«Халықтық құрылыс»: Жаңа жобадан не күтеміз?

/
«Халықтық құрылыс»: Жаңа жобадан не күтеміз?

Келер жылы еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқын алмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыс саласына айрықша назар аударып, 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялағаны белгілі. Президент бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» жобасы – жаңа ғимараттар мен нысандар салу емес, елді мекендердің келбетін жаңартып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды міндет. Оның аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық кәсіпкерлікті қолдау және ұлттық экономиканың әлеуетін нығайту мәселелері өзекті болмақ. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарының нәтижесі әрбір азаматтың күнделікті өмірінен көрініс тауып, ауыл мен қала тұрғындарына ортақ игілікке айналса болғаны.

Жаңа нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіс

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту ба­ғытында ауқым­ды жұмыстар атқа­рыл­ды. Осы кезеңде 1 342 мектеп, 1 483 ба­ла­бақша, 1 259 медициналық ме­кеме, 536 спорт және 312 мәдениет нысаны са­лынды. Әсіре­се, білім беру мен ден­сау­лық сақтау сала­сындағы құрылыс қар­қыны жоғары болды. Жаңа нысандардың бой көтеруі халыққа көрсетілетін әлеу­мет­тік қызметтердің қолжетімділігін арт­­тырып, өңірлердегі инфрақұры­лым­дық мәсе­ле­лер­ді шешуге ықпал етті. Енді бұл жұмыстар «Ха­лықтық құрылыс» жо­басы аясында жалғасын таба­ды. 

Мемлекет басшысы Жолдауда ал­ды­мен әр облыстың денсаулық сақ­тау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелеріне деген нақты қажеттілігін анық­тап, құрылыс жоспарын соған сәй­кес әзірлеу туралы нақты тапсырма бер­ді. Өйткені жаңа мектеп салынса, ба­ла­ның білім алуына мүмкіндік кеңейеді, ау­рухана бой көтерсе, тұрғынның ме­ди­циналық көмекке қол жеткізуі жеңіл­дей­ді, ал спорт кешені ашылса, жас ұрпақтың салауатты өмір салтына бейімделуіне жол ашылады. 

Жобаның бастапқы кезеңінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сон­дай-ақ білім беру, спорт және мәдениет са­лаларында 50 нысанның құрылысын бастау көзделген. Олардың қатарында перзентханалар, көпбейінді ауруханалар, жедел медициналық жәрдем стансалары, ерекше қажеттілігі бар балаларға арнал­ған оңалту орталықтары бар. Бұған қоса, өңірлерде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтермек.

Әсіресе, денсаулық сақтау саласын­да­ғы құрылыс жұмыстарының әлеу­мет­тік салмағы айрықша. Қаладағы ауру­ха­на­ға жету үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр ауыл тұрғынына аудандық емхананың жаңаруының өзі үлкен жеңілдік. Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған пе­ринаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының салынуы да меди­ци­на­лық қызметтің қолжетімділігін кеңей­туге мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңа ғи­марат тұрғызумен қатар, оны заманауи құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз ету, бі­лікті мамандармен жасақтау мәселесі де қатар шешілуі қажет.

Ал білім беру саласындағы құрылыс жұ­мыстарын ел болашағына салынған ин­вестиция деп бағаласақ артық етпейді. Халық санының өсуі, ішкі көші-қонның кү­шеюі, жаңа шағынаудандардың пайда болуы мектептер мен балабақшаларға де­ген сұранысты арттырып отыр. Сон­дықтан білім нысандарын жоспарлау ке­зінде тек бүгінгі қажеттілік емес, ал­дағы жылдардағы демографиялық өз­геріс­тер де ескерілсе жөн болар еді. 
Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен ин­же­нерлік желілер. Жайлы баспана бол­ғанымен, ауызсу, жылу, электр қуаты мен газ мәселесі шешілмесе, тұрғындардың тұр­мыс сапасы толық жақсармайды. Сол се­бепті елді мекендердегі су құбырларын, кә­різ жүйелерін, жылу және электр же­лі­лерін жаңарту құрылыс бағдар­ла­ма­сы­ның ажырамас бөлігіне айналмақ. Сапа­лы жол мен көлік қатынасы да осы қа­тар­да. 

Ең бастысы, аталған нысандардың қай жерде салынатыны халықтың нақты сұранысымен айқындалғаны абзал. Мә­селен, бір өңірге мектеп қажет болса, екін­шісіне медициналық мекеме, үшін­ші­сіне ауызсу желісі немесе спорт кешені ке­рек болуы мүмкін. Әр аймақтың ерек­ше­лігін ескеріп, қаржыны ең өзекті мә­се­лелерге бағыттау ғана «Халықтық құ­рылыс» жобасының атауына лайық нә­ти­же береді.

Отандық өндіріс құрылысқа тірек бола ала ма?

Ауқымды құрылыс жұмыстарының ар­тында цемент, кірпіш, бетон, металл, шы­ны, жылу оқшаулағыш материалдар, есік-терезе мен инженерлік жабдықтар өн­діретін тұтас өнеркәсіп саласы тұр. Де­мек, «Халықтық құрылыс» жобасы отан­дық өндірістің өрісін кеңейтуге де жол аша алады.

Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі өз елімізде өндірілсе, оған жұм­салған қаржы да ұлттық экономи­ка­ның игілігіне қызмет етеді. Жергілікті кә­сіпорындардың тапсырысы көбейіп, өн­діріс көлемі артады, жаңа жұмыс орын­­­­­дары ашылады. Мұның бәрі ел эко­номикасының нығаюына ықпал етеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Жол­дау­да Ұлттық қордан бөлінген қаржының им­порттық өнім сатып алуға жұмсалуына жол беруге болмайтынын қадап айтты. 

«Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бас­та­маларға қажетті құрылыс ма­те­риал­да­рын, металл конструкцияларын, ин­же­нер­лік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құры­лыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын. Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бір қуантарлығы, елімізде құрылыс индустриясының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. QazIndustry мә­лі­ме­тін­ше, 2025 жылы Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1 трлн 734,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 29,8 пайызға өскен. Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігінің дерегіне қарағанда, отан­дық кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұра­ныстың 73 пайызын өтеп отыр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 67 пайыз болған.

Бүгінде елімізде цемент, бетон, те­мір­бетон бұйымдары, металл кон­струкциялары, гипсокартон және бас­қа да құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпорындар аз емес. Бұған қоса, өндіріс орын­дарын көбейтіп, шетелден тасы­мал­данатын тауарлардың үлесін азайтуға ба­ғытталған жаңа жобалар қолға алыну­да. Өнеркәсіп және құрылыс министр­лі­гі­нің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін құрылыс материалдарын өндіруге қа­тысты 45 жаңа жобаны іске қосу жос­пар­ланған. Бұл өндіріс көлемін артты­рып қана қоймай, өңірлердің де тыны­сын аша түспек.
Алайда қол жеткен жетістіктерге қа­ра­мастан, шешімін күткен мәселелер де бар. Ең алдымен, құрылыс қарқыны күрт артқан жағдайда отандық кәсіп­орындар қажетті сұраныстың бәрін дер кезінде өтей ала ма деген сауал туындай­ды. Өйткені бір мезетте бірнеше өңірде тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен ірі инфрақұрылымдық нысандар са­лына бастаса, құрылыс материал­да­рына деген қажеттілік те еселеп өседі. Мұн­дай жағдайда өндіріс қуаты жет­кі­лік­сіз кәсіпорындар барлық тапсырысты уа­қытында орындауға үлгермеуі мүмкін. Әсіресе, күрделі инженерлік жабдықтар, ар­найы болат түрлері, лифт жүйелері мен жоғары технологиялық құрылғылар бойынша шетелдік өнімге тәуелділік әлі де жоғары. Бұған қоса, өндірісті кеңей­туге қажетті қаржы, шикізат пен тасымал шы­ғыны, білікті жұмыс күшінің тап­шы­лы­ғы да саланың дамуына салмақ тү­сіре­ді. Сұраныс күрт артқан тұста материал же­тіспей, баға шарықтаса, бұл құрылыс құ­нына да, нысандарды белгіленген мер­зім­де аяқтауға да кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан құрылыс басталғаннан кейін тапшылықтың алдын алуға тырысқаннан гөрі, қажетті материал­дар­дың көлемін алдын ала есептеп, кәсіп­орындардың өндірістік қуатын соған сай бейімдеген әлдеқайда тиімді. Ол үшін өндірушілермен ұзақмерзімді келісімдер жасасып, өндірісті кеңейтуге жағдай туғызу, шикізат жеткізу мен тасымал мә­селесін алдын ала пысықтау қажет. Отан­дық өнімді қолдаймыз деп нарық­тағы бәсекені де шектемеу керек. Құры­лыс компанияларында өнім таңдау мүм­кіндігі сақталып, жергілікті тауар са­пасы мен бағасы жағынан да шетелдік бал­амалармен бәсекелесе алуы маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құры­лыс» жобасы отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндікке айналуы тиіс. Құрылыс материалдарын ел ішінен са­тып алып жеткізу уақытын қысқартып, тасымал шығынын азайтады. Тұрақты тапсырыс алған кәсіпорындар өндірісін кеңейтіп, жаңа технологияларды игеруге ұмтылады. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, құры­лыс­қа бөлінген қаржының игілігі ел ішін­де қалады.

Әйтсе де, отандық өнімді қолдаймыз деп сапаға қойылатын талапты босаң­сытуға болмайды. Әсіресе, мектептер, ауру­ханалар мен тұрғын үйлердің құры­лысына пайдаланылатын материалдар берік, қауіпсіз әрі экологиялық талап­тар­ға сай болуы керек. Сондықтан жергілікті өндірісті өркендету өнім сапасын қатаң бақылаумен, зертханалық сынақтармен және жаңа технологияларды енгізумен қа­тар жүруі қажет. 

Құрылыс қарқыны артса, оған қажетті жұмыс күші жеткілікті ме?

«Халықтық құрылыс» жобасының тағы бір маңызды нәтижесі – халықты жұ­мыспен қамту. Құрылыс алаңында тек кірпіш қалаушы, дәнекерлеуші немесе кран жүргізушісі ғана еңбек етпейді. Жо­баны жоспарлаудан бастап, нысанды пай­далануға беруге дейін сәулетшілер, ин­женерлер, жобалаушылар, құры­лыс­шылар, электр мамандары, сантехниктер, жүргізушілер, логистер мен техникалық бақылау қызметкерлері жұмылдыры­ла­ды. Ал құрылыс материалдарын шы­ға­ра­тын кәсіпорындарда, тасымал және қыз­мет көрсету салаларында қосымша жұ­ыс күшіне сұраныс туады. Демек, бір құ­ры­лыс жобасының айналасында бір­не­ше саланы қамтитын тұтас еңбек на­ры­­ғы қалыптасады.

Президент Жолдауында «Халықтық құрылыс» жобасының жүз мыңдаған адам­ды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бере­тіні айтылды. Әсіресе, өңірлерде құры­­лыс жұмыстарының жандануы жер­гілікті тұрғындарға жаңа кәсіп меңгеріп, тұрақты табыс табуға жол ашады. Жаңа мек­теп салынған жерде құрылысшылар ғана емес, кейін мұғалімдер мен техни­ка­лық қызметкерлерге де сұраныс туын­дай­ды. Аурухана пайдалануға берілсе, дәрі­герлер, медбикелер, зертхана маман­дары мен өзге де қызметкерлер жұмысқа орналасады. Яғни, жаңа нысанның игі­лігі оның құрылысы аяқталғаннан кейін де жалғасып, жергілікті халыққа жаңа мүм­кіндіктер ұсынады.

Айта кететін бір жайт, құрылыс қар­қы­­нының артуы жұмыс күшіне деген сұра­нысты күрт көбейтеді. Құрылыс са­ла­сына бетоншылар, тас қалаушылар, дәнекерлеушілер, электриктер, сан­тех­никтер, инженерлер мен техникалық қа­да­ғалау мамандары қажет. Бірақ еңбек на­рығы мұндай сұранысты бірден өтей ала ма?! Әсіресе, құрылыс нысандары қа­­тар жүріп жатқан өңірлерде білікті жұ­мысшылардың тапшылығы сезіліп, олар­дың бір аймақтан екіншісіне ауы­суы­на тура келуі ықтимал. Сондықтан құры­лыс жұмыстарының ауқымын бел­гілегенде қажетті жұмыс күшін алдын ала есептеп, кадр даярлау ісін соған сай ұйым­дастыру маңызды.

Сонымен бірге құрылыс саласында бі­лікті мамандар даярлау мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Қазіргі құрылыс бұрынғыдай тек қол еңбегіне сүйенбейді. Жобалау, есептеу, құрылыс сапасын ба­қылау, энергия тиімділігі мен цифрлық технологияларды пайдалану арнайы білім мен кәсіби дағдыны талап етеді. Сон­дықтан техникалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымдары құрылыс ком­па­ния­ларымен тығыз байланыс орнатып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман­дықтар бойынша кадр даярлауы қажет. Жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, біліктілікті ұдайы жетілдіру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету де ай­рықша мәнге ие.

Әрине, жүз мыңдаған адамды жұ­мыспен қамту жөніндегі межеге қол жеткізу үшін жұмыс орындарының уақытша сипатын да ескерген жөн. Құры­лыс аяқталған соң кейбір қызмет түр­леріне сұраныс қайта азаятыны сөз­сіз. Мұндай жағдайда еңбекке тартылған аза­маттардың бір бөлігі қайтадан жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Сондықтан олар­дың кәсіби біліктілігін арттырып, басқа өндіріс орындарына немесе тұрақты жұ­мыс орындарына орналасуына мүм­кін­дік беретін тетіктер қарастырылуы қа­жет. Бұған қоса, жұмысшылардың жа­лақысы уақытылы төленіп, еңбек құ­қық­тары мен қауіпсіздігі толық қорғалуы тиіс. Сонда құрылыс науқаны аяқтал­ған­нан кейін де оның еңбек нарығына ти­гізген пайдасы сақталып, халықтың әл-ау­қатына оң әсер етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар