АҚШ-тың солтүстік-батысындағы Орегон штатында екі тікұшақ әуеде соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапты. Қайғылы оқиға шағын әуежайдың маңында болған. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Ямхилл округі шерифі кеңсесінің мәліметінше, апат Макминнвилл муниципалды әуежайы маңында тіркелген. Соқтығысқан тікұшақтардағы үш адамның ешқайсысы аман қалмаған.
Қаза тапқандардың қатарында Техас штатынан келген ұшу нұсқаушысы, Ұлыбритания азаматы – курсант-ұшқыш және Орегон штатының Ньюберг қаласының тұрғыны бар.
АҚШ Федералдық авиация басқармасының мәліметінше, апатқа Robinson R22 және Airbus H125 тікұшақтары қатысқан. Бірінші тікұшақтың бортында бір адам, ал екіншісінде екі адам болған.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар апаттың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.