Үндістанда су тасқыны мен лай көшкінінен 56 адам, Непалда 14 адам қаза тапты

/
Үндістанда су тасқыны мен лай көшкінінен 56 адам, Непалда 14 адам қаза тапты
Анадолу

Қатты жаңбыр, су тасқыны және лай көшкіндері салдарынан Үндістанда 56 адам, Непалда — 14 адам қаза тапты. Непалда тағы 11 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында 25 қыркүйектен 27 қыркүйек таңына дейін 66,5 мм жауын-шашын түскен. Бұл кезеңдегі қалыпты көрсеткіш — 7,6 мм.

Құтқару қызметтері су басқан аудандарда жұмыстарын жалғастырып жатыр. Билік гуманитарлық көмек таратып, ауыл шаруашылығына келтірілген шығынды бағалауда.

Үндістанда қаза тапқан 56 адамнан бөлек, 46 адам зардап шекті, мыңнан астам үй бүлінді.

Непал билігі елдегі 77 округтің 49-ында кенеттен болатын су тасқындарының қаупі бар екенін ескертті. Олардың жартысынан көбінде ірі өзендер мен олардың салаларындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны мен сел жүру қаупі жоғары болып отыр.

Непалдың бірқатар аудандарында электрмен жабдықтау толығымен бұзылған. Рахуганга өзеніндегі су тасқыны қуаты 40 МВт болатын гидроэлектр станциясының инфрақұрылымына және электр беру желілерінің тіректеріне де зақым келтірді.

Үндістанда Орталық су комиссиясы жеті штаттағы 30 гидрологиялық бекетте жағдайдың күрделі екенін хабарлады. Ганг, Гандак, Коси, Багмати және Нармада сияқты бірнеше ірі өзендегі су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен.

Су тасқыны мен лай көшкіндері Непалдың кейбір аудандарында телекоммуникация жүйесінің жұмысына да кедергі келтірді. Бұған оптикалық-талшықты желілердің зақымдануы және электр энергиясының үзілуі себеп болған.

Сонымен қатар, Мананг солтүстік округінде биіктігі 7126 метр болатын Химлунг-Химал тауының маңындағы базалық лагерьді қар көшкіні басып қалған. Соның салдарынан жергілікті он жұмысшы із-түзсіз жоғалып кетті.

Еске салайық, Непалда 26 тамызда болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандарды еске алу үшін 7 қыркүйек ұлттық аза тұту күні деп жарияланған болатын. Мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріліп, қаза тапқандардың отбасылары дәстүрлі аза тұту рәсімдерін өткізді. Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1,4 мың адамнан асты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары