Білім экономикасы – Қазақстанның конституциялық міндеттемесі

Білім экономикасы –  Қазақстанның конституциялық міндеттемесі
Ақорда

Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім беру саласының жетекші сарапшылары бас қосқан алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқылануда. 

– Осы алқалы жиында халықаралық ғы­лыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты тал­қыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақы­рып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр за­ман­да әлемдік университеттер қауым­дас­тығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұс­та­нымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни ғы­лым өкілдерінің халықаралық шие­ле­ністердің азаюына қосатын үлесі өте маңыз­ды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жо­­­­лына және басқа да өзекті мәселелерге қа­­тыст­ы құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар ай­тылып жатыр. Мұның бәрі де отандық жә­не шетелдік жоғары білім саласының әле­уе­тін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз, – деді Президент. 

Ғылым-білімдегі әр жетістігімізді кәдеге жаратуымыз керек

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның барша адамзатқа ортақ игілік екенін айта келе, отан­дық және шетелдік жоғары оқу орын­да­рының стратегиялық серіктестігі жаңа та­ри­хи өрлеу дәуіріне қадам басқан Қазақ­стан­ның зияткерлік әлеуетін арттыруға қуат­ты серпін беретінін жеткізді. Мемлекет бас­шысы Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қар­саңын­да елімізде жүзеге асырылып жатқан тү­бе­гейлі реформалар мен жасанды интел­лект дәуіріндегі білім-ғылымның страте­гия­лық маңызына ерекше тоқталды. 

– Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ор­тақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет бол­ғанына – 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуел­сіз­ді­гі­міздің мерейлі межесіне халықаралық бе­делі биік, экономикалық әлеуеті зор, бо­ла­шағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бас­тап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойын­далған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көп­те­ген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұр­ты­мыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз ны­ғайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өр­кениетіміз қайта жаңғырды. Кейінгі жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды рефор­ма­лар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұ­рын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзге­ріс­­тер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қо­ға­м­ның болмысына оң ықпал етуде десек, ар­тық болмас, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституцияда елі­міз­дің мақсат-мұраты мен болашақтағы бей­несі айқын көрініс тапқанын, түбегейлі ре­ф­ормалар жүргізу арқылы Қазақстан жаңа та­рихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам басқанын ерек­ше атап өтті. 

– Түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық са­­ласында жүргізілетін болды. Аза­мат­тары­мыз қазірдің өзінде реформалардың оң ық­палына, игілігіне көз жеткізді. Қазақстан реформаларының ерекшелігі, бұл – алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ішкі «темірдей» логиканың болуы, яғни нақты тәртіп пен сабақтастықтың сақталуы. Себебі ау­қымды өзгерістер мен үстірт көзқарас еш­қашан бірге жүрмейді, бір-біріне кедергі бо­лады. Бұл – заңды нәрсе. Осылайша, тү­бе­гейлі реформалар жүргізу арқылы Қазақстан жа­ңа тарихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам бас-ты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Биыл еліміздің ЖІӨ 398 миллиард доллар болады

Мемлекет басшысы еліміздің кейінгі жыл­дардағы әлеуметтік-экономикалық же­тістіктеріне тоқталды.

– Халықаралық валюта қоры ұсынған бол­жамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өні­мі 398 миллиард доллар болады. Ал осы­дан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 181 мил­лиард доллардың шамасында болды. 2019 жылдан бері экономикамызға 155 мил­лиард доллар шетел инвестициясы тар­тыл­ды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 мил­лиард долларға жуықтады. Алтын-валюта ре­зерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллар­дан асты. «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ла­масы аясында 7 миллионнан астам бала­ның жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар ау­дарылды. Бұл қазіргі буын өкілдерінің өс­келең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қо­сып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық бо­ларына күмән жоқ. Қазақстанда ақысыз ме­дициналық көмектің кепілдік берілген кө­лемі нақты бекітілген. Соған сәйкес аза­маттарымызға 1 мыңнан астам медициналық қыз­мет көрсетіледі. Елімізде әлеуметтік жа­ғы­нан осал топтағы адамдарға берілетін жәр­демақының 39 түрі бар, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы кейінгі жеті жылда 625 орта және ірі өндіріс орны ашылып, 3,6 мил­лион адам жұмыспен қамтылғанын, 118 мил­лион шаршы метр тұрғын үй бой көтер­генін атап өтті. Сонымен қатар 36 мың ша­қырым автокөлік жолы және 5 мың ша­қы­рым теміржол салынып, жөнделген. Ары қарай алдағы жылдары да тұтас ел аумағында көп­теген балабақша, мектеп, емхана, спорт ке­шені, оңалту мекемесі, жастарға арналған шығармашылық орталығы, театр, әуежай, вокзал, жол және басқа да маңызды нысан салынады. 

«Халықтық құрылыс» – мазмұны кең нағыз халықтық жоба

Мемлекет басшысы барша жұртқа ар­нал­ған нағыз халықтық жоба –«Халықтық құ­рылыс» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Оның пайымдауынша, «Халықтық құ­рылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әр­бір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. 

– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір ме­зетте бүкіл аймақты, барлық саланы қам­титын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соң­ды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіп­кер­лікті дамытып, экономиканы өркендетуге ай­рықша серпін бермек. Қысқаша айтқанда, бұл – «барша жұртымызға арналған нағыз ха­лықтық жоба, яғни кең ауқымды құры­лыс». Себебі «Халықтық құрылыс» кезінде са­лынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұр­тымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүм­кін­діктер пайда болады. Жұмыс орындары ашы­лады. Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құ­рылыс» қағидаты Қазақстанның жал­пыұлт­тық ұранына айналады. Бағдарлама ая­сында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, де­рек­терді өңдеу орталықтары салынады, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты

Жиын барысында Мемлекет басшысы отандық ЖОО-лар туралы өз ойын ортаға сал­ды. 

– Жоғары білім беру жүйесіндегі ха­лық­аралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми бай­ланысты тереңдету – қазіргі заман тала­бы. Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қа­зақстанда осы саладағы халықаралық стра­тегиялық серіктестік туралы 40 келісім іс­ке асырылып жатыр. Елімізде 11 мемле­кет­тің жетекші университеттері өз филиал­да­рын ашты. Осы білім ордаларында 12 мың­нан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мың­ға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұ­хиты аймағындағы Токио конвенция­лары­на қосылған. Президент бұл жетістіктің артында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түйме­баевтың еңбегі жатқанын ықыласпен атап өтті. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды. Со­ны­мен қатар қазір Қазақстанда білім ал­ғысы келетін шетел жастарының саны да кө­бейіп жатыр.

– Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден кел­ген 31 мың студент оқып жатқанын айт­қан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жет­ті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қа­зақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қа­зақстанда білім ал!» деген ұлттық бас­та­мамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін, – деді Президент.

Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру

Қазақстан адами капитал мен инно­вация­ны дамытуға стратегиялық таңдау жа­сады. Мәселен, 18 университет биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Со­ны­мен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рей­тингіне қосылды.

– 2026 жылғы Жаһандық инновация ин­дек­сінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жо­ғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді. Алайда жаһандық бәсе­ке­лестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салу­ға болмайды. Қазақстан жоғары білімнің, ғы­лымның және халықаралық академиялық ын­тымақтастықтың өңірлік орталығы ретін­де­гі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көз­дейді. Біздің стратегиялық мақсатымыз – елі­мізді Орталық Азиядағы академиялық хаб­қа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсі­ресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бө­лігі болу. Ғылым мен білімде жаттандылыққа, фор­мализмге жол беруге, сайып келгенде, өзің­ді алдауға болмайды, – деді Президент. 

Еліміз әлемнің жетекші оқу орындарымен же­місті серіктестік орнатып, көптеген шетел­дік университеттің филиалдарын ашты. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инф­ра­құры­лымды жаңғырту басталды. М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінің фи­лиалы ұзақ жыл бойы жемісті жұмыс істеп ке­леді.

Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ал­ғашқы түлектері қазақстандық және амери­ка­лық университеттердің қос дипломын алды. 

– М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақ­стан университеті мен Аризона универ­сите­тінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зерт­ха­на корпусы мен жатақхана бой көтерді. Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған ал­ғаш­қы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл – британиялық жоғары оқу орнының ал­ғашқы халықаралық кампусы. Бұдан бөлек, Ко­вентри университеті, Мәскеу инженерлік фи­зика институты, Бейжің тіл және мәдениет уни­верситеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс по­литехникалық университеті сияқты оқу ор­даларына арналған кампустар салынып, кеңей­тіліп жатыр. Ірі қалаларымызда атом сала­сына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылуда. Сонымен қатар әлем­дік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қол­жетімді болуы керек деп санаймыз. Сон­дықтан шетелдік филиалдарды орна­лас­тыра­тын жерді таңдаған кезде облыстардың сала­лық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі, – деген Президент халықаралық ака­демиялық серіктестіктің мықты базасын құруға атсалысқан барша әріптестері мен дос­тарына ризашылығын білдірді. 

Жемқорлар жазадан құтылмайды

Мемлекет басшысы жемқорларға ешқан­дай аяушылық немесе рақымшылық бол­май­тынына баса назар аударды. Заң бәріне ортақ, бұл – аксиома. «Заң мен Тәртіп» – Әділетті Қа­­зақстанды құру жолындағы саяси бағы­ты­ның негізі. Ал Қазақстан Конституциясы заң үстемдігін және барлық азаматтардың заң ал­дын­дағы теңдігін бекітеді.

– Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбек­қорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қай­насып жатыр. Конституциямызда заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазу арқылы осы өзгерістердің нәтижесін бекемдей түсеміз. Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз кү­рес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұста­ны­мымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқ­орлар­ғ­а ешқандай аяушылық немесе рақым­шылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың се­німіне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі кел­­тіреді және жүргізіліп жатқан реформалар­дың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің еш­қайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сы­ты­лып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңір­ген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқор­шы­лары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бір­дей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформа­лар­ды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыз­дың үмітін ақтай аламыз, – деп қорытты ойын Президент. 

Мықты университеттер – болашақтың негізі

Президент еліміздің білім беру мен ғылым саласын жаңғыртуда халықаралық ынты­мақ­тастықтың стратегиялық маңызына ерекше тоқ­талды. Оның айтуынша, жаһандық деңгей­дегі озық тәжірибелерді енгізу үшін сенімді әріптестік орнату басты басымдыққа айналып отыр. 
Айтылған бастамалардың құрғақ сөз емес, нақты іспен дәлелденіп жатқанын көрсету мақсатында Президент отандық жоғары оқу орындарының жетістіктерін мысалға келтірді. Атап айтқанда, өңірлік техникалық білім ордасының әлеуетін жоғары бағалады. 

– Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің тәжірибесі – ортақ міндеттерді орындап, елеулі нәтижеге қол жеткізуге болатынына айқын дәлел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сөзін нақты деректермен сабақтаған Мем­лекет басшысы шетелдік серіктестермен бір­лесе жүзеге асқан табысты жобаның геог­рафиясы кеңейіп жатқанын атап өтті. Кейін­гі жылдары қолға алынған бастама бү­гінде елі­міз­дің ірі орталықтарында жал­ға­сын табуда. 

– 2023 жылы аталған оқу орнында Тяньц­зинь кәсіби университетімен серіктестік негі­зін­де еліміздегі алғашқы Лу Бань шеберханасы ашылды. Бүгінде осындай шеберханалар Ас­та­на мен Алматы қалаларында да жұмыс істей бас­тады, – деді Президент.

Қол жеткізген нәтижелермен шектеліп қал­май, бұл модельді ұлттық экономиканың ба­сым бағыттарына бейімдеу қажеттігі алға тар­тылды. Президент заманауи технологиялар мен шикізат әлеуетін тиімді игеру үшін маман даяр­лау ісін күшейтуді тапсырды. 

– Аталған табысты тәжірибені экономика­мыз­дың игілігі үшін кеңінен таратып, инжи­ни­ринг, технология, цифрландыру және та­би­ғи ресурстар, соның ішінде сирек жер метал­дары мен аса маңызды минералдар салаларына баса мән бергеніміз жөн, – деді Мемлекет бас­шысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен өндіріс­тің өзара байланысын нығайту үшін инсти­туционалдық және экономикалық тетіктерді жетілдіру маңызды екенін жеткізді. Осы ретте инвесторлар мен серіктестердің мүддесін қор­ғайтын сенімді орта қалыптастыру міндеті қойыл­ды. 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе берілді

Еліміздің ғылыми-білім беру кеңістігін тең­герімді дамыту мәселесіне тоқталған Мем­лекет басшысы мегаполистердің зияткерлік әлеуетін арттыруға басымдық берді. Астана мен Алматының қалыптасқан тәжірибесін не­гізге ала отырып, Президент үшінші мега­по­листің жаңа стратегиялық бағытын ай­қын­дап, халықаралық әріптестік аясында атқа­ры­лып жатқан нақты жобаларды атап өтті.

– Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар. Со­ның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зият­керлік, ғылыми және мәдени орталығы бо­лып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақ­стан­дағы жетекші ұлттық университеттер ор­наласқан. Ендігі кезекте Шымкент қаласын оң­түстік аймақтағы ірі ғылым және білім ор­та­лығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдар­ла­масы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түр­кияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шым­кенттің ғылым және білім саласындағы әлеуе­тін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқы­мыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабыл­дадым, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жаңа мәртебеге ие бол­ған оқу орнының алдағы даму бағдарын бел­гілеп, оның бүкіл өңірдің ғылыми-зият­керлік локомотивіне айналуы керегін баса айт­ты. 

– Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жо­ғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші сту­дент осы университетте оқиды. Ұлттық мәр­тебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, те­рең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Мемлекет басшысы ел экономикасы мен әлеу­меттік салаларын жаңғыртуда озық тех­нологиялардың шешуші рөліне тоқталып, бұл бағыттағы кешенді институционалдық және құқықтық қадамдарды таныстырды. Сонымен қатар Президент жасанды интел­лектіні да­мытудағы Қазақстанның халық­аралық дең­гейдегі жауапты ұстанымын атап өтті. 

– Қазақстан барлық салаға жасанды ин­тел­лектіні енгізуді қолға алды. Бұл ретте ғы­лым және білім салаларына басымдық беріледі. Мен 2026 жылды «Цифрландыру және жасан­ды интеллект жылы» деп жарияладым. Қа­зақстан «Жасанды интеллект туралы» заң қа­былдады, Цифрлық кодексті бекітіп, Жа­сан­ды интеллект және цифрлық даму министр­лігін құрды. Біз Жасанды интеллектіні қауіпсіз жолмен әрі жауапкершілікпен дамытуды көз­дейтін «Вашингтон моделін» қолдадық. 

Ол БҰҰ аясында жасанды интеллектіні реттеудің жаһандық ережелерін әзірлеуге негіз болады, – деді Президент. 

Сөзін нақты ғылыми жетістіктермен сабақтаған Президент отандық ғалымдардың зияткерлік әлеуеті мен жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған бірегей білім беру жобаларына ерекше назар аударды. 

– Зерттеуші ғалымдарымыз KazLLM және AlemLLM деп аталатын ұлттық тіл модельдері­нің басты элементтерін жасап шығарды. Биыл қазан айында Qazaq AI Research University жұ­мысын бастады. Бұл – еліміздегі жасанды ин­теллект зерттеулеріне маманданған алғаш­қы білім ордасы. Сонымен қатар студенттердің ЖИ саласындағы дағдыларын қалыптастыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және DeepTech-стартаптарға қолдау көрсетуге ар­нал­ған AI-Sana бағдарламасы қолға алын
ды, – деп атап өтті. 
Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының халықаралық деңгейдегі ықпалдастығына ерекше назар аударып, әлемдік технологиялық көшбасшылармен және беделді шетелдік университеттермен орнатылған серіктестіктің нақты жемісіне тоқталды. Атап айтқанда, NVIDIA және OpenAI компанияларымен, сондай-ақ АҚШ пен Азияның маңдайалды оқу орындарымен бірлескен жобалардың отандық студенттер мен оқытушыларға ашқан тың мүмкіндіктерін, олардың ғылыми әзірлемелері экономиканың нақты секторына белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. 

– Біз NVIDIA компаниясымен жемісті ын­ты­мақтастықты жолға қойдық. Аты аңызға айналған көрнекті инженер Дженсен Хуанг мырзаға жақында Астанаға арнайы келгені үшін алғыс айтамын. OpenAI компаниясымен серіктестік нәтижесінде еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының ұстаздары ChatGPT Edu арнаулы чат-ботын еркін пайдалану мүм­кіндігіне ие болды. Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Беркли және Карнеги Меллон универси­тет­теріндегі сарапшылардың қолдауымен сту­дент­теріміз 22 мыңнан астам жобаны жасап шығарды. ЖИ-мен байланысты жүздеген шешім бизнес, денсаулық сақтау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына енгізіліп жатыр. Satbayev Technical University мен Гон­конг қалалық университеті арасындағы ын­ты­мақтастық та осы салада айтарлықтай нәти­же әкелді. Бұл ретте Нгай мырзаның жа­санды интеллект саласындағы әзірлемелерді өндіріске енгізу туралы бастамасын толық қол­даймын, – деп көзқарасын білдірді.

Форумдағы сөзін қорытындылай келе, Мем­лекет басшысы ғылым мен білімнің бүкіл адамзатқа ортақ құндылық ретіндегі жаһан­дық маңызын ерекше атап өтті. Осы орайда Қазақстанның барлық мемлекетпен зияткер­лік әріптестікті нығайтуға әрдайым ашық екенін жеткізген Президент отандық ғылым мен жоғары білім жүйесін дамытуға атсалысып жүрген университет басшыларына, ғалымдар мен ұстаздарға шынайы алғысын білдіріп, ал­дағы бірлескен жобалардың сәтті жүзеге аса­тынына сенім білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары