Күн сайын жержаңғақ жеу есте сақтау қабілетіне жақсартуы мүмкін – ғалымдар

/
Күн сайын жержаңғақ жеу есте сақтау қабілетіне жақсартуы мүмкін – ғалымдар

Күн сайын жержаңғақ жеу егде жастағы адамдардың миына оң әсер етуі мүмкін. Нидерландтағы Маастрихт университетінің ғалымдары жержаңғақтың есте сақтау қабілетіне жауап беретін ми аймақтарының жұмысына ықпал ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Food & Function ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжірибеге 60 пен 75 жас аралығындағы 31 адам қатысқан. Олар 16 апта бойы күн сайын 60 грамм тұзсыз, қабығымен бірге қуырылған жержаңғақ жеген. Кейін ғалымдар бұл кезеңдегі көрсеткіштерді қатысушылар жержаңғақ жемеген уақыттағы нәтижелермен салыстырған.

Зерттеу барысында жержаңғақ тұтынғаннан кейін мидың оң жақ бөлігіндегі кейбір аймақтардың инсулинге реакциясы өзгергені байқалды. Олардың қатарында ақпаратты есте сақтауға және өңдеуге қатысатын гиппокамп пен оған жақын орналасқан ми құрылымдары бар.

Инсулин қандағы қант деңгейін реттеп қана қоймай, мидағы жүйке жасушаларының өзара байланысына, ақпаратты меңгеру мен есте сақтау үдерістеріне де қатысады. Жас ұлғайған сайын мидың бұл гормонға сезімталдығы төмендеуі мүмкін. Ғалымдар жержаңғақ тұтынудың осы үдеріске оң ықпал етуі ықтимал екенін айтады.

Бұған дейін осы зерттеушілер тобы жүргізген тәжірибеде 16 апта бойы жержаңғақ жеген адамдардың миындағы жалпы қан айналымы 3,6%-ға жақсарып, сөздерді есте сақтау көрсеткіші 5,8%-ға артқаны анықталған. Бұл нәтижелер 2025 жылы Clinical Nutrition журналында жарияланған.

Мамандар мұндай әсерді жержаңғақтың құрамындағы қанықпаған майлармен, өсімдік ақуызымен, дәрумендермен және басқа да пайдалы қосылыстармен байланыстырады. Әсіресе оның құрамындағы L-аргинин аминқышқылы қан тамырларының жұмысын реттеуге көмектесетін азот тотығының түзілуіне қатысады.

Дегенмен ғалымдар жержаңғақ Альцгеймер ауруының немесе деменцияның алдын алады деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді. Зерттеуге небәрі 31 адам қатысқан, ал байқалған өзгерістер ұзақ мерзімді нәтижеге кепіл бола алмайды. Сондықтан жержаңғақтың ми саулығына ықпалын нақты анықтау үшін ауқымды әрі ұзақ мерзімді зерттеулер қажет. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары