Құстардың сайрауы мен адамның ән айтуы бір-біріне біз ойлағаннан әлдеқайда ұқсас болып шықты. Канаданың Макгилл университетінің ғалымдары жүздеген құс түрінің дауысын зерттеп, олардың сайрауында адам әні мен сөйлеуіне тән ортақ заңдылықтарды анықтады. Зерттеу нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар 367 құс түрінің дауысын зерттеп, оларды әлемнің 52 тіліндегі адам сөзімен және әнімен салыстырған. Барлығы 74,5 мыңнан астам құс дыбысы талданған.
Нәтижесінде құстар мен адамдардың дыбыс шығаруында үш негізгі ұқсастық анықталды. Біріншіден, екеуі де әуеннің биіктігін бірден күрт өзгертпей, біртіндеп ауыстыруға бейім. Екіншіден, олардың дауысына белгілі бір ырғақ пен қайталану тән. Үшіншіден, ән немесе сөйлем аяқталар тұста соңғы дыбыс көбіне созылыңқы айтылады.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл ұқсастықтар адамдар мен құстардың дыбыс шығару мүшелерінің жұмысымен байланысты болуы мүмкін. Мәселен, дыбыс биіктігін күрт өзгерту физиологиялық тұрғыдан қиын, ал соңғы дыбыстың созылуы тыныс алу ерекшеліктеріне байланысты болуы ықтимал.
Зерттеу барысында ғалымдар құстардың төрт тобын салыстырған. Олардың қатарында сайрауық құстар, колибрилер, тирантәрізділердің бір тобы және тентекқұстар бар.
Бір қызығы, кейбір құстар ән салуды басқа құстарға еліктеу арқылы үйренсе, өзгелерінің дауысы туа біткен қабілетке негізделеді. Мәселен, сайрауық құстар мен колибрилер дыбыстарды үйрене алады. Ал зерттеуге алынған басқа екі топта дауыс шығару үлгілері негізінен туа біткен.
Бастапқыда ғалымдар ән салуды үйренетін құстардың дауысы адам әніне көбірек ұқсайды деп болжаған. Алайда тәжірибе бұл болжамды растамады. Ортақ заңдылықтар ән салуды үйренетін құстарда да, дауысы туа біткен құстарда да байқалған.
«Құстар мен адамдардың дыбыс шығаруындағы ұқсастықтар олардың ортақ физиологиялық мүмкіндіктері мен шектеулеріне байланысты болуы мүмкін», – дейді зерттеудің жетекші авторы Логан Джеймс.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық адам тілі мен құстардың сайрауы бірдей жолмен қалыптасқанын білдірмейді. Дегенмен әртүрлі тіршілік иелерінің дыбыстық қарым-қатынасында ортақ заңдылықтардың болуы сөйлеу мен ән айтудың биологиялық негіздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеушілер алдағы уақытта ән салуды үйренбейтін құстарға да көбірек назар аударуды жоспарлап отыр. Өйткені олардың дауысы адам сөйлеуіне тән кейбір ерекшеліктердің қалай пайда болғанын түсіндіруге көмектесуі мүмкін.