Түркияда жойқын құйын құрылыс алаңын қиратып, төрт адам қаза тапты

/
Түркияда жойқын құйын құрылыс алаңын қиратып, төрт адам қаза тапты
x.com/@nevzatcicek

Түркияның Анталья қаласында жойқын құйын соғып, құрылыс алаңындағы жұмысшылар орналасқан контейнерлерді қиратып кетті. Табиғи апат салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы бір жұмысшы жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 26 қазан күні кешкі уақытта Антальяның Кепез ауданындағы Февзи Чакмак шағынауданында болған. Түркияның метеорологиялық қызметі бұған дейін өңірде нөсер жауын жаууы мүмкін екенін ескертіп, сары деңгейдегі қауіп жариялаған. Алайда құрылыс алаңында күтпеген жерден күшті құйын пайда болып, жұмысшылар тұрып жатқан екі контейнерді қиратып кеткен.

Қатты желдің екпінінен контейнерлердегі бес жұмысшы жан-жаққа ұшып түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметкерлері шақырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмаған.

Бесінші жұмысшы жарақат алған. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Табиғи апат кезінде құрылыс алаңындағы мұнаралы кран да аударылып қалған. Дегенмен кранның құлауы салдарынан ешкім зардап шекпеген.

Анталья губернаторы Хулуси Шахин оқиға орнына барып, құтқару жұмыстарының барысымен танысты.

Ол мұндай табиғи құбылыстың ерекше екенін атап өтті. Губернатордың айтуынша, қаланың өзге аудандарында дәл осындай құйын немесе қатты дауыл тіркелмеген.

«Біз өте ерекше табиғи құбылысқа тап болдық. Қаланың басқа бөліктерінен дауыл немесе құйын туралы хабар түскен жоқ. Айналадағы ғимараттар зақымданбаған, бірақ дәл осы жерде құйын екі контейнерді толығымен қиратып кетті», – деді Хулуси Шахин.

Губернатор қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алған азаматтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Құтқарушылар құрылыс алаңын тексеріп, үйінділердің астында басқа адамдардың қалып қоймағанын анықтау жұмыстарын жүргізді.

Жергілікті билік өкілдері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетейік, Анталья мен Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы басқа да өңірлерінде кейде құйын тіркеледі. Алайда мұндай табиғи құбылыстардың адам өліміне әкелуі сирек кездеседі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар