«Қариясын қадірлеген елдің мерейі үстем»: Ел жастары ардагерлерге қолдау көрсетті

/
«Қариясын қадірлеген елдің мерейі үстем»: Ел жастары ардагерлерге қолдау көрсетті

Еліміздің өңірлерінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы жалғасып, ел жастары ардагерлерге қолдау көрсетуде. Белсенділер қариялардың шаңырағына арнайы барып, аула тазалау, тұрмыстық жұмыстарға көмектесу және көңіл бөлу арқылы құрметтерін іспен көрсетті. Игі бастама жастар арасында жанашырлық пен жауапкершілікті қалыптастырып, үлкенді сыйлау құндылығын дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Семейде жастар ардагерге аула тазалауға көмектесті

Абай облысының Семей қаласында «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының 20 белсенді волонтері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты ардагер Болат Каримовтің  ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл – аға буынға деген құрметті сөзбен емес, нақты іспен көрсетудің үлгісі.

Жастар аула аумағын тазалап, ретке келтіріп, тұрмыстық жұмыстарға қолғабыс етті. Қарапайым көрінгенімен, мұндай көмек ардагерлер үшін маңызды қолдау болмақ.

Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Темірлан Бақтияровтың айтуынша, мұндай игі бастамалар өңірде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы облыс көлемінде 30-ға жуық рет өткізілді. Біз үшін әрбір акция – аға буынға көмек көрсетумен қатар, жастарға жауапкершілік пен жанашырлықтың мәнін көрсететін мүмкіндік. Үлкенге құрмет – бір күндік науқан емес, күнделікті өмірдегі құндылық болуы керек», – деді Темірлан Бақтияров.

«Кейде біз үшін қалыпты көрінетін бір сағаттық еңбек басқа адам үшін үлкен жеңілдік болуы мүмкін. Сондықтан осындай бастамаларға қатысу арқылы әрқайсымыз қоғамға кішкентай болса да пайда әкеле алатынымызды сезінеміз. Үлкенге құрмет көрсету – міндет емес, адамдық қасиеттің көрінісі деп ойлаймын», – деді Нұрай Занова.

Игі бастама аға буынға құрмет көрсетіп қана қоймай, жастар арасында жанашырлық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Ардагер анаға құрмет – ұрпаққа үлгі

ШҚО жастары «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл ардагері, «Алтын алқа» иегері, 96 жастағы кейуананың шаңырағына арнайы барып, хал-жағдайын білді.

Ғибратты ғұмыр иесі – 10 баланың анасы, 17 немере мен 19 шөберенің сүйікті әжесі. Бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған ардагер ана – отбасының берекесі мен үлкен әулеттің ақылшысы.

Кездесу барысында жастар апамызбен әңгімелесіп, өмір жолы мен еңбек жылдары жайлы сыр бөлісті. Ақ батасын алып, көңілін көтеру мақсатында жеміс-жидектер себетін табыстады.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасының басты мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жастардың үлкенге деген ізеті мен қамқорлығын арттыру.

«Ардагерлер – біздің тарихымыздың тірі куәгерлері. 96 жасқа келген анамыздың өмір жолы, еңбегі мен ұрпағына берген тәрбиесі - кейінгі буынға үлкен өнеге. Осындай кездесулер арқылы жастарға үлкенді сыйлау, батасын алу, қамқорлық көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптейміз. Апамыздың ақ батасын алып, көңілін бір сәтке болса да көтергенімізге қуаныштымыз», - деді «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасының міндетін атқарушы Нурсеитова Эльмира.

Жүздесуде жастар ардагер ананың өнегелі өмір жолына қанығып, құрмет көрсетіп, көңілін көтерді. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенді сыйлау мен қамқорлық танытудың маңызын айшықтайды.

Жетісу жастары Ауған соғысының ардагеріне қолдау көрсетті

Жетісу облыстық филиалының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Талдықорған қаласының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Бұлғын Қасымбаев атаның шаңырағына арнайы барып, көмек көрсетті.

Акция барысында жастар ардагердің ауласындағы жұмыстарға қолғабыс етіп, үй маңын ретке келтірді. Аула тазалығын қамтамасыз етіп, тұрмыстық жұмыстарды атқаруға көмектескен белсенділер осылайша аға буынға деген құрметін іспен көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың еңбегі мен ерлігін ұлықтау, сондай-ақ жастар арасында үлкенді сыйлау, қамқорлық таныту және қоғамға пайдалы іс жасау құндылықтарын қалыптастыру.

Кездесу барысында жастар Бұлғын атамен еркін әңгімелесіп, оның өмір жолы мен Ауған соғысына қатысқан жылдары туралы естеліктерін тыңдады. Ардагердің әңгімелері жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсініп, Отан алдындағы азаматтық борыш пен жауапкершіліктің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.

«Жастар рухы» белсенділері үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі аға буынның өнегелі өмір жолын тыңдап, олардың тәжірибесінен тағылым алу – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың тиімді жолдарының бірі.

– Ардагерлерге құрмет көрсету – баршаға ортақ парыз. Біз бүгінгі көмегіміз арқылы үлкен кісіге деген сыйластығымызды білдіріп, аула жұмыстарына қолғабыс еттік. Осындай игі істерді жастар арасында тұрақты түрде жалғастыру маңызды деп санаймыз, – дейді акцияға қатысқан жастар.

Өз кезегінде Бұлғын ата жастарға алғысын білдіріп, олардың ықыласы мен көмегіне ризашылығын жеткізді. Ардагер жастардың белсенділігіне оң бағасын беріп, елдің ертеңі білімді, отансүйгіш әрі жауапты жастардың қолында екенін атап өтті.

Жастардың осындай игі бастамалары аға буынға қолдау көрсетіп қана қоймай, елжандылық, жанашырлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға жол ашады. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастық нығайып, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаты дәріптеле беретіні сөзсіз.

Қарағандылық жастар қарияға қолғабыс етті

Акция аясында «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қарияның үйіне барып, тұрмыстық жұмыстарға қолғабыс көрсетті. Жастар үй шаруасына көмектесіп, аға буын өкіліне ерекше көңіл бөліп, ізгі тілектерін жеткізді.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ардагерлер мен аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету, олардың еңбегін құрметтеу және жастар арасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Осындай игі бастамалар жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Қызылордалық жастар жалғызбасты қарияның үйін ретке келтірді

Ал «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық!» акция аясында қаланың қарт тұрғыны Нағима Жұманазарованың шаңырағына барып, көмек көрсетті.

Жастар ардагердің ауласындағы қалың өскен шөптерді тазалап, үй айналасын ретке келтірді. Сонымен қатар, Нағима апайдың жағдайын біліп, әңгіме-дүкен құрды.

Ізгі іске ризашылығын білдірген ардагер жастарға ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.

– Айтқандарыңның бәрі орындалып, әрқашан жолдарың ашық болсын! Жастарымыз аман болсын! Дегендеріңе жетіп, тілектерің қабыл болсын! Өмірлерің ұзақ болып, қиыншылық көрмей, жарқын өмір сүріңдер!, – деді.

Қарт ананың осы бір ауыз батасы – жастар үшін ең үлкен марапат. Өйткені үлкеннің алғысын алу – сауап, батасын алу – аманат.

Кейде үлкен өзгеріс жасау үшін үлкен нәрсе қажет емес. Бір аулаға тазалық, бір үйге көмек, бір қарияға көңіл бөлу – соның өзі үлкен ізгілік.

Қостанайлық жастар зейнеткерлердің ауласын тазалап берді

Ел аумағында іске асырылып жатқан «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Қостанай облысында да жалғасын тапты.

Акция аясында «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері 73 жастағы Людмила Абрамованың үйіне барып, тұрмыстық жұмыстарға көмектесті. Жастар қарияның үй ауласын тазалап, күнделікті шаруаларына қолғабыс көрсетті.

Людмила Андреевна Алматы қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнерге қызығып, музыкалық мектепті тәмамдаған. Кейін музыкалық ансамбль құрамында өнер көрсетіп, шығармашылықпен айналысқан.

Еңбек жолының елеулі бөлігін сауда саласына арнаған ол 17 жыл бойы балмұздақ өнімдерін облыс көлеміндегі дүкендерге жеткізіп, тынымсыз еңбек етті. Бүгінде Людмила Андреевна жалғыз тұрады. Сондықтан жастардың арнайы келіп, тұрмыстық шаруаларына көмектесіп, көңіл бөлуі ол үшін ерекше қуаныш болды.

— Жастардың арнайы келіп, көмектескеніне ризамын. Үйдің ауласын тазалап, қолғабыс көрсетті. Осындай қамқорлық адамға үлкен қуаныш сыйлайды, — деді Людмила Андреевна.

Қарияға көрсетілген қамқорлық – қоғамдағы адамгершілік пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. Осындай игі істер арқылы жастар аға буынға құрметін білдіріп қана қоймай, олардың өнегесін бойына сіңіреді. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет пен жанашырлықты күнделікті өмірдің ажырамас құндылығына айналдыруға ықпал етуде.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары