Шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде Домбыра күні тойланады. Осы мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде домбыраның құлағында ойнайтындар арасында түрлі челлендж бен сайыстар басталып кетті. Біз бұған дейін домбыра тартуды үйреніп жүрген Нью-Йорк қаласы мен Чили, Аустралия елінде тұратын шетелдіктер туралы сұхбаттар легін шығарған едік. Бұл айтулы мерекеге орай енді біз шетелдіктерге ұлттық аспапты шертуді үйретіп жүрген ерекше маман туралы жазғанды жөн көрдік. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі, Хангук шет тілдері университетінің профессоры Дулат Бақышев корейлерге тек халықаралық қатынастың қыр-сырын үйретіп қоймай, домбырадан сабақ береді. Кәсіби музыкант болмаса да, білімі консерватория оқытушысынан кем түспейтін Дулат Хангерейұлына хабарласып, әңгімелескен едік.
– Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастың негізін қалауға атсалысқан іскер елші екеніңізді көпшілік жиі айтады. Осы тарихи процестің басында болу сіздің кәсіби өміріңізге қалай ықпал етті?
– Өзім – Орал қаласының тумасымын. Ондағы лицеймен қатар, Дина Нұрпейісова атындағы музыка мектебін де бітірдім. Бес жылдай домбыра сыныбында оқыдым. Мектеп бітірген соң сол кезде Киров атымен аталған ҚазҰУ-ға оқуға тапсырған едім, алайда түсе алмай, екі жылға әскерге кетіп қалдым. Әскерден оралған уақытым Қазақстанның егемендік алған уақытымен тұспа-тұс келді. Ол уақытта көптеген мүмкіндік ашылды. Шекара ашық болған соң, көп кітап келді, тиісінше көп дерекке қанық болдық. Ең маңыздысы – еркіндікті шынайы сезіндік. Соның нәтижесінде өзім қалаған ҚазҰУ-дің экономика факультетін тәмамдап, кейін Сеулдегі Ёнсе университетінде оқу мүмкіндігі бұйырды. Онда халықаралық қатынастар мен корей тілі және әдебиетін оқыдым. Оқу орнын бітіруге шақ қалғанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореядан дипломатиялық миссия, елшілік ашты. Корей тілін жетік меңгерген соң сол министрлікке шақырылдым. Сөйтіп, консулдық департаментте жұмысымды бастап кеттім. Осылайша, мұнда Қазақстанның Оңтүстік Кореямен арасындағы қарым-қатынасының қаланған сәтінен бастап жүрмін. Бүкіл құжаттың қабылдануын қадағалап, екі жақты қатынастың құралуының басы-қасында жүрдім. Мен бірден елші болған жоқпын, саты-сатыдан өтіп, алдымен референт, сосын атташе, кейін үшінші, одан кейін екінші, содан соң бірінші хатшы қызметін атқардым. Мен тек Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген жоқпын. БҰҰ жанындағы Қазақстан тұрақты өкілдігінде кеңесші де болдым. 2008-2010 жылдары Азия кеңесін басқардым. Одан кейін Кореяға екінші рет елші болып келіп, онда бес жылдай жұмыс істедім. Содан соң елшіліктегі жұмысымды аяқтап, төрт жылдай жеке шаруаммен айналыстым. Сосын Хангук шет тілдер университетінің өкілдері «Профессор ретінде біздің студенттерге сабақ берсеңіз» деп жұмысқа шақырды. Бұл ұсынысты қуана-қуана қабыл алдым. Мұнда мен жұмыс істейтін Халықаралық және аймақтық зерттеулер факультетіне қарасты Орталық Азия зерттеулері кафедрасының құрылғанына биыл 22 жыл болды. Алдымен қазақ тілін оқытуды қолға алды, кейін өзбек тілі сабағы қосылды. Бүгінде жалпы мұнда бүкіл Орталық Азияның тарихы, өркениеті, әдебиеті, мәдениеті туралы сабақтар жүргізіледі. Мен дипломат болған соң халықаралық қатынастар, геосаясат, қауіпсіздік мәселелері, сонымен қатар қазақ тілі мен домбыра тартуды үйретемін.
– Ширек ғасырдан астам дипломатиялық қызметте, сыртта еңбек етсеңіз де, домбыраны шебер тартуға деген қызығушылығыңыздың кемімегені таңғалдырады. Бүгінде корей студенттерге халықаралық қатынастар дан дәріс беру мен домбыра үйрету ісін қалай үйлестіріп жүрсіз?
– Мен – халықаралық қатынастар саласының маманымын. Десе де, жоғарыда айтып өткенімдей, домбыра тарту өнерін де меңгергенмін. Арнайы аттестатым бар. Домбыра – менің өмірім десем, артық айтпаймын. Домбыраны мектепте ғана үйренген жоқпын. Шетелде оқығанымда да, елші болғанымда да, домбырамды тастамай, арқалап жүрдім. Дегенмен университетте домбыра үйірмесін ашу идеясы менікі емес. Мұнда мен домбыра тарта аламын, сондықтан бүйтейін, сүйтейін деп айту – әбестік. Біздің кафедраға жетекшілік ететін профессор Сон Ион Хун домбыра үйірмесін ашу туралы идея тастады. Ол кісі менің бұрыннан домбыра тартатынымды біледі. Мен қуана-қуана келістім. Оңтүстік Корея секілді дамыған елде оқытушылар оқу процесіне, академиялық талаптарға ғана көңіл бөлмейді. Олар студенттерді жан-жақты дамытуды басты назарда ұстайды. Зейін ашу, кітап оқу, дәріс тыңдау, сабақ айту, кітапханадан шықпаумен ғана шектелмейді. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, шетелдіктерге нағыз қазақтың болмысын, тарихын ашатын бірегей құрал, ол – домбыра. Ән-күй, жыр-терме тыңдау арқылы халқымыздың рухы мен дүниетанымын тануға болады. Аймақтану, соның ішінде елімізді зерттейтін мамандар даярлап жатқан соң, қазақты тану үшін домбыраны міндетті түрде үйрету қажет деген ойды алға тарттық. Сол ойдың жетегімен 4 жыл бұрын курсты бастап кеттім.
– Аптасына қанша рет өткізесіз? Қанша бала қатысады? Көбіне қай курс студенттері қызығады?
– Факультатив аптасына бір рет өтеді. Екі сағатқа жалғасады. Әр семестрде алты-жеті адам үйренеді. Ең көбі тоғыз студентке дейін үйреткен кездерім болды. Осы жылдар ішінде отыздан астам студент үйірмеге қатысты. Үйірмеге тек бірінші курста оқитын корей студенттері қатысады. Неге десеңіз, оларда сол уақытта ғана бос уақыт бар, одан кейінгі курста оқу жүйесі қиындай түсіп, қатыса алмай қалады. Десе де, университет табалдырығын аттаған бірінші курс студенттеріне алғашында бәрі қызық қой. Оған қоса, үйірме болған соң ешкім оларды міндеттей алмайды. Өздері қызығып, үйірмеге жазылады.
– Сабақта күй үйретіп қана қоймай, халық әндерін де айтқызады екенсіз...
– Иә. Ең алдымен домбыра тартудың теориясын үйретемін. Тарихынан сыр шертемін. Домбыраның құлағында ойнайтын ұлы күйшілерді таныстырамын. Термешілер, жыршыларды да тыңдатамын. Күйден Рысбай Ғабдиевтің «Күй қағанын», жырдан «Қырымның қырық батырын» жақсы тыңдайды. Халық әндерінен айтуға жеңіл «Еркем-ай», «Сәулем-ай» әндерін үйретемін. Күйден де тартуға оңай «Келіншек» секілді күйлерді тартуға баулимын. Құрманғазы, Дәулеткерейдің туындыларын орындауға тістері батпайды. Оларды орындау қазақтың өзіне де қиын ғой. Мұндағы дамыған елдің жастарына немкетті қарап, қалай болса солай дәріс беруге болмайды. Шетелдік студенттердің алдына шығып, екі сағат сөйлеу үшін кемі жиырма жыл жиған тәжірибең болуға тиіс. Әйтпесе, олар ар жағы бос маманды тыңдамай қояды. Ал жастайымнан домбыраның үнін тыңдап өскен менің ол туралы айтарым көп. Мен ғалым, профессор ретінде тек халықаралық қатынастарды емес, қазақтың күй-жырын да жіті зерттеймін. Күй-дастандардың тарихын бір кісідей білемін. Көп күй тарта аламын. Жатқа білетін терме мен дастандар да жетерлік. Осы ретте айта кетерлігі, біз өз мәдениетімізді өзіміз егжей-тегжейлі зерттемейміз. Мәдениет жағынан кенде емеспіз, ұлы халықпыз. Қазақ ХХ ғасырға 10 мың күймен келді. Бұл әлемде осыншама күйі бар бізден басқа халық бар ма? Еуропалықтар мақтауын асыратын классикалық музыканы Бетховен, Бах, Моцартпен байланыстырады. Ал біздің Бетховеніміз, Бахымыз, Моцартымыз – Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек. Бұл тізім жалғаса береді. Әр аймақтан күй-жырдың өміршең болуына үлкен үлес қосқан қаншама тұлға шыққан. Үш жүз жыл жазылған «Қырымның қырық батыры» жырына қаншама жыршы атсалысқан?! Мұны біздегі студенттер біле ме? Білмейді. Себебі бұл мектепте де, университетте де оқытылмайды.
– Домбыра үйрету тек музыкалық дағды емес, рухани таным құралы ғой сіз үшін?
– Әлбетте. Үйірмеме қатысқандар домбыра аспабын тарта білген халықтың ерекше қасиеті бар екенін ұғады. Домбыра арқылы корейлер шын мәнінде қазақтың мәдениеті бай, тарихы терең, өркениеті жоғары екенін таниды. Жалпы, күйдің тарихын айтпай, оны бет алды орындатпайсың ғой. Бүкіл мәдениет сонда емес пе?! Бәленбай мың жыл бұрын шыққан күйлердің авторы кім, қай уақытта шықты, қай мектептікі, кімнің нұсқасы, бәрін, бәрін қамтимын. Мысалы, Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Арба соққан» секілді рухты туындылары қандай жағдайда жазылғанын айтып бердім. Сол күймен байланысты патшалық үкіметті де қозғап өтемін. Сонымен қатар өлкенің тарихын да тілге тиек етемін. Алтын орда, Қыпшақ хандығы туралы корейше әңгімелеймін. Астанаға барғанда бірнеше кітапхананы аралаймын. Бізде жақсы зерттелген салалардың бірі – домбыра мен күй-жыр мұрасы ғой. Сол жерден қағазға түртіп алғанымды Сеулге келген соң студенттерге айтамын. Бай мәдениетіміз туралы құнды деректерді студенттер қызыға қабылдайды.
Кейбір студенттерім Қазақстанға жиі барады. Сонда оқуын жалғастырып жүргендер де бар. Бір күні елдегі өнерпаздармен қосылып, консерватория, оркестр деңгейінде сахнаға шыға ма деген үмітім бар. Студенттерімді үнемі «Домбыраны шерте білсең, болғаны. Қазақстанда сендерге жеңіл болады» деп ынталандырып қоямын.
– Домбыраны қайдан алдыңыз? Елден алдырттыңыз ба?
– Өзімнің алып келген домбырам бар. «Отандастар қоры» бір келгенде бір домбыра сыйлады. Алматыдағы досым екі домбыра жасатып беріп жіберді. Қазір осы төрт домбырамен үйретіп жүрмін.
– Төрт домбырамен жеті адамға сабақ беру қиын емес пе? Кезегін күтіп үйрене ме сонда?
– Иә, кезектесіп үйренеді. Дегенмен еш қиналып жатқан жоқ. Екі сағатта бәріне көңіл бөлуді басты назарда ұстаймын. Соңғы сабақ осы дүйсенбіде аяқталды. Қазір бізде – жазғы демалыс.

– Былтыр Сеул қаласының «Құрметті азаматы» атағына ие болдыңыз. Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді?
– Иә, былтыр осындай атаққа лайық деп танылдым. Бұл мәртебелі атақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық, мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға қосқан үлесімді мойындау ретінде берілді. Соның ішінде кейінгі төрт жыл корейлерге домбыра үйретіп жүргенімнің де үлесі ескерілсе керек.
– Ендігі меже қандай?
– Ендігі меже – студенттерімді тағы көп оқыту керек. Өзім де оқуым керек. Профессорда басқа қандай меже бола қойсын?!
– Әңгімеңізге рахмет! Төл мәдениетімізді дәріптеудегі ісіңіз алға баса берсін!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ