Көкшетауда жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, үш адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 21 қыркүйекте сағат 10:40 шамасында Застанционный көпірі, яғни Шанхай ауданы маңында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, №11 бағытта жүрген Yutong маркалы автобус ЗИЛ жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан қоғамдық көліктің екі жүргізушісі мен бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Олар медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаға қатысты әкімшілік шара қолданылатынын хабарлады.