Ұшақ жолаушысының сөмкесінен табылған зат қайғылы жағдайға әкеп соға жаздады

/
Ұшақ жолаушысының сөмкесінен табылған зат қайғылы жағдайға әкеп соға жаздады
видеодан скриншот

Гонконгтен Оңтүстік Кореяның Чеджу аралына ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағында төтенше жағдай болды. Жолаушының сөмкесінде жатқан пауэрбанк қатты қызып кетіп, салдарынан әйел адам күйік алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға HK Express әуекомпаниясының UO676 рейсінде болған. Ұшақ бортында 236 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі болған. Шетелдік БАҚ мәліметінше, ұшақ Чеджу әуежайына қонуға жақындаған кезде жолаушылардың бірі орындығының астындағы сөмкесінде жатқан пауэрбанктің қатты қызып кеткенін байқаған.

Құрылғыны сөмкеден алып шықпақ болған шамамен 50 жастағы әйел сол қолының бас бармағын күйдіріп алған. Жағдайды байқаған бортсеріктер бірден қауіпсіздік шараларын қолға алды. Олар қызып кеткен құрылғыны арнайы ыстыққа төзімді өртке қарсы қапқа салып, кейін толық суыту үшін суға батырған.

Мұндай әрекет пауэрбанктің тұтануына жол бермеу және ұшақ бортындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.

Әуекомпания өкілдерінің хабарлауынша, әуе кемесі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:00 шамасында Чеджу әуежайына қауіпсіз қонған. Қонғаннан кейін зардап шеккен жолаушыны медицина қызметкерлері қарап, қажетті көмек көрсеткен. Оқиға салдарынан өзге жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ.

Айта кетейік, пауэрбанктердің ішінде литий-ионды аккумуляторлар қолданылады. Олар зақымданған, ақаулы болған немесе шамадан тыс қызған жағдайда өрт қаупін тудыруы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары