Британдық саяхатшы Карл Бушби 28 жылға созылған сапарын аяқтап, туған үйіне оралды. Ол Чилиден Англияға дейін шамамен 50 мың шақырым жол жүріп, 2 қарашада Халл қаласындағы анасының үйіне жетті. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
57 жастағы бұрынғы десантшы Карл Бушби саяхатын 1998 жылғы қарашада Чилидің Пунта-Аренас қаласынан бастаған. Ол кезде небәрі 28 жаста еді. Бушби алдына бір мақсат қойған: ешқандай көлікке мінбей, құрлықпен жаяу, ал қажет болған жағдайда судан жүзіп өтіп, Англиядағы анасының үйіне жету. Ол сапарын аяқтамайынша туған үйіне оралмауға уәде берген.
«Голиаф экспедициясы» деп аталған бұл сапар бастапқыда он жылға жоспарланған. Алайда саяхатшының жолында талай кедергі кездескен. Ол Орталық Америкадағы қауіпті Дарьен орманын кесіп өтіп, Аляска мен Ресей арасындағы Беринг бұғазынан мұз үстімен өткен. Кейін Каспий теңізі мен Ла-Манш бұғазын жүзіп кесіп өтуіне тура келген.
Саяхат кезінде Бушби бірнеше рет өміріне қауіп төнген жағдайларға тап болған. Ол Панама мен Ресейде ұсталып, түрлі елдерге кіруге рұқсат алу үшін жылдар бойы күткен. COVID-19 пандемиясы мен геосаяси жағдай да сапарының созылуына әсер еткен.
Ақыры 2026 жылғы қазанда Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен саяхатшы Ұлыбританияға жетті. Ал 2 қарашада туған қаласы Халлға оралғанда оны мыңға жуық адам қошеметпен қарсы алды.
«28 жылдан кейін бұдан артық қарсы алуды елестету мүмкін емес. Бұл – ақылға сыймайтын жағдай», – деді Бушби өзін қарсы алуға жиналған жұртқа.
Осыдан кейін ол сапарының соңғы бірнеше шақырымын жүріп өтіп, анасы Анджеланың үйіне жетті. Анасы мен баласы көпшіліктің көзінше құшақтасып қауышты. Бушби сондай-ақ 36 жастағы ұлы Адаммен қайта кездесіп, 12 жастағы немересін алғаш рет көрді.
Осылайша төрт құрлық пен 30-ға жуық елді қамтыған, 28 жылға созылған ерекше саяхат аяқталды.
Бушбидің айтуынша, осы уақыт бойы оның өмірі тек келесі қадамға, келесі шекараға жетуге бағытталған. Енді ол ұзақ жылдарға созылған сапардан кейінгі жаңа өміріне бейімделуі керек.
Айта кетейік, саяхатшы сапары кезінде Каспий теңізін де жүзіп өткен.