Испанияда отбасымен демалып жүрген 69 жастағы британдық турист 10 жасар немересін құтқаруға әрекеттеніп, қайғылы жағдайда көз жұмды. Қатты жел үрлемелі матраспен жүзіп жүрген қызды жағалаудан алыстатып әкеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға Испанияның Менорка аралындағы Каваллерия жағажайында болған. Британдық отбасы демалысының соңғы күнін теңіз жағасында өткізіп жатқан.
The Sun басылымының мәліметінше, 10 жастағы қыз үрлемелі матраспен суда жүрген кезде кенеттен қатты жел көтерілген. Жел матрасты жағалаудан алыстатып, баланы жартасты шығанаққа қарай алып кеткен.
Немересінің қауіпті жағдайда қалғанын көрген әжесі, атасы және анасы бірден көмекке ұмтылған. Алайда баланы құтқару әрекеті кезінде 69 жастағы әжей суға батып кеткен.
Оқиғаның ең ауыр тұсы – әйелдің отбасы мүшелерінің көз алдында су астына кеткені. Абырой болғанда, 10 жастағы қызды аман алып қалу мүмкін болды. Бірақ оны құтқаруға барған әжесінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның күйеуі әйелін судан алып шыққан. Сол сәтте оның тіршілік белгілері байқалмаған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері әйелдің жағдайын тексергенімен, оның қайтыс болғанын ғана растаған.