Құрылтайда Жолдаудағы агросектор, су ресурстары және экологияға қатысты міндеттерді іске асыру жолдары талқыланды

Құрылтайда Жолдаудағы агросектор, су ресурстары және экологияға қатысты міндеттерді іске асыру жолдары талқыланды
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің жетекшісі Серік Егізбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Кеңейтілген отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар, және тиісті министрліктердің басшылық өкілдері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алқалы жиында вице-спикер Дания Еспаева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Жолдауда ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласында нақты міндеттер жүктегенін, бұл бағыттар экология және табиғи ресурстар мәселелерімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының жалпыұлттық Жолдау деңгейіне осы мәселелерді шығаруы жағдайдың шұғыл және жүйелі шешімдерді талап ететінін көрсетеді. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу жүйесін жетілдіру, ірі шаруашылықтар мен фермерлердің агрологистикалық орталықтарға кепілдендірілген қолжетімділігі, «Халық құрылысы» шеңберінде ауылдық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ АӨК-ге жасанды интеллект енгізу бойынша міндеттер қойды,– деді вице-спикер.  

Дания Еспаева сондай-ақ, су ресурстарының тапшылығы мәселесіне Мемлекет басшысы ерекше назар аударғанына тоқталды. Президент суды тұтынуға бақылауды күшейтуді, желілердегі шығындарды азайтуды, тарифтік реформаны соңына дейін жеткізуді және қысқа мерзімде су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтауды тапсырғанын айтты. 

Мемлекет басшысы судың нақты құны бойынша бағалануы тиіс екенін, ал оған ұқыпты қарау шаруашылықтың міндетті қағидаты болуы қажеттігін атап өткеніне де назар аударылды. Бұл табиғатты ұтымды пайдалануға, экожүйелерді, өзендер мен көлдерді сақтауға, яғни экологиялық ведомствоның жауапкершілік саласына тікелей қатысты. 

Дания Еспаева Құрылтай депутаттары Президенттің тапсырмаларының тиімді әрі белгіленген мерзімде орындалуына өз үлестерін қосатынын жеткізді. 

Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Жандос Сәлімов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында айқындалған тапсырмаларын орындау аясында су саласын жүйелі түрде трансформациялау жұмыстары жүргізілетінін айта келіп, оның негізгі бағыттарына тоқталды. Ол: Салаға қатысты заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік бақылау; Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту; Халықаралық қаржыландыруды тарту; Су үнемдеу технологияларын енгізу; Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру; Тарифтік саясатты жетілдіру; Су ресурстарын басқаруды цифрландыру.

– Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету, тарифтік саясатты жетілдіру және жаңа Су кодексінің ережелерін іс жүзінде іске асыру ерекше маңызға ие. Аталған шаралар тұрғындарды және экономиканы сумен қамтамасыз етуге, стратегиялық маңызы бар су объектілерін сақтауға және еліміздің су ресурстарына қатысты ұзақ мерзімді қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов отандық агроөнеркәсіп кешенінің алдында саланың өнімділігі мен технологиялық деңгейін арттыру бағытын жалғастыру міндеті тұрғанын, қазіргі қолданыстағы озық тәсілдерді ауыл шаруашылығының барлық салаларына кеңінен тарату және қолдану тапсырылғанын айтты.

 – Осы мақсаттарға қол жеткізудің басты шарты – фермерлердің өз қызметін ұзақ мерзімді перспективада жоспарлауы үшін жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімді болуы. Саланы ұзақ мерзімді жеңілдікті инвестициялармен қамтамасыз ету үшін бюджеттік және коммерциялық қаражатты біріктіру қағидаты көзделіп отыр. Бұл қаржының қолжетімділігін арттырады және уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді, – деді вице-министр. 

Оның айтуынша, «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды және оларды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу бағдарламаларына несиеге беру жалғастырады. Ал ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту және отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін «ҚазАгроҚаржы» арқылы жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. 

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитін қамтамасыз ету міндеті қойылғанын, бұл ретте электр станциялары мен желілерін салу және жаңғырту, «таза» көмір және жаңартылатын генерацияны, ең алдымен күн генерациясын дамыту көзделіп отырғанын айтты. Министрлік көмір станцияларын пайдалану кезінде тазарту технологияларына және шығарындыларды бақылауға ерекше назар аударылады. Жаңғырту жұмыстары кезінде ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргіледі. 

 «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қалалар мен ауылдарда тазалық пен тәртіптің сақталуына, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтердің қоқыстарды уақтылы шығаруына мән беріледі. Контейнерлік алаңдардағы тәртіпті және стихиялық қоқыстарды жоюды қамтамасыз ететін болады.

Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге және вице-министрлердің баяндамаларында айтылған мәселелер бойынша жан-жақты сұрақтар қойды. 

Кеңейтілген отырысты түйіндеген Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Жолдаудың аясында алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, комитет мүшелерінің ұсыныстары Үкіметке жолданатынын жеткізді.  

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар