Көрермен мәдениеті – қоғам әдебінің айнасы

/
Көрермен мәдениеті – қоғам әдебінің айнасы

Көпшілік жиналатын іс-шаралар адамның әдебі мен тәрбиесін айқын көрсетеді. Күнделікті өмірде бай­қа­ла бермейтін мінез концерт залында, стадионда не­м­есе қоғамдық жиында анық көрінеді. Өзгеге жол беру, кезек сақтау, айналаңдағы адамның қауіпсіздігін ой­лау, ортақ мүлікке құрметпен қарау – қарапайым бол­ғанымен, қоғамдық мәдениеттің негізін құрайтын қа­сиеттер. Өкінішке қарай, кейде сүйікті өнерпазын көру­ге деген құлшыныс осындай қарапайым қағи­да­лар­ды екінші орынға ысырып жатады.

Кейбір көрермен концертке келгенде айнала­сын­д­а­ғыларды естен шығарып, тек өз қалауын орындауға асы­ғады. Алдыңғы қатарға өту үшін өзгелерді итеріп, ке­зек тәртібін сақтамай, көпшіліктің мазасын алатын­дар кезігеді. Мұндайда өнерді тамашалауға арналған қуа­нышты кештің өзі қолайсыз жағдайға ұласуы мүм­кін. Өйткені бір адамның орынсыз әрекеті айна­ла­сын­да­ғы адамдардың көңіл күйіне әсер етеді.
Әрине, көпшілік іс-шараның қауіпсіз өтуі ең ал­дымен ұйымдастырушыларға байланысты. Көрермен са­нын алаңның мүмкіндігіне сай белгілеу, кіріп-шығу жол­дарын реттеу, кезек тәртібін сақтау, қауіпсіздік қыз­метінің жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттер. Іс-шара қаншалықты ауқымды болса, оған әзірлік те соншалықты мұқият болуы керек. Жақсы ұйым­дас­тырылған концерт көрерменге тек әсем әуен мен көте­рің­кі көңіл күй сыйлап қоймай, өзін қауіпсіз сезінуге де мүмкіндік береді.

Дегенмен барлық жауапкершілікті ұйымдас­тыру­шыларға артып қою дұрыс емес. Көрерменнің де өз мін­деті бар. Қандай жағдай болсын, өзгені итеру, жан­жал шығару, ортақ мүлікті бүлдіру немесе айналадағы адам­дардың тыныштығын бұзу ақталмайды. Өнер иесі­нің өнері көңілден шықпаса, оған наразылық біл­діру­ге болады. Бірақ сын айту мен тәртіп бұзудың арасы жер мен көктей. Адамның мәдениеті бәрі ойдағыдай бол­ғанда емес, көңілі толмаған сәтте де өзін ұстай білуі­нен байқалады.

Көрермен мәдениеті дегеніміз не? Ол – қоғамдық орын­ның тазалығын сақтау, кезекте тұрған адамды сый­лау, балалар мен қарттарға қамқорлық таныту, өзге­нің құқығын құрметтеу. Тіпті, тегін ас пен сыйлық тара­тылғанда да адамның тәрбиесі сынға түседі. Бір сәт­тік пайдаға бола біреудің жолын кесу, көпшілік ара­сында дүрбелең туғызу – әдепке жат әрекет. Тегін дү­ниеге қол жеткізу ешкімге ортақ тәртіпті бұзуға құ­қық бермейді.

Мұндай мәдениетті қалыптастыру отбасындағы тәр­биеден басталады. Баланы кішкентайынан өзгені сый­лауға, қоғамдық орында өзін дұрыс ұстауға, ортақ дү­ниеге жанашырлықпен қарауға үйрету қажет. Ал ұйым­дастырушылар қауіпсіздік талаптарын сақтап, көрер­мендерге түсінікті тәртіп орнатуға міндетті. Яғни, қо­ғамдық мәдениет – бір адамның ғана емес, баршаның ортақ жауапкершілігі.

Өнер – адамдарды жақындастыратын, жүрекке қуаныш сыйлайтын рухани құндылық. Оның қадірін арттыру үшін сахнадағы өнерпаздың шеберлігімен қа­тар, залдағы көрерменнің де әдебі маңызды. Концерт аяқ­­талған соң да мәдениетіміздің қандай екені айнала­мыз­ға жасаған қарым-қатынасымыздан көрінеді.

Нағыз мәдениеттілік – көпшіліктің арасында өзіңді ғана ойламай, өзгеге де орын бере білу. Қуанышқа ор­тақ­тасқанда өзгенің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін ұмыт­пау. Өйткені өнердің шырайын кіргізетін тек сах­надағы талант емес, оны құрметтей білетін көрер­мен­нің де тәрбиесі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары