Каспий тағдыры – ортақ жауапкершілік

Каспий тағдыры –  ортақ жауапкершілік

Каспий теңізі жылдан-жылға тартылып, экологиялық тепе-теңдігін жоғалтуда. Су деңгейінің төмендеуі, жағалау аумақтарының құрғауы, балық қоры мен Каспий итбалығы санының азаюы алаңдатады. Теңіздің табиғи жүйесіне климаттың өзгеруімен қатар, адам әрекеті, өзен суларының азаюы және мұнай-газ өндірісінің әсері де салмақ түсіріп отыр. Бір кездері тұтас аймақтың тіршілік көзі болған Каспий бүгінде экологиялық дағдарыстың алдында тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түр­кі­­­менстанда өткен бірінші Каспий эко­ло­гия­лық саммитінде Каспий теңізінің тар­тылуы экологиялық әрі ауқымды эконо­ми­ка­лық дағдарысқа айналатынын атап өтті.  

– Каспий – бірегей табиғи қазына, мил­лион­даған адамның тіршілік көзі, күллі Еу­ра­зия құрлығындағы негізгі көлік және энер­гетика торабы. Сондықтан теңіз эко­жүйе­сін сақтауға, ең алдымен, біздің мем­ле­кеттеріміз мүдделі болуы керек. Егер қа­­зір жедел әрі батыл іс-шаралар қабыл­дан­­баса, экологиялық жағдай күрт нашар­лауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орна­лас­қан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қо­ғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жыл­дан 2025 жылға дейін тартылған теңіз ау­мағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Же­келеген учаскелерде су жағадан ондаған ша­қырымға дейін алыстап кеткен. Каспий­ге келіп құятын өзен суының азаюы, кли­мат­тың жылынуы, антропогендік жүкте­ме­нің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоа­луантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итба­лық­тарының ахуалы қатты алаңдатады. Соң­ғы ғасырда олардың саны 1 миллион­нан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ау­­­қымды климаттық өзгерістен бөліп қа­рау­ға болмайды. Ғалымдар ХХІ ғасырдың соңы­на қарай өңірдің кей жерлерінде тем­пе­ратура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр. Дүниежүзілік банктің ба­ға­лауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі ша­мамен 2,5 миллион адам климат фактор­лары­ның әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы ке­ме қатынасына және порт инфра­құры­лы­мына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энер­гетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен ж­ағадағы елді мекендердің орнықты да­муы­­на қатер төндіреді. 

Салдары ауыр, тіпті ауқымды эколо­гия­лық апатқа ұрындыратын күрделі эколо­гия­лық түйткіл осы аптада Құрылтай қа­быр­­ғасында көтерілді. «Әділет» партиясы фрак­циясының мүшесі Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспийді қор­ғау және дамыту жөніндегі экологиялық іс-шаралар туралы депутаттық сауал жол­да­ды. 

– Кейінгі 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы километрге азайды.  Тар­тыл­ған Солтүстік Каспийде шаңды дауыл­дар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» бо­лып түсуде. Осыған байланысты Арал тә­­жірибесі негізінде кепкен аумақтарға фи­томелиоранттар егу қажет. Әлихан Бө­­кей­хан атындағы институт Атырау өңірін шаң­ды дауылдардан қорғау жобаларын әзір­леу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Әзірге қаржыландыру мәселесі қарал­ма­ған. 

Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Алай­да оның биологиялық алуан түрлілігі апат­ты деңгейге түсті. Теңіздің қазақ­стан­дық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 мил­лион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін тү­с­іп, әлеуеті 99,4 пайызға азайған. Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы 20 ғасыр ба­сындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қыс­қарды. Бұған браконьерлікпен қатар ше­льфтегі көмірсутектерді кең көлемде өн­діру де әсер етуде. Өкінішке қарай, бүгін­де Каспий Экология министрлігі үшін ба­қы­лаусыз, соқыр аймаққа айналды, – деді депу­тат. 

Халық қалаулысы теңізде ауа мен су­дың сапасын бақылайтын бірде-бір стацио­нар­лы стансаның жоқтығына алаңдау­шы­лық білдірді. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді екен. Бұл ретте «Қашаған» сияқты ірі кен орын­да­рын игеру cөзсіз, Қазақстан үшін маңыз­ды.  

– Мұнай өндіруші аралдардың айна­ла­сын­да экологиялық бақылау бекеттерін ор­нату – бүгінгі күннің талабы. Алайда елі­мізде қызмет ететін ірі табиғат пай­да­лану­шы компаниялардың экологиялық жауап­кершілігі мен сақтандыру көлемі тым мардымсыз. Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау жө­нінде жолдаған сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ. Алайда Конституция мен Экологиялық кодекске сәйкес мұндай экологиялық ақ­па­рат қоғам үшін толық ашық болуға тиіс, – де­ді депутат Арман Хайруллин. 

Еліміздің экологтары мен экологиялық сарапшыларының Каспийге қатысты пі­кір­лері әртүрлі болғанымен, олардың ортақ ұс­танымы бір: Каспийдің тартылуы тек кли­маттың өзгеруінен туындаған табиғи құ­былыс емес, оған адамның шаруашылық әре­кеті, өзен суларын шамадан тыс пай­да­лану, мұнай өндірісі мен экожүйеге түсетін антропогендік салмақ та әсер етіп отыр.

ECOJER қауымдастығы аймақтық эко­ло­гия­лық кеңесінің төрағасы Әділбек Қо­зы­бақов мұнай компаниялары жүргізетін эко­логиялық мониторингке тәуелсіз сарап­шы­лар қатысуы қажет, Каспий жағалауын­да­ғы өндірістік және тұрмыстық қалдық су­лардың теңізге төгілуіне бақылау күшей­тілуі керек, ал итбалықтардың қырылу се­­бептерін анықтау үшін жүйелі зерттеу жүр­гізілуге тиіс дейді. Экологтың пікірінше, мәселені тек экологиялық тұрғыдан емес, өңір­дің ұзақмерзімді қауіпсіздігі тұрғы­сы­нан қарастыру қажет.

«Каспий итбалықтарының тіршілігіне теңіз деңгейінің төмендеуі тікелей әсер етіп отыр» дейді Гидробиология және эко­ло­гия институтының ғылыми қызметкері, это­лог Әсел Баймұқанова. Оның зерт­теу­ле­рі­не сәйкес, жағалаудың өзгеруі мен арал­дар­дың кішіреюі итбалықтардың табиғи ме­кен ету ортасын тарылтып жатыр. Бұған қо­са балық аулау торлары мен теңіз қо­қы­сы да жануарларға қауіп төндіреді. Ға­лым­ның келтірген дерегі бойынша, 1995-2023 жыл­дары Солтүстік Каспийдің деңгейі 2,28 метр­ге төмендеген. 

Neco экологиялық клубының төрағасы, эко­лог Наурызбек Бірмағамбетовтен теңіз деңгейінің төмендеуі Каспийдің өсімдіктері мен жануарлар дүниесіне қалай әсер етіп жатқанын сұраған едік. 

– Теңіз деңгейінің төмендеуі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биоалуантүр­лі­лігін азайтады. Флора мен фауна құрамында өз­герістер болып, кейбір түрлердің орнын бас­қалары басуы мүмкін. Себебі су деңгейі­нің төмендеуі оның температуралық режи­мі­не де әсер етеді. Ал температура өзгерген кез­де белгілі бір балық түрлері өз мекенін тас­тап, олардың орнын басқа түрлер баса­ды. Өсімдіктер әлемінде де осындай өзге­ріс­­тер орын алады. Сондай-ақ теңіз дең­гейі­­нің төмендеуі жағалаудағы аумақтарға, әсі­­ресе тіршілігі теңіз суына тәуелді өсім­дік­­терге кері әсерін тигізуі мүмкін. Егер қа­­зіргі экологиялық үрдістер жалғаса бер­­се, алдағы 10-20 жылда Каспий теңі­зін­де­гі биоалуантүрлілік пен тірі орга­низм­дер­­дің саны 30 пайызға дейін азаюы мүм­кін. Теңіз суының тұздылығы артып, бұл өсім­діктер мен жануарлар дүниесінің жойылуы­на әкелуі ықтимал. Су темпера­тура­сының жоғарылауы мен оның шамадан тыс жы­лынуы да биоалуантүрліліктің тө­мен­­деуіне әсер етеді, – деп жауап берді эко­лог. 

Құрылтай қабырғасында Каспий мәсе­ле­сін көтерген «Әділет» партиясы фракция­сы­ның мүшесі Арман Хайруллин Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен 2024 жылы құ­рылған «Каспий теңізі» ҒЗИ қаржылық қиын­дыққа тап болып отырғанын атап өтті. Депутат институтқа Каспийдің эколо­гия­лық сезімталдылық картасын әзірлеп, өз қызметін сапалы жүргізіп отыруы қажет еке­нін еске салды. 

– Жұмысты қазірден бастау үшін Сол­түс­тік Каспийде фитомелиорация арқылы шаң­ды дауылдардан қорғау жобаларын әзір­леп, әрі қарай жүзеге асыруды қар­жы­лан­дыру керек. Каспий теңізінде кен орын­дары айналасында мемлекеттік стацио­нар­лы бақылау бекеттерін орнату бағдар­ла­ма­сын әзірлеу қажет. Ірі компаниялардың эко­­­логиялық сақтандыру сомаларын ха­лық­аралық стандартқа сәйкестендіріп, эко­логиялық  ақпарат ашықтығын қамта­ма­сыз ету өте маңызды, – деді Арман Хайрул­лин. 

Депутат сондай-ақ 2027-2029 жылдарға ар­­налған Республикалық бюджеттен «Кас­пий теңізі» ҒЗИ-ын тұрақты және тиісті дең­гейде қаржыландыруды ұсынды. 

Каспийдің тағдыры – бүгінгі күннің ға­на емес, келер ұрпақтың да мәселесі. Теңіз­дің тартылуы мен экожүйедегі өзге­ріс­терді тоқтату үшін жекелеген іс-шаралар жет­кіліксіз. Бұл бағытта Каспий маңы мем­­­­лекеттерінің бірлескен әрекеті, ғылыми зерт­теулерді қолдау, экологиялық мони­торинг­ті күшейту және мұнай-газ компа­ния­ларының жауапкершілігін арттыру маңызды. Әсіресе теңіздегі өзгерістерді дер ке­зінде анықтап, олардың алдын алуға мүм­кіндік беретін тұрақты бақылау жүйе­сін қалыптастыру қажет. Өйткені Каспийді сақ­тау – оның табиғи байлығын ғана емес, тұ­тас өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен эко­номикалық тұрақтылығын қорғау.

Арайлым БИМЕНДИЕВА
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар