Зағип ер адам мас күйде көлікпен 240 шақырым жол жүріп өткен

/
Зағип ер адам мас күйде көлікпен 240 шақырым жол жүріп өткен
BBC

Ұлыбританияда көру қабілетінен айырылған 50 жастағы ер адам мас күйінде көлік жүргізіп, шамамен 240 шақырым жол жүрген, деп хабарлайды turkystan.kz.

BBC басылымының жазуынша, полиция Энтони Холл басқарған көлікті 29 маусымға қараған түні Камбриядағы Карлайл қаласының маңында тоқтатқан. Тексеру барысында оның алкоголь ішкені және іс жүзінде зағип екені анықталған.

Бұған қоса, ер адамның ешқашан жүргізуші куәлігін алмағаны белгілі болды. Холлдың айтуынша, ол шамамен екі жыл бұрын көру қабілетін толықтай дерлік жоғалтқан және қазір тек жарықты ғана ажырата алады.

Оқиға болған күні ол сүйіктісінің көлігімен Уэст-Йоркширдегі Хаддерсфилд қаласынан жолға шыққан. Бұған дейін екеуі төрт бөтелке шарап ішкен.

Холл сотта жүйке күйзелісін бастан өткергенін және қаржылық қиындықтардан кейін бәрінен алыстап, Шотландияға барғысы келгенін айтқан.

Көру қабілеті нашар болғанына қарамастан, ол тас жолмен ұзақ қашықтық жүріп өткен. Ер адам жолды алдында келе жатқан жүк көліктерінің артқы шамдарына қарап бағдарлағанын айтқан.

Жолда ол жанармай құю бекетіне де тоқтаған. Қызметкерлердің бірі оған көлікке жанармай құюға көмектескен.

8 қыркүйекте сот Энтони Холлды сегіз айға шартты түрде соттап, одан кейін бір жарым жыл бақылауда ұстау туралы шешім шығарды.

Сондай-ақ оған үш ай бойы алкоголь ішуге тыйым салынды. Ер адам өз кінәсін толық мойындаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары