Цифрлық еңбек нарығына бірыңғай құқықтық талап қажет

/
Цифрлық еңбек нарығына бірыңғай құқықтық талап қажет
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Цифрлық платформалар арқылы табыс табатын азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, платформалар мен орындаушылар арасындағы жауапкершілікті айқындау, техникалық ақаулар кезінде азаматтардың мүдделерін қамтамасыз ету. Осы және өзге де мәселелер «Әділет» партиясы алаңында ұйымдастырылған «Платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халықтық цифрлық эконо­ми­каны қалыптастыру қажет екенін атап өтіп, Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұ­мыспен қамтудың оңайлатылған құ­қық­тық режимін қалыптастыруды тапсырды. Бұл ретте азаматтардың цифрлық плат­фор­малар мен сервистер арқылы заңды та­быс табуына жағдай жасауға ерекше на­зар аударылды.

Президент айқындаған осы міндеттер «Әділет» партиясының сайлауалды бағ­дар­ламасындағы басымдықтармен үндеседі. Бағ­дарламада цифрлық платформалар ар­­қылы жұмыс істейтін азаматтардың ең­бек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, олар­дың табысы мен платформалық ко­миссиялардың ашықтығын қамтамасыз ету, платформалар мен орындаушылардың жауап­кершілігін нақтылау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту көзделген. Осыған бай­ланысты партия ұйымдастырған дөң­гелек үстелде аталған міндеттерді іске асыру­дың құқықтық тетіктері талқыланды.

Жиында сөз алған «Әділет» партиясы тө­ра­ғасының орынбасары Нұрсұлтан Бай­тілесов Президент азаматтардың тұрғы­лық­ты жеріне қарамастан, заңды табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында кә­сіпкерлікті мемлекеттік қолдау іс-шара­ла­рын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкін­дік­тері­мен ұштастыру қажет екенін атап өт­кенін ес­ке салды. Сондай-ақ ол әлеуметтік кепіл­діктер мен азаматтардың табысын қорғау ісіне тоқталды.

– Платформа арқылы жұмыс істейтін аза­­маттар да зейнетақы, әлеуметтік және ме­дициналық сақтандыру жүйесінен тыс қал­мауы керек. Бұл ретте платформа мен орын­даушының міндеттемелерін нақты ай­қын­дап, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асы­ру­дың түсінікті әрі әділ тәртібін бел­гі­леу маңызды, – деді ол.

Бұл мәселенің ауқымына тоқталған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаевтың ай­туын­ша, бүгінде Қазақстанда 1 миллионға жуық азамат платформалар арқылы жұмыс істейді. Олардың құқығын қорғауға бағыт­талған жаңа қағидалар әзірленген. Онда орындаушыларға табысы мен ұсталған тө­лемдер туралы толық ақпарат беру, дер­бес деректерін қорғау және құқықтары бұ­­зылған жағдайда платформа опера­то­рына, мемлекеттік органға немесе сотқа жү­гіну мүмкіндігін қарастыру көзделген.

– Біздің басты міндетіміз – азамат­тар­дың платформалар арқылы еркін әрі икем­ді жұмыс істеу мүмкіндігін сақтай отырып, олар­дың әлеуметтік және еңбек құқықта­рын қорғауды қамтамасыз ету. Осы бағытта мемлекеттік органдардың өзара іс-қимы­лын жетілдіру және платформалық жұмыс­пен қамтуды реттейтін тетіктерді нақтылау жұмысы жалғасуда, – деді Эльдар Күзенбаев.

Платформалық жұмыспен қамтылған аза­маттардың құқықтық мәртебесін ғы­лыми тұрғыдан қарастырған Maqsut Narikbayev University Құқық жоғары мектебінің Жеке құқық департаментінің қауымдас­тырылған профессоры,  PhD Мүслим Хасе­нов цифрлық платформалардағы алго­ритм­дер орындаушылардың қызметін ба­қы­лау және басқару функцияларын атқара ала­тынын атап өтті.

– Платформада тікелей басшының бол­мауы бақылаудың жоқ екенін білдірмейді. Тапсырыстарды бөлу, рейтингтерді қалып­тастыру және аккаунттарды бұғаттау ар­қылы алгоритмдер де басқару функция­сын атқара алады, – деді ол.

Алгоритмдердің ашықтығын қамта­ма­сыз ету мәселесіне Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Александр Данилов назар аударды. Ол  плат­формалық жұмыскерлердің еңбек құ­қықтарын қорғау және кәсіби дамуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Сондай-ақ платформалық жұмыспен қамту мен дәс­түрлі бизнес арасындағы салықтық тең­герімді сақтап, еңбек қатынастарын жа­сыру тәуекелдеріне жол бермеу керек еке­нін атап өтті.

Еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір қырына тоқталған Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек платформалық жұмыс­пен қамтылған жастардың еңбек қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер мә­се­лесін реттеу және кәмелетке толмаған­дардың жұмыс уақытына қатысты заң та­лаптарының сақталуын бақылауды кү­шейту қажет екенін атап өтті.

Қауіпсіздік мәселесі такси агрегатор­лары­ның қызметіне қатысты да көтерілді. ҚР Бас прокуратурасы Қаржы департамен­тінің директоры Ілияс Испанов жүргізу­ші­лердің заң талаптарына сәйкестігін ба­қы­лау жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, Бас прокуратура inDrive және Яндекс платформаларымен бірлесіп, кейінгі үш-төрт айда жүргізушілердің заң та­лаптарына сәйкестігін тексеріп келеді. Нәтижесінде, inDrive платформасында көлік басқару құқығынан айырылған 4 602 адам, ал Яндекс платформасында 1 331 адам анықталған. Сонымен қатар іздеуде жүр­ген азаматтар мен медициналық қарсы кө­р­сетілімдері бар адамдарға қатысты да бірқатар сәйкессіздіктер тіркелген.

– Сондықтан платформалармен ақ­па­рат­тық жүйелерді интеграциялау арқылы жүргізушілердің көлік басқару құқығын, медициналық шектеулерін және басқа да заң талаптарына сәйкестігін бақылау тетік­терін жетілдіру керек, – деді Ілияс Испанов.

Әкімшілік талаптарды жеңілдету мәсе­лесін таксопарктер мен курьерлік қызмет­тер қауымдастығының төрағасы Мейрам­бек Абилкасов көтерді. Ол өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған жүргізушілер мен курьерлер үшін орындалған жұмыстар актілерін (АВР) рәсімдеу талабын алып тастап, шы­ғын­дарды фискалдық чектер негізінде есеп­ке алуды ұсынды. Сондай-ақ табыстың мау­сымдық ерекшелігін ескеріп, табыс ли­митін айлықтан жылдық есептеуге көшіру бастамасын қолдады.

Салықтық реттеуді жетілдіру мәселесіне Yandex Qazaqstan компаниялар тобының басқарушы директоры Сұлтан Миржанов тоқталды. Ол салықтық кедергілерді азайту, жеңілдетілген қаржыландыруға қолже­тім­ділікті кеңейту және платформалық жұ­мыс­керлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ар­налған оқыту бағдарламаларын дамыту жө­нінде ұсыныстар білдірді.

Платформалардың техникалық тұрақ­ты­лығы мен орындаушылардың табысын қор­ғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұған дейін Құрылтай депутаты Гүлзира Ата­баева депутаттық сауалында Yandex Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан жүр­гізушілер мен курьерлердің тапсырыс қабылдау, табыс табу және қаражатын шы­ғарып алу кезінде қиындықтарға тап бол­ғанын атап өткен еді. Бұл жағдай техни­ка­лық іркілістер кезінде платформалар мен орын­даушылардың жауапкершілігін нақ­тылау қажет екенін көрсетті.

Жүргізушілердің күнделікті еңбек жағ­дайына қатысты таксопарк басшысы әрі так­си жүргізушісі Ақгүл Шарипова медици­на­лық сақтандыру мен зейнетақы төлем­дерін жетілдіру, платформалық комиссия­лар­ды төмендету, еңбек демалысы мен дек­реттік төлемдерді қарастыру қажет еке­нін жеткізді. Сондай-ақ жүргізушілер кә­сіподағын құруды және қауіпті тапсы­рыс­тардан бас тартқан жағдайда жүргізу­ші­лердің рейтингін төмендетпеуді ұсынды.

Жиында көтерілген мәселелерді заң­намалық тұрғыдан одан әрі пысықтауға қа­тысты «Әділетті орта» үйлестіру-талдау ор­та­лығының жетекшісі Абзал Құспан ор­талықтың платформалық жұмыспен қамту са­ласындағы жүйелі мәселелерді шешуге жә­не қажетті заңнамалық өзгерістерді қа­былдауға дейін осы бағыттағы жұмысты сүйе­мелдеуге дайын екенін атап өтті.

Отырысты қорытындылаған «Әділет» пар­тиясы төрағасының орынбасары Нұр­сұлтан Байтілесов алдағы жұмыстың үш басым бағытын – платформалық жұмыспен қам­тылған азаматтардың құқықтық мәр­тебесін айқындауды, әлеуметтік қорғау те­тік­терін жетілдіруді және цифрлық плат­формалардың жауапкершілігін нақтылауды белгіледі.

Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева­ның айтуынша, жиында айтылған ұсы­ныс­тар мемлекеттік органдардың, бизнес өкіл­дері мен сарапшылардың қатысуымен пы­сықталып, нақты заңнамалық өзгерістер әзір­леу барысында ескерілетін болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар