Домбыра үшін Қазақстанға қоныс аударған Семих

Домбыра үшін Қазақстанға қоныс аударған Семих

Семих Ипек Түркияның Эрзурум қаласындағы университетте оқып жүрген кезінде домбыраға қызыға бастаған. Кейін досы сыйға тартқан домбыраны өз бетінше үйреніп, уақыт өте келе ұлттық аспабымызға деген қызығушылығы арта түскен. Түркия мен Әзербайжан мектептерінде жұмыс істеп жүріп, төл өнерімізді дәріптеген Семих көп елдің туындыларын домбырада шырқауды шығармашылық ерекшелігіне айналдырған. Жылдар бойы YouTube парақшасына жүктеген видеоларының арқасында ол Еуропа, Кавказ, Иран елдеріне концерт беруге шақырылған. Домбыра үшін Қазақстанға көшіп келген Семихке хабарласып, әңгімелескен едік.

– Отандық телеарналардың біріне «Домбыра үшін Қазақстанға қоныс ау­дардым» деп берген сұхбатыңызға көпшілік таңғалып, жылы лебізін білдіріп жатыр. Ең алдымен сұрағымыз келгені, Түркияда жүріп домбыраны қалай, кімнен үйрендіңіз?

– Мен Эрзурумдегі Ататүрік атындағы уни­верситетте тарих пәні мұғалімі бойын­ша оқыдым. Сабақ барысында «Түркі мә­де­ние­ті мен тарихына кіріспе» атты тоғыз том­­дық кітап оқыдық. Сол кітаптың соңғы то­мында «Бүкіл түркі аспаптарының ата-сы – домбыра» делінген. Сол кезде «Мұндай маңызға ие домбыра деген қандай аспап?» деп қызығып, өз бетімше іздене бастадым. Сол аралықта қызығушылығымды естіп-білген Моңғолияның бір қазағы маған домбыра сыйлады. Басында оны дұрыс тарта алмаймын, құр үйде тұратын. Бірде түсімде бір қазақ ақсақал маған дом­бырасын сыйлап, «Ал, балам, тарта қой» деді. Оянған соң, домбыраны қолыма алып, өз бетімше тарта бастадым. Сол сәттен бас­тап қызығушылығым бұрынғыдан тіпті арта түсті. Алдымен ең оңай туындыларды тар­тып үйрендім. Абайдың әндерін жат­та­дым. Кейін термелерді үйреніп алдым. Уни­верситетті бітірген соң Түркияның ТRТ Эр­зурум радиосында бір жылдан астам уа­қыт жұмыс істедім. Онда эфирде қазақ­тың әндерін айтып, күйлер туралы аңыз­дарды әңгімеледім. Домбыра туралы да бар білгенімді айтатынмын. 

– Әзербайжандағы жұмысыңызда да домбыра туралы кеңінен насихатта­ған екенсіз...

– Иә. Кейін Әзербайжанға көшіп, он­да­ғы түрік мектепте жеті жылдай жұмыс іс­те­дім. Онда да балаларды домбыра тартуға бау­лыдым. Тіпті, Қазақстанның әнұранын үй­рет­кенім бар. «Қазақтарды көріп қал­саңдар, олар туралы білгендеріңді айтың­дар» деп айтатынмын. Сабақтарым арқылы олардың жүрегінде Әзербайжан, Түркияға де­ген сүйіспеншілікті арттырып қана қой­май, Қазақстанға да қызыға қарауды үй­рет­тім десем, артық айтпаймын. Олардың жас­тайынан қазақтардың түбіміз бір, туыс ел екенін біліп-өскенін қаладым. Бірнеше оқушым қазақтармен шетелде кездейсоқ кез­десіп қалғанда, халқы туралы бар біле­тінін айтып, артынша жақындаса түскенін айт­қан-тын.

Айтпақшы, сол Әзербайжанда жүргенімде домбыраның арқасында бола­шақ жарыммен таныстым. Өзі – Алматы­ның қызы. Руы – Найман. Ол мені YouTube арқылы таныған екен. Кейін әлеуметтік желі арқылы таныстық жалғасты. Екеуіміз бес-алты жылдай дос болып жүрдік. Кейін ол Әзербайжанға конференцияға келді. Сол уақыттан бастап көңіліміз жарасып, кейін шаңырақ көтердік. Ол  «Өзім домбыра тар­та алмасам да, домбыраға, қазаққа деген құр­метіңді ерекше бағалаймын» дегенді үне­мі айтады. Бүгінде Бекетай деген ұлы­мыз­ды тәрбиелеп отырмыз. Ұлымыздың есі­мін Махамбет Өтемісұлы мен Дина Нұр­пейісқызының туған жері – Бекетай құ­мына байланыстырып қойдық. Үйленер ал­­дын сүйікті жарыма мәңгі есте қалатын сый жасағым келіп, қазақша-тү­рік­ше «Сәулет» атты туынды жаз­д­ым.
Негізгі мақсаттарым­ның бірі – дом­бы­ра­ның керемет аспап екенін сырттағы көп­ші­лік­ке көрсету. Домбырада тек қазақ әндерін ғана емес, бүкіл түркі әлемінің музыкасын ой­науға болатынын дәлелдеп жүр­ген жайым бар. Түрік, әзер­бай­жан, түркімен, ұйғыр, өзбек, қырғыз, ағыл­шынның әндерін домбыраға «келтіріп», орындап жүрмін. Ара-тұра импровизация жасаймын. Ерекше айта кетерлігі, домбыраның арқасында көп сахнаға шығып, көп елді араладым. Еуропа, Кавказ, Грузия, Иранда болдым. Қазақтың домбырасын ерекше құрметтейтін адамдар маған да құрмет көрсетті. Мені Құдайындай сыйлап, төріне отырғызды. 
Қазір Түркияның көп қаласында сту­денттерім бар. Олар домбыраны жақсы мең­герген. Олар домбыраны үйрену ар­қылы дәстүрін сыйлап, мәдениетіне ерекше ықы­лас танытады. Біз қазақтар секілді домбыраны ешқашан жерге қоймаймыз. Дом­­быраны қабырғаға іліп, айрықша құр­мет көрсетеміз. Құранды қалай қас­терлесек, домбыраны да дәл со­лай қастер тұтамыз. 

– Қазақстанға қай жылы көшіп келдіңіз?

– Мұнда бір жыл бұрын қо­ныс аудардық. Қазақстанға көшу себебім – домбыраның құлағында ойнайтын мықты ма­мандар мен жыршылардың ор­тасында жүргім келді. Бәрібір көп нәрсе ортаға байланысты ғой. Солай болды да. Біләл Ыс­қа­қов, Мұрат Әбуғазы секілді май­тал­мандармен таныстым. Секен Тұрысбеков ағаның алдына барып, батасын алдым. Бізде, түріктерде үлкендердің қолынан сүйіп, құрмет көрсету дәстүрі бар ғой. Секен аға шә­кірттеріне «Қараңдар, домбыра­ға деген махаббаты оны біздің елге алып келді» деп үлгі қылып айт­қа­­ны есімнен кетпейді. Сол кезде бойымды мақтаныш кернеді. Сә­кен ағаға құрметім шексіз. 
Қазір Түркияда домбыраға қы­зығушылық танытып жүрген жастар көп. Мен аптасына екі-үш дом­быра жіберіп отырамын. Түр­кия­дағылар «Ағай, бізге домбыра тауып, салып жіберіңізші» деп ақ­шасын салып жібереді. «Саған домбыра не үшін керек?» деп біреуінен сұрасам, «Негесі несі? Біз домбыраның үніне ғашықпыз» дейді. Ағылшында soft power, қазақша айтқанда жұмсақ күш деген ұғым бар. Домбыра да – сол жұмсақ күштің бір тетігі. Домбыра арқылы қазақ мәдениетіне қызыққандардың қатары артып келеді. Василий Радлов деген орыс түркологының мына бір айтқаны есімде қалып кетіпті. Ол «Біз негізінде Еуропада туып-өскен Моцарт­ты, Шопенді, Бахты білеміз. Алайда қазақ­тың кең даласында туып-өскен, біз есімін білмейтін музыканттар жетерлік. Далада туып-өскен олар шығармаларын далаға қалдырып кетті. Нотаға да түспеді, кітапқа да жазылмады» деген екен. Мен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәтімбет сияқты ұлы күйші­лерді Моцарттан кем емес, тіпті өнері жа­ғынан жоғары тұлғалар деп бағалаймын. Олар екі ішекпен-ақ сан алуан күйдің үнін жеткізе білген. Күй қорында шамамен 6 мыңнан астам шығарма бар. Сөзсіз-ақ күйдің мәнін жеткізе білген мұндай мәдениетке қалай ғашық болмайсың?

– Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­да домбыра туралы ғылыми еңбектер мен оқулықтарды оқып жүргеніңізді байқап қалдым. Осы тақырыпта ма­қала жазып жүрсіз бе?

– Иә, Түркияның газеттеріне домбыра ту­ра­лы мақалалар жазамын. Күй аңыз­дарын жазамын. Бұйырса, жақын арада кітап та жарыққа шығады.

– Қазақшаны домбырадан бұрын үйрендіңіз бе, әлде?

– Алдымен домбыраны үйрендім. Кейін домбыра туралы кітаптарды оқып жүріп, өз бетімше қазақ тілін де үйреніп алдым. Уни­верситетте сабақ кезінде ең соңғы пар­таға отырып алып, қазақша үйренетінмін (күліп). Сөйтіп жүргенде, бір-екі сабақтан оқу үлгерімім нашар болған (күліп). Себебі ән мен күй, термелерден өзге нәрсеге зау­қым соқпады. 

– Қай туындыны көп орындайсыз?

– Түркиядағы көпшілік ноғайдың әндерін сүйіп тыңдайды. Тиісінше, мен де ноғайдың әндерін тыңдап өстім. Таза түрік болсақ та, олардың әндеріне бүйрегіміз бұрылып тұратын. Қазір ноғай әндерін домбырамен шырқаймын. Сонымен қатар дәстүрлі, тарихтан сыр шертетін әндерді орын­дағанды құп көремін. Халық әні «Мұхида-Шайбанды» сүйсініп орындай­мын. Қазтуған жыраудың қазақ пен ноғайға ортақ тарихи жағдайды суреттеген, шамамен 500-600 жыл бұрын жазылған «Қай­ран да менің Еділім» туындысы да жү­ре­гіме жақын. Сосын «Қарқаралы» шы­ғар­масын да жақсы көремін. Әр жердің әні өзін­ше бөлек. Соның ішінде Арқаның ән­дері тіпті бір төбе. «Қарқаралының» мәтіні түрмеде жазылған деседі, сөздері де жанға ба­тады. Отарлау саясаты кезінде ұлттық өнерді әлсіретуге бағытталған қысым болғанын кітаптан оқыдым. Сондықтан дом­быраның сақталып қалуының өзі – қазақ халқының рухани төзімінің белгісі. 
Одан бөлек, маған сал-серілердің өмірі қызық. Қазанғап, Біржан сал­дың өмірі туралы көп дерек оқимын.

– Қазір Алматыда қайда жұмыс іс­тейсіз?

– Мұнда туризм колледжінде түрік ті­лі­нен сабақ беремін. Оларға да сабақ ара­сында домбыра туралы сөз етемін. Негізі ар­манымның бірі – домбыра жасауды үй­рену. Содан соң елге танымал домбырашы­лар­мен үлкен залда күй тартқым келеді. 

– Жаңа бір сөзіңізде «Домбыраның арқасында Еуропа, Кавказ, Иранға ша­қыртылдым» деп қалдыңыз. Олар сізді YouTube парақшаңызға жүктеген видеолар арқылы таныған ба?

– Дәл солай. Жаңа айтқанымдай, мен әлемнің түрлі тілінде домбырамен айтқан әнімді ондағы жеке парақшама жүктей­мін. Бір мажар досым, ондағы «Тұран қорының» жетекшісі мажар тілінде дом­бырамен орындаған бір туын­дыны сан рет тыңдапты. Сосын маған хабарласып, «Әсерімді сипаттауға сөз жетпейді. Сенің жолыңды, қонақүйіңді төлейік. Сен біздің елге келіп, концертке қатысып, домбыра тартып бер» деді. Ол уа­қытта мен Әзербайжанда тұрамын. Әзер­байжанда тұратын түрік қазақтың дом­бырасымен мажардың әнін орындайды. Олар үшін бұл, әрине, қызық қой! 
Мен домбыраны қайтсем де үйренемін деп шешкенде, Түркияда ол аспаптың қыр-сырын үйрететін ешкім болмады. Кейін мен секілді үйренгісі келетіндердің қатары артты. Шебер тартпасам да, олар менен бірдеңе болса да үйренсін деген мақсатпен аз-аздан сабақтарды түсіріп, YouTube па­рақ­шама жүктеп жүрдім. Көп жас менен сабақ алды. Қазір домбырамен нан тауып отыр­мын. Тіпті, алдыма қырық жастан асқан­дар да домбырасын арқалап келеді. Дәу­леткерей атамыз да қырық жаста үйре­ніп, кейін «Көроғлы» күйін шығарған ғой. 
Нота білмесем де, туындыны естіп алған соң, рухты сезінемін, сөйтіп, домбыраға ыңылдап отырып, «түсіремін». Домбырашы ағайлардан «Құрманғазы кон­серваториясына барып, ұстаздардан сабақ алсам қалай болады?» деп сұрағанымда, «Жоқ. Олай істеме. Онда барсаң, саған бір фор­ма береді. Сен сол қалыптан аса алмай­сың. Сен бұрынғы жыраулар секілді өз бе­тіңше үйренгенсің. Соны еш бұзба, сти­ліңді өзгертпе» деп ақылын айтты.

– Бастапқыда домбыраны хобби ретінде үйренген екен деп ойласам, сіз үшін оның хоббиден әлдеқайда үлкен мәні бар екен ғой?

– Мұны хобби деп айтуға ұяламын. Бұл – менің жұмысым. Хобби деп бос уақытта айналысатын істі айтады ғой. Ал мен өмірімді домбыраға арнаған адаммын. Бұл – менің өмірлік ісім. Домбыра тартпай күніміз өтпейді. Үйде екі жасар баламның екі домбырасы бар. Өзімде бес домбыра бар. Барлығы да – кәсіби, сапалы аспаптар. Мен үй-жайым, көлігім жоқ болса да, жи­ған-терген ақшама домбыра сатып аламын. Қазір қолымдағы домбыраны екі мың АҚШ долларына сатып алғанмын.

– Домбыраға деген сүйіспеншілі­гіңіз­ді арттырып, оны шетелде наси­хат­тап жүргеніңіз үшін сізге алғысы­мыз­ды білдіреміз!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар