей жүн шығады. Бұрын жүнді өр­­­тейтінбіз, кейінгі кезде мал өлексесін тас­тайтын жерге апаратын болдық. Яғни, қо­қысқа тастаймыз. Былтырдан бері жас жі­гіт­тер «ГАЗель» көлігімен ауыл аралап, жүн­ді тиеп алып кетіп жүр. Шашылып жат­пасын деп тегін береміз. Шыны керек, Ақ­төбедегі зауытқа жүн тапсырып көрмеп­пін. Шалғайдан облыс орталығына көлік жал­дап, жүн тасып көрмеген соң, машақаты көп, табысы аз тірлік деп санаймын, – дейді Сауыт Ғазиз.

Қарапайым есепке жүгінсек, бір ғана «Мұңал» қожалығындағы 8 мың қойдан жы­лына шамамен 16-20 тонна жүн алы­нады. Ал облыс бойынша қой мен ешкі саны 1,18 миллион басқа жеткенін ескер­сек, өңірдің жүн өңдеу өнеркәсібін шикі­зат­­пен қамтамасыз ету әлеуеті аз емес еке­­­­нін аң­ғарамыз.

Әрине, жүнді тегін беріп жіберу немесе қо­қысқа тастау шаруаның өзіне де тиімді емес. Алайда оны өткізуге жұмсалатын шы­ғын мен түсетін табыстың арақатынасы көп нәрсені шешеді. Оның үстіне, қырқыл­ған жүнді арнайы орынға жинап, ылғалдан сақтап, тасымалдауға дайындау да қосымша еңбекті қажет етеді. Сондықтан шалғайдағы мал өсірушілер үшін шикізатты сатып ала­тын кәсіпорынның болуы ғана жеткіліксіз. Оған жүнді қалай және қандай шығынмен жеткізетіні де маңызды.

6 миллиард теңгелік зауыт не ұсынады?

Шаруалар жүн өткізудің тиім­ді­лі­гі­не күмәнмен қараға­нымен, Ақ­тө­беде 2025 жылы пайдалануға берілген жүн өңдейтін зауыт өңірдегі мал шаруашы­лы­ғы үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр. Жал­пы, құны 6 млрд теңгеге жуық, негізгі ин­вес­тициялық құны 5,3 млрд теңгені құрай­тын жоба аясында қой жүнін толық өң­дей­тін заманауи өндіріс желісі іске қо­сылған.

Бұл – Орталық Азиядағы 100 пайыз табиғи қой жүнінен тоқыма емес материал­дар өндіретін алғашқы әрі жалғыз кәсіп­орын. Зауыт жылына 3 600 тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2 100-2 200 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.

Мұнда қой жүні құрылыс пен жиһаз өндірісінде, СИП және сэндвич-па­­­нельдер жасауда, өнеркәсіптік сүзгілер өн­дірісінде, сондай-ақ дәстүрлі үлгідегі құры­лыстарда қолданылатын экологиялық таза материалдарға айналады. Жүннен жа­сал­ған жылу және дыбыс оқшаулағыш ма­териалдардың қолданылу аясы да кең. Бү­гінде ішкі нарықты қамтып отырған кәсіп­орын болашақта өнімдерін экспортқа шы­ғаруды көздеп отыр.

Жобаның маңыздылығы – қой жүнін бастапқы өңдеумен ғана шектелмей, одан нарыққа қажетті дайын өнім шығаруында. Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу арқылы оның қосылған құнын арттыруға, отандық өндірістің шикізаттық қорын қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Бірақ мұндай кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі шикізаттың уақытылы әрі жеткілікті көлемде жеткізілуіне тікелей байланысты. Қой қырқу маусымдық жұмыс болғандықтан, жүнді жинау мен сақтау ісін де алдын ала ұйымдастыру қажет. Бұл ретте зауыт пен шаруалар арасында тұрақты іс­кер­лік байланыстың қалыптасуы айрықша маңызды.

Жүнге қандай талап қойылады?

Зауыт Ақтөбеден бөлек, Атырау, Батыс Қа­­зақстан және Жамбыл облыстарының фер­­мерлерінен де шикізат қабылдайды. Кәсіп­орын өкілдерінің айтуынша, шикізат­қа қойылатын талап аса күрделі емес.

Ең басты талап – жүннің тазалығы. Жүн жуылмаған болса да, құрғақ, табиғи иісі сақталған, шірімеген, зең баспаған жә­не жәндіктерден таза болуға тиіс. Сондай-ақ бояу мен мазутқа қатты былғанбауы шарт.

Шикізат сұрыбына қарай бағаланады. Бірінші сұрыпты жүнге базалық бағаның 100 пайызы, екінші сұрыпқа 80 пайызы, үші­н­ші сұрыпқа 50 пайызы төленеді. Төлем екіжақты шарт негізінде, жүкқұжат пен электрондық шот-фактура арқылы шаруа­ның есепшотына аударылады.
Демек, шаруалар үшін жүнді қырық­қан­нан кейін оны дұрыс жинап, сұрыптап, сақ­таудың да экономикалық маңызы бар. Ши­кізаттың сапасы неғұрлым жоғары бол­са, оның бағасы да соғұрлым жоғары бол­мақ. Ал ашық аспан астында ұзақ жатып, жауын-шашында қалған жүннің сапасы төмендейтіні белгілі.

Дегенмен шаруаның жүн өткізуге қан­шалықты мүдделі болатынын анықтайтын бас­ты көрсеткіштің бірі – сатып алу бағасы. Фер­мер бір келі жүннің нақты бағасын, тасы­малдау шығынын және қолына түсетін қаражатты алдын ала есептей алуы керек. Сондықтан кәсіпорынның шикізат қабыл­дау тәртібімен қатар, сатып алу бағасы тура­лы ақпараттың да ауылдағы мал өсіру­шілерге кеңінен таралғаны жөн.

Шикізат пен өндірістің арасын не жалғайды?

Бүгінде мемлекет ауыл шаруашы­лы­ғын қолдауға қомақты қаржы бөліп отыр. Бір ғана Ақтөбе облысында биыл са­ланы субсидиялауға 16,5 млрд теңге бөлі­ніп, он айда өндірілген өнім көлемі 396,1 млрд теңгеге жетті. Мал басы да жыл санап өсіп келеді.
Алайда мал басының артуы ет пен сүт өн­дірісінің көлемімен ғана өлшенбеуге тиіс. Малдан алынатын өзге де шикізатты тиім­ді пайдалану ауыл шаруашылығының та­бысын арттыруға ықпал етеді. Соның бірі – кейінгі жылдары шаруалар үшін құнын жоғалтқан қой жүні.

Бүгінде жұмыс істеп тұрған өңдеуші кәсіпорын мен шикізат иесі – шаруаның ара­сындағы алшақтықты жою өзекті мә­селеге айналып отыр. Әрине, Байғанин секілді шалғай аудандардан әр шаруаның жеке көлік жалдап, Ақтөбеге жүн тасуы тиімсіз болуы мүмкін. Әсіресе, мал басы аз қожалықтардың мұндай шығынды көтеруі қиын.

Бұл түйткілді шешудің бірнеше жолы бар. Соның бірі – ауыл шаруаларының өзара келісіп, жүнді бір жерге жинап, кө­лем­ді жүк көлігін жалдауы. Мұндай жағдай­да та­сы­малдау шығынын бөлісуге, кәсіпорынға бір мез­гілде мол көлемде шикізат жеткізуге мүм­кіндік туар еді.
Екінші жолы – зауыт тарапынан не­ме­се аудандық әкімдіктердің қол­дауы­мен ауыл-аймақтарда арнайы жүн қа­былдау бекет­терін ашу. Мұндай бекет­терде шикізатты өлшеп, сұрыптап, уақытша сақтауға жағдай жасалса, шаруалар облыс ор­талығына сабылмас еді. Ал кәсіпорын әр ауыл­ды аралап, шикізат іздемей, белгілі бір нүк­телерден жинап әкетуге мүмкіндік ала­ды.

Жүн жинау ісіне жергілікті кәсіпкер­лерді тартудың да келешегі бар. Ауылдарды аралап, жүн жинап жүрген азаматтардың болуы бұл бағытта белгілі бір тәжірибенің қа­­­лыптаса бастағанын көрсетеді. Ендігі мә­се­ле – осындай бастамаларды жүйелі жол­­ға қойып, шикізат иесі мен оны өң­деу­ші кәсіпорынның арасындағы байла­ныс­ты нығайту.

Мұның экологиялық маңызы да жоқ емес. Қырқылған жүнді өртеу немесе бей­бере­кет тастау орнына өндірістік айналым­ға енгізу ауыл маңындағы қалдықтардың азаюына ықпал етер еді.

Қалай десек те, қой жүнін кәдесіз қал­дық ретінде қабылдайтын түсініктен ары­латын уақыт жетті. Қоқысқа тасталған әр тон­на жүн – шаруаның қосымша табыс табу үшін пайдалана алмаған мүмкіндігі, ал өң­деуші кәсіпорын үшін қолжетімсіз бо­лып қалған шикізат.
Ақтөбеде заманауи зауыт салынды, өңір­де шикізат та жеткілікті. Ендігі міндет – осы екі тараптың арасындағы байла­ныс­ты жолға қою. Сонда ғана қой жүнін те­рең өңдеуге бағытталған ірі инвес­ти­ция­лық жобаның игілігін ауылдағы ағайын да көреді.

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары