Биыл ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ баспасөзінің теориясы мен практикасының негізін қалаушылардың бірі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде ұзақ жыл декандық қызмет атқарған, біз журфакқа оқуға түскен тұста Мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі болған Темірбек Қожакеев ағайдың ұстаздық, ғылыми және шығармашылық қызметінен тәлім терген соңғы шәкірттерінің бірі ретінде ағаның жүз жылдық мерейтойында аз-кем пікір айту парыз.
Журналист боламын деп, әсіресе 70-90 жылдары ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түскен талай тарланбоздарға дәріс берген Темірбек Қожакеев ағамыздың алдын көрген азаматтардың ол кісі туралы қай-қайсысы да қызғылықты естеліктер айтары анық. Себебі Темірбек ағамыз сынды сан қырлы тұлғаның қазақ журналистикасында өз орнының үңірейіп тұрарына шын мәнінде уақыт әділ төрешілік етті деп ойлаймын.
Біз мектепте жүргеннен-ақ, ол кісінің атына қанық едік. Қолымызға түскен кітаптары мен баспасөз бетінде жиі жарық көріп тұратын мақалалары арқылы да Темірбек Қожакеев есімін тани түстік. Одан қалса, ҚазҰУ-дың Филология және Журналистика факультеттерінің қабырғасында ол кісіден дәріс алған таныс-білістеріміз Темірбек ағаның дәрістерін қызғылықты қылып әңгімелеп беретін.
Кейбірі ағайды қатал әрі өте талапшыл деп те жататын. Содан ба, ойымыздағы орындалып, көңіл қойған оқуымызға түсіп кеткеннен кейін ауылдың қара домалағына ағаймен қоян-қолтық араласып кету қиын соғатын шығар деп жүретінбіз. Көп ұзамай-ақ университет табалдырығын жасқаншақтай аттаған сарыауыз шәкірттерін өзіне жақын тарта бастаған. Әсіресе, «Журналист болам деп – жұлқынып, ақын боламын деп – қылқынып» жазғызсынып жүргендерімізге: «Әй, бала, сенің кеше бәлен газетке шыққан дүниеңді оқыдым. Дұрыс, жарайсың! Жаза бер!» – деп, ақыл-кеңесін айтып, қанаттандырып қоятын. Сол кездері ағайдың жақсы пікірін естігеніміз аспанға айды шығарып тастағандай масаттанып қалатынбыз. Кейбірімізге сол бір ауыз сөз қайта қуат беріп, тағы бір өзімізше «тәуір» дүние жазып тастайтынбыз. Осындай жылышырай ұстаз бен шәкірт арасындағы жақын достық бізді тек журналистиканың қыр-сырына баулып қана қоймай, зиялылыққа, қарапайымдылыққа тәрбиелей түскен.
Әлі есімізде, мамандық бойынша кафедраларға жазылу кезінде ағай басқарып отырған «Мерзімді баспасөз» кафедрасына қанша аңсарымыз ауып жүргенімен, басқа кафедраға бөлінген екенбіз. Ақыры, үш-төрт жігіт өз өтінішімізді арқалап, ағайдың алдына барғанбыз. Екі сөзге келмей қол қойып жібергені күні кешегідей көз алдымызда. Бір қызығы, мұнымызды кейбіреулер майданның ең отты шебіне сұранып барған жаужүрек жауынгердің ерлігіне пара-пар екен деп бағалаған. Себеп-сыры белгілі. Жоғарыда айтып кеткендей, ағайдың талапшылдығы мен қаталдығын алға тартады. Алайда тәртіп пен талғам қай жерде болмақ десек, талабы мен сарабы күшті жерде салтанат құрмақ. Ендеше, тәртіп пен тәлім егіз. Ал тәрбиелік пен білімділік – екібастан. Бес жыл біз соның куәсі болдық. Ағайдың алдынан жақынырақ барып дәріс тыңдап, тәрбие көргенімізге қуанбасақ, еш өкінбейміз. Қайта бағымызға қарай Темірбек ағадай темір-ұстаздың алдын көргенімізді бүгінде мақтаныш тұтамыз.

Темірбек ағаның сан қырынан танылған талант иесі екенін тек шәкірттері ғана емес, бүкіл қазақ қауымы біледі. Бір бойына тоғысқан әдебиетшілігі, сыншылығы, журналистігі, фельетонистігі, сатириктігі, ғалым-ұстаздығы – бәрі-бәрі қолтығы сөгіле, қан сорпасы шыға төккен тері мен жасаған еңбегінің өтеуі іспеттес. Бәрінен бұрын бізге ағайдың ғалым-ұстаздық қыры жақын әрі жыға таныс. Бұл – басқа қырын білмейміз дегендік емес. Ең алдымен Темірбек аға біз үшін – ұстаз.
Кейінгі қырық жылдың бедерінде бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген, қазіргі қазақ журналистикасының қара қазанын қайнатып жүрген журналистердің барлығына Темірбек ағамыз ұстаздық етті десек, артық емес. Және алты мыңдай бұқаралық ақпарат құралдарына мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосқан. Байқап қарасақ – аз уақыт, аз цифр емес, бүтін бір ұрпақтың өмірі. Қазақтың «Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан» деген мақалын еске алсақ, сонша уақыт талапшылдығымен шәкірт тәрбиелеу – мықтылықтың бір мысқал көрінісі.
Қысқаша өмір дерегіне үңілсек, Темірбек Қожакеев 1926 жылы Жамбыл облысы, Mepкi ауданы, «Ойтал» ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университеті Филология факультетінің Журналистика бөлімін бітірген. 1947-1948 жылдары Мерке аудандық комсомол комитетінің бөлім мeңгepyшici қызметін атқарады. 1953-1972 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы және доценті болып қызмет етеді. Одан соң ұзақ жыл бойы аталған жоғары оқу орнының Журналистика факультетінің деканы болды. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін Бакуде қорғап, профессор ғылыми атағын алды. Қазақстанның еңбек ciңірген қызметкері атанды.
«Ойында – сәулесі, ал ісінде – әуресі бар жанның артында өзіндік із қалары сөзсіз. Темірбек Қожакеев осы қасиетке тән адам еді» – деп жазыпты профессор Тілеубек Көлбаев. Расында да, «Темекең өткенді ойлап, болашақты болжап, сан-сапалық құбылыстарды бір ізге салар ақыл-парасаты мол нар тұлғалы азамат еді-ау. Бар саналы ғұмырын Алаш дейтін аталы жұрттың амандығына арнаған ол өзіне тән мінезі, таңғажайып талғамымен даралана білді» – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып.
Темірбек Қожакеев әдебиттанушы, жазушы, сыншы, зерттеуші, журналист, сатирик және талантты ұстаз бола білді. Ол жиырма мыңнан астам журналист тәрбиелеп, қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының қаламы жүйрік, ойы ұшқыр мамандарын даярлап шығарды.
«Темекеңнің іргелі зерттеу еңбектері, мақала, кітаптары қазақ журналистикасының өсу, қалыптасу кезеңдерінің шынайы көрінісі. Шәкірттерінің алдында ең алдымен ұстаздық борышын адал өтеген ғұлама» – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев. Темекеңнің ғұлама ғалымдығының куәсі – оның том-том зерттеу еңбектері мен оқулықтары. «Шын ғалымның шынайы ізденімпаз екені әдебиет пен журналистикадағы тың тақырыпқа түрен салып, өзі тапқан сүрлеуін даңғылға айналдырғанында» – деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы. «Темірбек Қожакеев ізденісінің ерекшелігі – тақырыпты тек бетінен қалқымай, тұңғиықтан тартып, қағидалық тұғырнамасының тамыры тереңде болып келуі. Сондықтан да ғалымның еңбектері сатирада сан сырлы құбылыстың құпия қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып беруімен қымбат. Темекең өз ізденісі барысында еш шаршауды білмейтін. Міне, сол талмай іздену қасиеті оны тұлғалық қалыбын жасауға жетеледі» – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин.
Сатира – қазақ әдебиетінің ежелгі саласы. Мыңдаған жылдық көне тарихымыздың мәдени қазынасына жататын ақыл-ой, рухани байлығы.
«Сатираның мыңдаған жылдық даму тарихын зерттеп, тектерін тамырлата талдаған да Темірбек Қожакеев» – дейді сатирик-жазушы Үмбетбай Уайдин.
«Біздің әдебиеттану ғылымында сатираны зерттеп, кешегісі мен бүгінгісіне барлау жасап, ертеңіне ой жүгіртіп отырған ғалымдарымыз аз. Қазақ әдебиетіндегі осы жанрдың қалыптаса бастауынан бері қамқоршы болған жанашыр ғалым – Темірбек Қожакеев. Ол өзінің «Сатира және дәуір» атты монографиясымен қазақ әдебиеттану ғылымында маңыз-мәні жоғары жаңа ғылыми бет-бағдар ашты» деп жазған екен профессор Рымғали Нұрғалиев. Ғалымның бұл пікіріне ешкім дау айта қоймас.

Рухани жағынан бай халықтың ұлттық дәстүрі де өміршең. Өйткені рухани байлық – бабалар мұрасы, әрі аманаты. Темірбек Қожакеев бір сөзінде:
«Рухани байлық – ескірмек емес, тот та баспайды. Ол әркімнің игілігіне қызмет етеді. Рухани байлық – адамның жан-дүниесін байытады» депті. Темекеңнің осы сөзі рухани байлықты парасатты тұрғыдан игеру – өмір қажеттілігі екенін ұқтырады.
Міне, бұл Темекеңнің өмірлік қағидасы. Ол мұны айтып қана қойған жоқ, толығымен осы қағидамен өмір сүрді. Сондықтан да Темірбек Қожакеевтің артында ел-жұрты, халқы сүйген, қоғам сыйлаған, шәкірттері құрметтеген абыройлы аты қалды.
Темірбек ағаның талғамының биіктігі мен талабының күштілігін сезініп өскен шәкірт күні ертең сол деңгейден қарауға дағдыланғаны анық. Өйткені өзі де тек еңбекке үйренген ұстаздың жалқаулыққа жаны қастығына, сары жамбасты жақтырмайтынына еш шәкірт шек келтірмейді. Алайда қақ-соқтығымен, қыңыр тартып, тәртіпке көнбегенді де ағайдың тез-тезге салып, түзеп жібергенін көргенбіз. Жөн сөз айтып, жөндем болған қарабайырлықпен емес, қарапайымдықпен шақыратыны талай шатақ шәкірттің шаңын да қағып, шалқайғанын еңкейткен. «Мінсіз журналистпін» дегеніміздің өзі ол кісінің алдына барғанда ақауымызды аңғара қоятынбыз. Ұстаз – қашан да ұстаз болды. Асыл ағаның аяулы бейнесі көз алдымда осылайша қалып қойыпты.
Темірбек Қожакеев туралы айтқанда оның қызметіндегі былайғы жұрт біле бермейтін жайтты айналып өтпегеніміз абзал. Соның бірі – биыл қырық жылдығы аталып өтетін 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі сүргін ағаның өміріне салқынын тигізді. Алайда, Мәскеуден келген тергеушілердің өзі Темірбек ағаны жасыта алмады. Тағылған айып: «Асанбай Асқаровтың туысқанысың! Факультетте оңтүстіктің балаларын қаптатып жібергенсің!». Бұлары негізсіз қаралау еді. Орталықтың оспадар епкіні мен тепкісі қатты тергеушісіне Темкең: «Жолдас тергеуші, сіздің алдыңызда профессор отыр. Мәдениеттілік пен ізеттілік сақтаңыз!» деп, аптығын басады. Мұндайды күтпеген әлгілер сасып қалып, сабасына түседі.
Иә, Темірбек Қожакеев ағамыз жалпы талапшыл, турашыл, қатаң тәртіп пен әділеттің адамы болды. Бұл болмысын желтоқсан зобалаңындағы тергеу мен сотта жүргенде де жоғалтқан жоқ. Қайта қайсар мінез көрсетіп, қайрала, ширыға түсті. Бұл шарболаттай шыңдалған мінезі ол кісінің қарсыластарын көбейтіп жібергені де анық. Желтоқсан дүрбелеңінде ақыры қызметінен алды, партия қатарынан шығарды. Темкең тайсалмады, жуасымады. Әділет іздеп, орталықтың өзіне дейін барды. Өзінің ақ-адал екенін дәлелдеп, негізсіз айыптың бәрін заңды түрде алдырды. Мәскеудің шешімін алып келіп, ұстаздық қызметіне қайта оралды.
Темірбек Қожакеев сынды тек тәртіп пен істің адамы Кеңестік жүйеге ұнай қоймауы түсінікті еді. Дегенмен осынау қиын-қыстау заманның өзінде ар-ұжданына дақ түсірмей, өзін қайсар-қайраткерлік қырынан көрсете білген жанның бірі де бірегейі Темкең еді.
Қылышынан қан тамған Кеңестік жүйеде басшы болу, шәкірт тәрбиелеу оңай емес-ті. Оның артында мыңдаған жастың тағдыры тұрды. Осындай жүйенің басы-қасында сол заманның тамыр соғысын дөп басқан Темірбек Қожакеев сынды тау тұлғамызды тарпаң мінезді тарлан демеске лаж жоқ. Қазақ журналистикасының теориясын ғылыми тұрғыда алғашқылардың бірі болып зерделеген филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Темірбек Қожакеевтың биылғы жүз жылдық мерейтойында айтар үзік сыр осы.
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы Темірбек Қожакеевтың ғасырлық мерейтойына тұспа-тұс келуі де өзіндік символдық мәні бар. Қазақ журналистикасына қажетті ер мінез бен ұлттық айбарды аңсап кеткен ағамыздың арманы бүгінде орындалды. Егемен ел атандық. Тәуелсіздігімізді алуға қайсар мінезімен де, қарымды қаламымен де, ерен еңбегімен де үлес қосқан тұлға Темірбек Қожакеевтей-ақ болар!
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН