АҚШ-та жолаушылар ұшағы тас жолға құлап, өртенді

/
АҚШ-та жолаушылар ұшағы тас жолға құлап, өртенді
shutterstock.com

АҚШ-тың Техас штатындағы Ларедо қаласында бизнес-джет тас жолға құлап, артынша өртеніп кетті. Associated Press мәліметінше, апатқа ұшыраған Cessna Citation Latitude ұшағын NetJets компаниясы пайдаланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бортта барлығы алты адам болған. Олардың бірі қаза тауып, тағы бесеуі ауруханаға жеткізілді.

Апат Ларедо халықаралық әуежайының маңында болған. Полицияның хабарлауынша, оқиғаға дейін диспетчерлер ұшақта техникалық ақау бар екенін білген. Көп ұзамай экипажбен байланыс үзіліп, әуе кемесі Loop 20 тас жолына құлаған.

Оқиға орнынан түсірілген кадрларда куәгерлер мен құтқарушылардың жанып жатқан ұшақтан адамдарды шығаруға тырысқаны көрінеді. Өтіп бара жатқан азаматтар кабина терезесін балға және күрекпен сындыруға әрекет еткен. Куәгерлердің сөзінше, бірнеше адам, оның ішінде жасөспірімдер мен экипаж мүшесі аман қалған.

Ұшақ құлаған сәтте оның бір бөлігі тас жолмен келе жатқан көлікке тиген. Көлікте болған адамдар аман қалып, олар да дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Сондай-ақ құтқару жұмыстарына қатысқан бес полиция қызметкері түтінге улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Апаттан кейін Loop 20 тас жолындағы қозғалыс екі бағытта да жабылды. Мамандар ұшақ сынықтарын жинап, төгілген авиациялық отынның салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқиғаның нақты себебін АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі анықтайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар