Қазақстанда өткен қыз ұзату тойындағы ерекше сәт әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Ақ көйлек киген қалыңдық мерекелік кеш барысында жаттықтырушысымен шағын спарринг өткізіп, бокс шеберлігін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Tengri Life жазуынша, видеоны асаба Айдархан Жанділдин әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Кадрлардан қалыңдықтың жауынгерлік қалыпқа тұрып, жаттықтырушысымен бірге бокс элементтерін көрсеткенін көруге болады.
Видео желіде тез тарап, көп қаралым мен пікір жинады. Қолданушылардың бір бөлігі қыз ұзату тойында мұндай көріністі алғаш рет көргенін жазған.
"Енесі енді қонаққа тек бейбіт ниетпен келетін шығар", "Енесі видеоны көріп, келінмен тату болған дұрыс деп шешкен сияқты", "Міне, нағыз қалыңдық", "Сұлу, жарайсың", "Үйде тәртіпке кімнің жауап беретіні бірден белгілі болды", "Туыстармен танысудың кереметі-ай", "Енесі: "Келінім қандай болады?", Асаба: "Қазір көрсетеміз", "Мұны көрген күйеуі: ең бастысы, бәрімен келісу керек дейтін шығар", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Кейін видеодағы қалыңдықтың 22 жастағы Аида Жолдасова екені белгілі болды. Ол бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы әрі халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Аида спорттың бұл түрімен 13 жасынан бері айналысады.
Қыз ұзату тойы қыркүйектің басында өткен. Аиданың айтуынша, асаба оның боксшы екенін бастапқыда білмеген. Кейін бұл туралы естіген соң жаттықтырушысымен бірге шағын спарринг көрсетуді ұсынған.
"Той жақсы басталды, асаба менің боксшы екенімді білмеген екен. Білген кезде ол жаттықтырушым екеуімізге лапамен жекпе-жек өткізуді ұсынды", - деді Аида.
Осылайша, спортшы қыз мерекелік кеште өзінің бокстағы шеберлігін көрсетіп, қонақтардың ықыласына бөленген.
Әлеуметтік желіде видеоға қатысты түрлі пікір айтылған. Кейбір қолданушылар қыз ұзату тойында спарринг өткізуді түсінбегенін жазса, Аида мұндай пікірлерге мән бермеуге тырысатынын жеткізді.
"Менің туыстарым әрқашан мақтан еткен. Күйеуімнің отбасы да менің бокспен айналысатынымды біледі", - деп атап өтті Аида Жолдасова.