Қазақстан жыл сайын миллиондаған тонна қалдыққа «батып» жатыр. Астана, Алматы мен Шымкенттің полигондары шегіне жетті. Егер жүйе өзгермей, немқұрайлылық созыла берсе, топырақ пен су уланып, экологиялық катастрофаға айналады. Өркениетті әлем бұл тығырықтан шығудың жолын әлдеқашан тапқан. Бірі полигонға қоқыс көмуді заңмен тыйып, 99 пайыз қалдықты қайта өңдесе, бірі метаннан биогаз өндіріп, ресурстарды қайта айналымға енгізді. Ал біздің ел бұл дағдарыстан шыға ала ма, әлде таяу келешекте жарамсыз қоқыс алаңдарының астында қала ма?
Қағаздағы құр сандар
Әңгімемізді еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың жағдайына талдау жасаудан бастасақ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлік әкімдіктердің ресми деректері саладағы инфрақұрылымның ауыр дағдарысты бастан кешіп отырғанын айғақтайды. Ел аумағындағы 3 мыңға жуық полигонның небәрі 20-21 пайызы ғана санитарлық әрі экологиялық стандарттарға сай келеді. Қалған 80 пайызға жуық қоқыс алаңы заң талаптарын орындамай-ақ жұмыс істейді. Бұл нысандардың басым бөлігінде топырақ пен жерасты суын уланудан қорғайтын экрандар, фильтрат жинау және метан газын бұру жүйелері, тіпті қарапайым таразылық бақылау мен дезинфекция тоғандары атымен жоқ. Бұдан бөлек стихиялы қоқыс үйінділері де созылмалы дертке айналған. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы жыл сайын 5-тен 8 мыңға дейін заңсыз қоқыс ошақтарын анықтайды. Әкімдіктер олардың басым бөлігін «жойдық» деп есеп бергенімен, келесі маусымда сол аумақта жаңа қоқыс алаңдары қайта бой көтереді. 2020-2026 жылдар аралығындағы динамика бұл дағдарыстың ушығып бара жатқанын айқын көрсетеді. Алты жыл бұрын жылдық қалдық көлемі 4,5 миллион тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 миллион тоннадан асып түседі. Ал талапқа сай келетін инфрақұрылым үлесі 20 пайыздың төңірегінде теңселіп тұр. Бұл мемлекеттік инвестициялардың халық саны мен тұтыну деңгейінің өсу қарқынына мүлде ілесе алмай жатқанын дәлелдейді.
Өңірлердегі жағдай да әркелкі. Жаңадан құрылған Абай мен Ұлытау облыстарындағы полигондардың 90 пайыздан астамы – заңдастырылмаған ашық үйінділер. Халық тығыз орналасқан Алматы мен Түркістан облыстары заңсыз қоқыс ошақтарының түзілуі бойынша көш бастап тұр. Ал Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында басты полигондар 80-90 пайызға толып, жиі болатын өрт аймақ-тағы экологиялық жағдайды ушықтырып жіберді. Осы орайда, Алматы қаласы жылына 400 мың тоннадан астам қалдық-ты сұрыптаумен, ал Астана мен Қарағанды облысы бөлек жинау және сұрыптау қуаттылығын арттырумен оң нәтиже көрсетіп келеді.
Десе де, саладағы сәйкессіздік мен бұрмалаушылық көзге ұрады. Ұлттық статистика бюросы бұл салада 200-ден астам қоқыс алаңын есепке алса, Экология министрлігі ауылдық округтердегі иесіз қоқыс алаңдарын қоса есептеп, 3 мыңдай нысанды көрсетеді. Бұдан бөлек, ресми есепте қайта өңдеу деңгейі 24-26 пайыз деп айтылғанымен, бұл санға негізгі өңдеу емес, полигонға түскен қалдықтан картон, металл немесе пластикті сұрыптап алып қалу көрсеткіші кіріп кетеді. Сарапшылардың бағалауынша, ел бойынша нақты қайта өңдеу үлесі 10-12 пайыздан аспайды. Ғарыштық мониторинг анықтаған ошақтарды әкімдіктер «жойдық» деп рапорт бергенімен, көбіне қоқысты жақын маңдағы ораусыз шұңқырларға көме салады. Бұл қағаз жүзінде статистиканы түзегенімен, нақты экологиялық қатерді сейілтпей отыр.
Жасырын қауіп
Полигондарда органикалық және органикалық емес қалдықтар араласып жатады. Жауын-шашын ылғалы мен оттегісіз анаэробты орта ауыр токсинологиялық процестерді «іске» қосады. Ең әуелі, қалдықтар мен судың қосылуынан фильтрат деп аталатын аса қауіпті сұйықтық түзіледі. Халықаралық талаптар бойынша бұл сұйықтық гидрооқшаулағыш экрандармен тазартылуға тиіс. Бірақ Қазақстандағы полигондардың 80 пайызында мұндай қорғаныс мүлде жоқ. Нәтижесінде, құрамында қорғасын, кадмий, мыс сияқты ауыр металдар, фенолдар, пестицидтер мен аммиак бар улы сұйықтық топыраққа сіңіп, жерасты суларына таралады.
Екіншіден, органиканың ыдырауынан бөлінетін биогаздың (полигон газы) 50-60 пайызын метан, 40-45 пайызын көмірқорғасын газы, ал қалғанын күкіртсутек пен бензол сияқты микроқоспалар құрайды. Метанның парниктік әсері көмірқорғасын газынан 28-36 есе жоғары. Ал қоқыс ішінде өрт тұтанып, пластмассалар жанған кезде атмосфераға ең қауіпті канцерогендер – диоксиндер мен фурандар, сондай-ақ PM2.5 және PM10 майда бөлшектері тарайды. Мұнымен қоса, бақылаусыз жатқан бұл аумақтар егеуқұйрық, шыбын және дала құстары арқылы ішек инфекциясы, туляремия мен құс тұмауын тасымалдайтын санитарлық-биологиялық ошаққа айналды.
Біз айтып отырған қатерлер абстрактілі теория емес, нақты ғылыми сараптамалар мен гидрогеологиялық деректер. Алматы облысының Қарасай, Абай және Іле аудандарында жүргізілген зерттеулер жерасты суларындағы нитраттар мен ауыр металдардың мөлшері шекті нормадан 5-15 есе артқан. Сонымен қатар Астана эко-полигонының 1-2 шақырым радиусындағы топырақ құрамында кадмий мен қорғасынның қауіпті деңгейде жинақталғаны анықталды. Ауа бассейнінің ластануы да дабыл қағарлық деңгейге жеткен. Ақтөбе мен Оралдағы көпжылдық өрт салдарынан атмосферадағы күкіртсутек деңгейі нормадан 10-20 есе, ал PM2.5 бөлшектері ДДҰ қауіпсіз шегінен 8-12 есе асып кетті. Осылайша, еліміздегі полигондардан жылына жүздеген мың тонна метан ауаға тарап жатыр. БҰҰ Даму бағдарламасының есептеуінше, бұл процесс ғаламдық климатқа да кері әсерін тигізуде.
Тозығы жеткен инфрақұрылым
Соңғы он жылдықта Қазақстанда жыл сайын түзілетін коммуналдық қалдықтардың көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2015 жылы республика бойынша жылына шамамен 4,2-4,3 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық шықса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,7-4,8 миллион тоннаға, ал 2025-2026 жылдары 5,2-5,5 миллион тонна межесіне дейін жетті. Яғни, он жыл ішінде қалдықтардың жылдық көлемі 20-25 пайызға өскен.
Ең өкініштісі, жиналған қоқыстың басым бөлігі, яғни 75 пайызы әлі де болса ешқандай өңдеусіз, тікелей полигондарға төгіледі. Осының салдарынан еліміздің полигондары мен қоқыс тастау орындарында жинақталған қалдықтардың жалпы көлемі бүгінде 120-130 миллион тоннадан асып жығылады. Үсті-үстіне жиналған бұл салмаққа төтеп беретін инфрақұрылымның тозығы жеткен. Себебі полигондардың 80 пайыздан астамы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында жобаланып, пайдалануға берілгендіктен, олардың 20-25 жылға есептелген жобалық мерзімі әлдеқашан аяқталған.
Қалдықтардың мұндай қарқынмен жинақталуына демографиялық және әлеуметтік-экономикалық факторлар да тікелей әсер етіп отыр. Ел халқының 20 миллионнан асуы, ауылдық жерлерден мегаполистерге ішкі миграцияның жеделдеуі қалдықтардың белгілі бір ірі нүктелерде шоғырлануына алып келді. Бүгінде мегаполистер мен облыс орталықтарында жан басына шаққандағы қалдық түзілу көрсеткіші жылына 300-400 келіге жетсе, ауылдық жерлерде бұл меже 150-200 келі төңірегінде.
Бұған қоса, соңғы он жылда маркетплейстердің, тағам жеткізу қызметтерінің және ірі супермаркеттер желісінің көбеюі орауыш материалдардың, яғни қаптама, пластик, картон мен полиэтиленнің үлесін барынша арттырды. Егер бұрын тұрмыстық қалдықтардың құрамында органика басым болса, қазір олардың үлесінің 50 пайыздан астамын ыдырауы қиын синтетикалық қаптамалар құрайды. Оның үстіне ірі қалалардағы құрылыс қарқыны да қоқыстардың көлемін көбейтіп отыр.
Қалыптасқан жағдайды сараптай келе, қазіргі полигон инфрақұрылымы алдағы 3-5 жылда түзілетін қалдық көлемін сапалы әрі экологиялық қауіпсіз түрде қабылдауға мүлдем қабілетсіз деген қорытынды жасауға болады. Мұндай қауіпті тұжырымға, ең алдымен, полигондардың шекті сыйымдылығының таусылуы негіз болып отыр. Республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары мен Ақтөбе, Орал, Семей, Шымкент, Тараз сияқты ірі қалалардың полигондары 80-90 пайызға толған. Олардың резервтік сыйымдылығы тіпті алдағы 2-3 жылдық жүктемеге де жетпейді.
Елдің басты екі шаһарындағы жағдай да мәз емес. Астанадағы жалғыз ресми эко-полигонның екінші ұяшығы толуға жақындады, ал жаңа ұяшықтар құрылысы мен полигонды кеңейту жұмыстары кейінге қалып келеді. Алматы қаласының қалдықтары Қарасай және Іле аудандарындағы полигондарға тасымалданады, бірақ олар да толып бітті. Мәселені ушықтырып отырған тағы бір жайт – территориялық және қаржылық шектеулер. Жаңа полигондар салу үшін Экологиялық кодекске сай санитарлық-қорғау аймақтарын сақтау, жер телімдерін бөлу және электр, жол, гидрооқшаулағыш сияқты инфрақұрылым жүргізу өте қымбатқа түседі. Жергілікті әкімдіктердің бұған қаражаты жеткіліксіз, ал тарификатордың төмендігі себебінен бұл салаға жеке инвесторлардың келуге ынта жоқ.
Қайтпек керек?
Қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің халықаралық тәжірибесін зерделеу – Қазақстандағы полигон инфрақұрылымын қазіргі жүйелі тығырықтан алып шығар басты бағдар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоқыс алаңдарын азайтудың ең тиімді әрі жалғыз жолы – полигонға қалдық көму құнын барынша қымбаттату, қайта өңдеу ісіне қомақты қаржылай қолдау көрсету және қалдықтан энергетика немесе материал өндіру. Осы орайда Еуропаның дамыған мемлекеттері мен экономикалық, географиялық құрылымы бізге ұқсас келетін елдердің қалыптасқан модельдері ерекше назар аудартады. Мәселен, Германия мен Швеция Zero Waste to Landfill, яғни полигонсыз экономика қағидатын берік ұстанады. Германияда 2005 жылдан бастап өңделмеген, құрамында бес пайыздан астам органикалық заты бар қалдықтарды жерге көмуге заңмен қатаң тыйым салынған, бұл әлемдік тәжірибеде landfill ban деп аталады. Қоқыстан тозған жерлерді қалпына дұрыс келтірмеу, стандартқа сай емес қоқыс орындарын пайдалану тікелей заңсыз деп танылды. Бұған қоса, бұл елдерде тұрғындар шығарған қоқыс көлеміне қарай ақы төлейтін PAYT жүйесі енгізілген. Аталмыш экономикалық тетік халықты қалдықты өз үйінде барынша мұқият сұрыптауға шақырады. Швецияда бұл саясат тіпті шарықтау шегіне жеткен, онда түзілетін қалдықтың небәрі бір пайыздан азы ғана полигондарға жіберіледі. Қалған қоқыстың 52 пайызы waste-to-energy жүйесі бойынша қоқыс жағатын зауыттар арқылы энергия мен жылу өндіруге жұмсалса, 47 пайызы толық қайта өңдеуге кетеді.
Өтпелі кезең реформаларын бастан кешірген Польша мен Шығыс Еуропа мемлекеттерінің үлгісі де біз үшін өте өзекті. Польша Еуроодақ интеграциясы аясында «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» институтын барынша күшейтті. Бұл жүйе бойынша қаптама өндірушілер мен импорттаушылар өз тауарларының қалдықтарын жинау мен қайта өңдеудің толық шығынын өз мойнына алады, ал түскен қаражат тікелей полигондар маңындағы сұрыптау кешендерін субсидиялауға бағытталады. Сондай-ақ ескі, кеңестік кезеңнен мұраға қалған әрі талапқа сай емес қоқыс орындарын жабу мен жерді қайта құнарландыру Еуроодақтың мақсатты гранттары және экологиялық қорлары арқылы сәтті жүзеге асырылды. Ал Түркия мен Қытай ауқымды инфрақұрылым мен биогаз өндіруге стратегиялық басымдық беріп отыр. Түркия өзінің «Sıfır Atık», яғни «Нөлдік қалдық» ұлттық жобасы аясында халық тығыз орналасқан аумақтарда органикалық қалдықтан биогаз өндіретін ірі стансалар желісін құрды. Бұл маңызды қадам полигондардағы метанның тұтануынан шығатын өрттерді 70 пайызға азайтып, полигон газынан бағалы электр энергиясын алуға мүмкіндік берді. Қытай мен Түркиядағы ірі қоқыс алаңдарының үсті арнайы геомембранамен жабылып, вертикальды ұңғымалар арқылы метан сорылып алынады да, когенерациялық қондырғыларда жағылып, жергілікті желіге арзан электр қуаты ретінде таратылады.
1980-2018 жылдар аралығында Қытай «әлемдік қоқыс өңдеу фабрикасының» рөлін атқарды. Мұның астарында бос сөз емес, нақты экономикалық прагматизм мен стратегиялық есеп жатты. Сол кезеңде бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп әрі құрылыс қарқынын бастан өткізген Қытай шикізатқа «аш» еді. Ел өндірісі үшін пластик, металл, макулатура мен электроника сияқты ресурстар орасан көлемде қажет болды. Ал мұнайдан су жаңа пластик өндіріп, орманды отап ағаш кескенше, Батыстың дайын сұрыпталған қалдықтарын арзанға сатып алып, қайта өңдеу едәуір тиімді еді. Мұнымен қоса, кері логистикалық мүмкіндік те өз септігін тигізді. Еуропа мен АҚШ-қа жүк толы контейнерлік кемелерін жөнелтетін Қытай қайтар жолда ол кемелерді бос жіберсе, тасымалдаушы компаниялар орасан шығынға батар еді. Соны тиімді пайдаланған Батыс елдері бос контейнерлерді өз қоқысымен толтырып, Қытайға өте арзан жүк тасымалы тарифімен кері қайтарып отырды. Бұған қоса, ол тұста Қытайда жұмыс күшінің арзандығы және қалдық өңдейтін шағын, отбасылық кәсіпорындарға қатысты экологиялық заңнаманың тым жұмсақтығы қайта өңдеудің өзіндік құнын ең төменгі деңгейге түсірді.
Осылайша, 30 жылға жуық уақыт бойы Қытай ғаламдық қайта өңдеу нарығында монополия орнатты. Мәселен, Қытай 1992 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта жер шарындағы барлық пластмасса қалдықтарының 45-50 пайызын жалғыз өзі қабылдап отырды. Тіпті, АҚШ өзі жинаған пластик пен қағаз қалдықтарының 40 пайыздан астамын, ал Ұлыбритания, Германия, Ирландия сияқты Еуропа мемлекеттері 60 пайызға дейінгі көлемін тікелей Қытайға жөнелтуге тәуелді болды. Жыл сайын Батыс елдерінен Қытайға 7-8 миллион тонна пластик қалдығы мен 20 миллион тоннадан астам макулатура тиеліп келетін.
Алайда 2017 жылдың шілдесінде Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми мәлімдеме жасап, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелден қалдық импорттауға толық тыйым салатынын жариялады. Мемлекеттік деңгейде «Ұлттық қылыш» деп аталған бұл шұғыл бетбұрысқа бірнеше өзекті фактор себеп болды. Ең бастысы – Батыс елдері сұрыпталған таза шикізаттың орнына тұрмыстық, токсинді және медициналық қалдықтармен ластанған сапасыз қоқысты тиеуді әдетке айналдырды, ондағы ластану деңгейі 20-30 пайызға бір-ақ жетті. Ондай сапасыз қалдықты сұрыптап, жуу кезінде Қытайдың жергілікті өзендері мен топырағы ауыр металдармен және қауіпті химикаттармен аяусыз уланды. Екіншіден, 2010 жылдардан бастап халықтың тұрмыс деңгейі көтеріліп, ішкі тұтыну артқандықтан, ел ішінде де жыл сайын ондаған миллион тонна өз тұрмыстық қалдығы түзіле бастады. Осы орайда шетелден ағылған қоқыс отандық қайта өңдеу жүйесінің дамуын тұралатып тастады. Үшіншіден, Пекин халықаралық аренада «әлемнің қоқыс тастайтын шелегі» емес, жасыл технологиялар мен экологиялық өркениет көшбасшысы бейнесін қалыптастыруды көздеді. Бұл ретте 2016 жылы жарық көрген «Шекарасыз токсиндер» деректі фильмі де үлкен рөл атқарды. Шетелдік қоқысты қолмен сұрыптап, улы ауамен демалып жатқан қытайлық отбасылардың ашынуын көрсеткен бұл туынды ел ішінде үлкен әлеуметтік резонанс тудырып, саяси шешімнің қабылдануын жеделдетті.
Қытайдың «Ұлттық қылыш» саясаты әлемдік қалдықтарды басқару индустриясын есеңгіретіп тастады. АҚШ пен Еуропа қалалары жиналған пластигін қайда қоярын білмей, амалсыз өртеуге, полигондарға көмуге көшті. Бұл дағдарыс Батыс елдерін өз ішінде қайта өңдеу зауыттарын салуға және біржолғы пластиктен бас тартуға мәжбүр етті. Алғашқыда бұл қоқыс тасқыны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малайзия, Вьетнам, Индонезия және Таиланд сияқты елдерге бұрылғанымен, ол мемлекеттер де экологиялық зардапты сезіне салысымен Қытайдың артынан бірден шектеу енгізді. Бүгінде Қытай тек 100 пайыз тазартылған, түйіршіктелген, өңделген дайын пластик шикізатын ғана импорттайды, ал аралас қоқысты елге кіргізу толығымен қылмыс болып саналады. Бұған қоса, «Шанхай моделі» сияқты заманауи бастамалар арқылы мемлекет өз азаматтарын қалдықтарды қатаң түрде бөлек жинауға көшіріп, ішкі экологиялық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді.
Осы озық тәжірибелерді сараптай келе, Қазақстан жағдайында таяу келешекте нақты нәтиже беретін үш негізгі бағытты айқындауға болады. Біріншісі – Түркия мен Қытай тәжірибесіне сүйеніп, Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды сияқты ірі қалалардың жұмыс істеп тұрған полигондарында метанды сұрыптап, газдан тазарту жүйелерін шұғыл орнату. Бұл шара тұрақты өрт қаупін азайтып, алынған электр энергиясын «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау есептеу-қаржылық орталығы» арқылы бекітілген Feed-in Tariff тетігімен мемлекетке сатуға жол ашады.
Екінші маңызды қадам – жалпы тұрмыстық қалдықтың 40-50 пайызын құрайтын тамақ қалдықтарын бөлек жинауды қолға алып, олардан жол құрылысы мен саябақтарға қажетті техникалық құнарлы тыңайтқыш дайындау. Бұл қарапайым әдістің өзі елдегі полигондарға төгілетін жүк салмағын бірден екі есеге жеңілдетеді.
Үшінші бағыт – шетелдік өндірушілер мен импорттаушылардан жиналатын утилизациялық алым қаражатын «Жасыл даму» қоры арқылы тікелей полигон инфрақұрылымына бұру. Яғни, бұл қаржы ескі полигондарды қалпына келтіруге, жаңаларын геомембранамен қаптауға және таразылық бақылау орнатуға мақсатты субсидия ретінде жұмсалуға тиіс.
Дегенмен бұл халықаралық модельдерді елімізде еш кедергісіз енгізу мүмкін емес, өйткені алдымызда институционалдық және географиялық тосқауылдар баршылық. Ең әуелі, инфрақұрылым мен тариф бөгетін атап өткен жөн. Еуропалық PAYT немесе жоғары полигон салығын енгізу үшін бізге ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан қолайлы тариф жүйесі ауадай қажет. Қазақстанда халықтың коммуналдық төлемдерге «сезімталдығы» өте жоғары болғандықтан, полигонға көму салығын шұғыл көтеру ел ішінде инфляция мен дүрбелең тудыруы әбден мүмкін. Оған қоса, біздің географиялық және логистикалық қашықтығымыз да үлкен кедергі. Қазақстан аумағының ұлан-ғайырлығы мен елді мекендердің бір-бірінен тым қашық орналасуы қайта өңдеу зауыттарына шикізат тасудың логистикалық шығынын еселеп жібереді. Сондықтан Еуропадағыдай бірнеше қалаға ортақ бір өңдеу зауытын салу біздің көлік шығындарымызды еш ақтамайды. Сонымен қатар Waste-to-Energy жобаларының да өзіндік жасырын қауіптері бар. Елімізде қалдықтарды жағатын зауыттар салу айтылып жүргенімен, ылғалды әрі органикасы аралас қоқысты алдын ала сұрыптамай жағу кезінде бөлінетін диоксиндер мен токсинді газдарды тазалайтын қымбат фильтрациялық жүйелердің болмауы үлкен эколо-гиялық қауіп төндіреді. Оның үстіне, мұндай технологиямен өндірілген электр энергиясының өзіндік құны эко-номикамыз үшін өте қымбатқа түсері анық.