Актер, композитор әрі режиссер Рамазан Амантай сыртқы келбеті мен салмағына қатысты сын айтқандарға жауап берді. Өнер иесі көпшіліктен дене бітіміне емес, шығармашылық еңбегіне баға беруді сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында өнерге бар ғұмырын арнағанын айтып, осы уақытқа дейін 12 фильм түсіріп, 600 ән жазғанын жеткізді. Оның сөзінше, кейбір туындылары күткен нәтижеге жетпей, касса жинамаған кезде де сүйікті ісінен бас тартпаған.
"Не істейін? Өнерді тастайын ба? Мен өнерді сүйемін. Түсірген кином өтпей қалды екен деп, касса жинамады деп ешқашан өзім жақсы көретін істен бас тартпадым", – деп жазды ол.
Өнер иесі салмағы мен денсаулығы өзін де алаңдататынын жасырмады. Сонымен қатар көрерменнің әрбір пікірі мен сыны өзі үшін маңызды екенін атап өтті. Рамазан Амантай қазақ тілінде шығармашылықпен айналысуды мақтаныш санайтынын да айтты. Оның пікірінше, қазақтың өзіне тән әзілі, сөзі, әні мен өнері болуы керек.
"Жақсы шықса да, қате кетсе де, осы тіліміздің дамуына өз еңбегімді қосып жүргенімді сезінемін", – деді ол.
Актер фильмдері мен әндерін қазақ тілінде ұсынуы саналы таңдауы екенін жеткізді. Сондай-ақ өзінің негізгі көрермені мен тыңдарманы қазақтілді аудитория екенін атап өтті.
"Не айтсаңыздар да, мен сіздерді жақсы көремін. Себебі менің көрерменім де, тыңдарманым да – өздеріңіз. Менің басқа аудиториям жоқ", – деп жазды Рамазан Амантай.
Өнер иесі шығармашылықта қателік болуы мүмкін екенін мойындап, көпшіліктен өзін сыртқы келбетіне қарап бағаламауды өтінді.
"Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар. Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен", – деді ол.