Жапонияда қатысушылардың ұйқысының сапасын бағалайтын ерекше жарыс өтеді. 90 минут ішінде ең жақсы нәтиже көрсеткен адам 2,22 миллион иен көлеміндегі бас жүлдені иеленеді. «Matt Race by Koala» деп аталатын сайыс 2026 жылғы 5 қазанда Токионың Минами-Аояма ауданында ұйымдастырылады. Оны матрас пен жиһаз өндіретін Koala компаниясының жапон бөлімшесі өткізіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz prtimes.jp-ге сілтеме жасап.
Қатысушылар арнайы ұйқы өлшейтін құрылғы тағып, бір мезгілде матрастарға жатады. Құрылғы олардың қанша уақытта ұйықтап кеткенін, ұйқысының тереңдігі мен сапасын, сондай-ақ қаншалықты тыныш әрі тұрақты ұйықтағанын тіркейді. Осы деректер негізінде дәрігерлердің қатысуымен әзірленген арнайы «ұйқы ұпайы» есептеледі.
Ең жоғары ұпай жинаған қатысушы жеңімпаз атанады. Ұйымдастырушылар жүлде көлеміндегі 222 санын ұйқыны білдіретін «Zzz» белгісіне сәйкестендіріп таңдаған. Сайыста жай ғана жатып ұйықтау жеткіліксіз. Жарыс басталар алдында қатысушылар ұйқыға дайындайтын арнайы жаттығу орындайды. Оларға ұйқы сапасына әсер етуі мүмкін түрлі заттар кездейсоқ үлестіріледі.
Сонымен қатар жарыс барысында ұйықтап жатқан адамдар тосын кедергіге тап болуы мүмкін. Ұйымдастырушылар қатысушылардың сыртқы әсерге қарамастан ұйқысын жалғастыра алу қабілетін де сынамақ. Бас жүлдеден бөлек, ең қатты ұйықтаған адамға және ерекше қалыпта ұйықтаған қатысушыға арнайы марапат беріледі.
Жарыс үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңге шамамен 20 адам қатысады. Өтінім көп түскен жағдайда үміткерлер жеребе арқылы таңдалады. Сайысқа 20 жастан асқан адамдар қатыса алады. Тіркелу тегін және 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Алайда жеңіске жету үшін әдейі түні бойы ұйықтамай келуге немесе ұйықтататын дәрі ішуге тыйым салынған.
Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы Жапониядағы ұйқы тапшылығы мәселесіне назар аударғысы келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2021 жылғы дерегінде Жапония тұрғындарының орташа ұйқы ұзақтығы зерттеуге енген 33 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіш болған.