Тұлға тағылымы – тарихи жад пен ұлттық мұраттың сабақтастығы. Ұлт тарихында елдің мәдени-рухани болмысына тұтас дәуірдің жүгін арқалап, кейінгі ұрпаққа өшпес із қалдырған азаматтар болады. Өзбекәлі Жәнібеков – сондай санаулы саңлақтардың бірі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биыл ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр.
Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған оңтүстіктегі мерейтойлық шаралардың Отырардан басталып, Түркістанда жалғасуының өзіндік символдық мәні бар. Өйткені оның бүкіл ғұмыры қазақтың тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық мәдениеттің жоғын түгендеуге, ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды қайта тірілтуге арналды. Айта кетейік Өзағаңның мерейтойын Торғай өңіріде атап өткен болатын.
Бұл мерейтой – өткенді еске алу ғана емес. Бұл – бүгінгі қоғамның «біз кімбіз, ұлттық мұрамызды қалай сақтаймыз, келер ұрпаққа қандай құндылық қалдырамыз?» деген сауалдарға жауап іздейтін тағылымды кезеңі.
Отырардан басталған тағылым
Ұлылардың мекені атанған Отырарда 4-ші қыркүйек күні Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығы академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ тілінің көрнекті зерттеушісі Өмірзақ Айтбаевтың 90 жылдық мерейтойымен сабақтастыра аталып өтті.
«Руханият пен тіл: Өзбекәлі Жәнібек және Өмірзақ Айтбаев тағылымы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының мамандары, қаламгерлер, ұстаздар мен жастар қатысты.
Мерейтойлық жиынның алдында қонақтар Арыстан баб, Құрбан ата және Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірзақ Айтбаев кесенелеріне зиярат жасап, құран бағыштады. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы білім ордасындағы музей экспозициясымен танысты. Мұның өзі тұлғаны ұлықтаудың мәнін айқындай түскендей.
Тұлғаның өмірін тек мінберден еске алу бір басқа, ал оның ізін басқан жерлерге барып, музейін көріп, еңбегін ғылыми тұрғыдан талқылау – мүлде бөлек дүние. Бұл – тарихты құрметтеудің нақты көрінісі.
Конференцияда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қос тұлғаның ұлттық мәдениет пен ғылымға қосқан үлесіне тоқталды.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихи сананы жаңғырту және рухани мұраны сақтау бағытындағы ұстанымдарының маңызын атап өтті.
«Өзбекәлі ағамыз – мемлекеттік қызмет саласының биік шыңы, отаншылдықтың символы және мәдениеттің шамшырағы. Ал Өмірзақ Айтбаев – қазақ тілін ғылыми түрде зерттеген ғалым әрі ғылымның шамшырағы», – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл бағалаудың астарында үлкен мән жатыр. Өйткені Өзбекәлі Жәнібеков үшін мемлекеттік қызмет пен ұлттық қызмет бір-бірінен бөлінбейтін ұғым еді.
Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай атқарылған жұмыстардың ең маңыздысының бірі – Отырар ауданындағы оның кесенесін ғылыми-реставрациялау тұлғаның тойына тарту болды десеек болады.
Түркістан төріндегі Өзағаң ізі
Өзбекәлі Жәнібековтің мерейтойлық шаралары араға көп салмай тарихи Түркістанда жалғасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Түркістан қаласы әкімдігі мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Өзбекәлі Жәнібеков және «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы» атты көрме ашылды.
Көрме экспозициясына ХХ ғасырдың 1970–1990 жылдарын қамтитын архивтік құжаттар, фотосуреттер мен тарихи-мәдени материалдар қойылды.
Олардың әрқайсысы – бір кезеңнің куәсі.
Көрме арқылы Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендірудегі тарихи еңбегі, ұлттық мұраны сақтау жолындағы айрықша ұстанымы жаңа қырынан көрсетілді.
Өзбекәлі Жәнібековтің есімі Түркістанның тағдырымен ерекше байланысты. ХХ ғасырдың күрделі кезеңінде ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи келбетін сақтау, оны қалпына келтіру, ғылыми тұрғыдан зерттеу және музейлендіру мәселесін мемлекеттік деңгейде көтерді.

1978 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде музейдің ашылуы – сол тарихи бастамалардың нақты нәтижелерінің бірі болды.
Кейін бұл жұмыс Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын тұтас қорғауға, зерттеуге және насихаттауға бағытталған «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қалыптасуына негіз болды.
Демек, бүгінгі музей-қорықтың тарихына үңілгенде, оның бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков екенін ұмытпауымыз керек.
«Мәдени майданның» алдаспаны
Түркістан қалалық мәдениет үйінде өткен «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» атты мәдени іс-шарада «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының басшысы Ерлан Дәкенов модераторлық етіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды.
Министрдің құттықтауында Өзбекәлі Жәнібеков қазақ руханиятының көрнекті қайраткері, этнограф-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде бағаланып, оның ұлттық мәдени мұра мен тарихи жадты жаңғырту жолындағы еңбегі ерекше аталған.
Құттықтауда қайраткердің күрделі кезеңдерде ұлттық сана-сезімді сақтап қалу, ана тіліміз бен төл дәстүрімізді дәріптеу жолындағы қажырлы еңбегі бүгінгі және келер ұрпақ үшін отаншылдықтың биік өнегесі екені атап көрсетіліпті.
Министр сондай-ақ Өзағаңның бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жаңғыртылып, республика бойынша көптеген музей мен театрдың іргетасы қаланғанын, Наурыз мерекесінің қайта түлеуіне, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен кәсіби өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосылғанын атап өткен.
Ия бұл жерде бір маңызды мәселе бар.

Өзбекәлі Жәнібековтің қызметін тек белгілі бір саладағы жетістіктер жиынтығы деп қарауға болмайды. Оның тарихи миссиясы – ұлттық мәдениетті мемлекеттің рухани капиталы ретінде бағалауға жол ашуында.
Ол музейді жай ғана жәдігер сақтайтын орын емес, ұлттық сананы тәрбиелейтін институт ретінде таныды.
Тарихи ескерткішті жай ғана көне құрылыс емес, халықтың жадын сақтайтын рухани құндылық деп білді.
Салт-дәстүрді өткеннің сарқыншағы емес, ұлттың өзін-өзі тануының негізі ретінде қарастырды.
«Түркістанды түлеткен тұлғалардың алғы шебінде»
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының мерейтойлық жиындағы сөзі де осы ойды тереңдете түсті.
Қала әкімі Өзбекәлі Жәнібековті «мәдени мұра майталманы», «Әз Наурызды жаңғыртушы қайраткер», «Алаш арыстарын ақтаудың басында тұрған алдаспан азамат» деп бағалады.
Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістанның бүгінгі рухани келбетін қалыптастыруда Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше.
Бұл пікірді тарихи деректер де қуаттайды.
Түркістанның басты бойтұмары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне мемлекет назарын бұру, тарихи жәдігерлердің елге қайтарылуына күш салу, соның ішінде Тайқазанды өзінің тарихи орнына қайта әкелу – ұлт тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі.
Тайқазанның Түркістанға оралуы – жай ғана жәдігердің елге қайтуы емес. Ол халықтың тарихи санасына әсер еткен, ұлттық рухты көтерген символдық оқиға болды.
Сол себепті Түркістан әкімі «Түркістанды түлеткен тұлғалардың алғы шебінде Өзбекәлі атамыздың тау тұлғасы асқақтап тұр» деген ой айтты.

Ұлтқа қызмет етудің өнегесі
Мерейтойлық жиында Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов біртуар тұлғаның мерейтойына ізгі тілегін білдіріп, Арқалық қаласы әкімінің атынан алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Сонымен қатар мерейтой мінберінде филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, этнограф-реставратор Қанат Тұяқбаев, Өзбекәлі Жәнібеков қорының президенті Әзел Жәнібекова және басқа да зиялы қауым өкілдері ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғалымдар бір мәселеге ортақ тоқталды: Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын қайраткердің әрбір қызметін, атқарған ісін тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар ол Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ ұлты үшін атқарған орасан еңбегін лайықты бағалау мақсатында алдағы 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жөнінде ұсыныс білдірді. Жиын барысында тұлға туралы 15 томдық кітаптың жарыққа шығатыны да айтылды.
Бұл ұсыныстар – мерейтойлық шаралардың белгілі бір күнмен аяқталмай, үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарына ұласуы қажеттігін көрсетеді.
Кеш соңында эстрада әншісі Жұбаныш Жексен «Арқалықтың ақ таңы» әнін орындап, мерейтойдың рухани мазмұнын өнермен сабақтастырды.
Арқалықтан Түркістанға жеткен рухани сабақтастық
Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы Отырар мен Түркістанмен ғана шектелмейді. Оның Арқалықтағы қызметі де ұлттық мәдениеттің дамуына айрықша із қалдырды.
Торғай өңіріне зиялы қауым өкілдерін шақырып, мәдени ортаның қалыптасуына ықпал еткен қайраткердің бастамалары ел есінде.
Сол кезеңдегі рухани кездесулердің бірі Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың шығармашылық сапарымен байланысты. Торғай даласынан шабыт алған қос таланттың «Арқалықтың ақ таңы» әні кейін бүкіл қазаққа кең тарады.
Мерейтой аясында Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының осы аттас театрландырылған қойылымын Түркістан драма театрының сахнасына алып келуі де кездейсоқ емес.
Бұл – Арқалық пен Түркістанды жалғаған рухани көпір.
Бұл – бір тұлғаның артында қалған мәдени мұраның әр өңірді біріктіретін қуатты күш екенін көрсететін символдық көрініс.
Сондықтан мерейтойлық шаралар Түркістан музыкалық драма театрындағы осы аттас қойылыммен жалғасты.

Өзағаң аманаты – бүгінгі ұрпаққа міндет
Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған шараларға қарап отырып, ең алдымен бір ойға тоқталасың.
Өзағаңның өмірлік ұстанымы – ұлттық тарихи жадты сақтау, мәдени мұраны көздің қарашығындай қорғау, ұлттың рухани құндылықтарын кейінгі ұрпаққа жеткізу еді.
Бүгін оның кесенесінің ғылыми негізде қалпына келтірілуі, Түркістанда архивтік құжаттар мен тарихи материалдардың көрмеге қойылуы, ғалымдардың мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге шақыруы, жастардың тұлға тағылымына қызығушылығы – сол аманаттың жалғасып жатқанын аңғартады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да осы сабақтастықтың нақты көрінісі.
Министрдің құттықтауында айтылғандай, мұндай мазмұнды іс-шаралар мәдени саясатты нығайтып қана қоймай, тарихи мұраны сақтау ісіне тың серпін береді.
Ал Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы атап өткендей, Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғасы бүгінгі ұрпаққа адал азамат тәрбиелеу, зерделі ұлт қалыптастыру және жауапты қоғам құру жолында да қызмет ете алады.
Мәселенің мәні осында.
Өзбекәлі Жәнібековтің ғұмыры – бір кезеңнің шежіресі ғана емес, ұлтқа қызмет етудің мектебі.
Ол бізге ұлттық мұраның қадірін ұқтырды.
Тарихи ескерткіштің ел жадындағы орнын көрсетті.
Ұмыт бола бастаған дәстүрдің қайта жаңғыруына жол ашты.
Музей мен театрды, тарих пен мәдениетті, ғылым мен өнерді біртұтас рухани кеңістіктің бөлшегі ретінде қарастырды.
Ең бастысы – елдік мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білді.
Сондықтан Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығы – біртуар азаматты еске алатын мерейтой ғана емес.
Бұл – ұлттың өткеніне үңіліп, болашағына көз тігетін рухани белес.
Отырарда тұлғаға тағзым жасалды.
Түркістанда мұрасы ғылыми тұрғыдан зерделенді.
Кесенесі жаңғыртылды.
Архивтік құжаттар сөйлеп, театр сахнасында тұлға тағылымы қайта жаңғырды.
Ал енді осының бәрін бір арнаға тоғыстыратын үлкен міндет тұр.
Ол – Өзағаң мұрасын келесі ұрпаққа жүйелі әрі ғылыми негізде жеткізу.
Өзбекәлі Жәнібековтің 100 жылдығына дейін әлі төрт-бес жыл бар.
Сол уақыт ішінде оның еңбектерін қайта басып шығару, архивтік мұрасын ғылыми айналымға енгізу, деректі фильмдер түсіру, музей экспозицияларын толықтыру, мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер мен ғылыми жобаларды көбейту – тұлғаға көрсетілер ең үлкен құрмет болмақ.
Өйткені ұлтқа қызмет еткен азаматтың ең үлкен ескерткіші – оның аты жазылған мәрмәр тақта емес.
Оның ең үлкен ескерткіші – ұрпақ санасында қалдырған рухани ізі.
Өзбекәлі Жәнібековтің рухани мұрасы да дәл сондай.
Сондықтан Өзағаң аманаты – бізге аманат.
Ал аманатқа адалдық – ұлтқа деген адалдық.
Тельман БЕЙСЕНОВ,
журналист, тарихшы