Бүгін Астанада «Әділет» партиясы Жастар қанатының «Bir Tolqynda» диалог алаңында Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды. Жиынға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Дидарбек Ділдәбек, Ақерке Искандерова және елорданың белсенді жастары қатысты. Қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің өзектілігін талқылап, бұл процестерге жастардың қосар үлесін саралады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысының жақында халыққа жолдаған Жолдауы үлкен маңызға ие. Қазір еліміздің түпкір-түпкірінде Жолдаудағы басым бағыттар талқыланып жатыр. Үкімет осы Жолдауды жүзеге асыру жоспарын құрып, бекітуде. «Bir Tolqynda» жобасын бүкіл облыста өткіздік, енді жастармен пікір алмасайық деп Астанада өткізіп отырмыз. Республика көлемінде Жолдауды түсіндіру бойынша 3 мыңнан астам іс-шара өтті. Жолдауда айтылған негізгі бағыт – халықтың әл-ауқатын көтеру. Ол тек халықтың табысын көтеру емес, сонымен қатар өмір сапасын, инфрақұрылымын жақсарту, сапалы қызмет көрсету», – деді Ержан Жылқыбаев.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ақерке Искандерова Жолдауда көзделген міндеттерді жүзеге асыруда білімді, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары жас буынның рөлі зор екенін атап өтті.

«Президент те өз Жолдауында жастардың қоғамда болып жатқан өзгерістерге ат салысуына еш кедергі жоқтығын, керісінше қоғам өміріне белсене қатысуға тиістігін атап өтті. Аймақтарда жастардың сапалы білім алуына, балаларын жақсы балабақшаға, жақсы мектепке беруге мүмкіндігі болса, ол аймақ дамитыны сөзсіз. Қазір әлем қарқынды дамып келеді. Цифрландыру, ғаламтор қоғамға қаншалықты мүмкіндік берсе, соншалықты қауіп те төндіруі мүмкін. Сондықтан бізге Президентіміз айтқандай осындай қауіп-қатердің ара-жігін ажырататын білімді, сыни ойлау қабілеті бар жастар керек», – деді А.Искандерова.
Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбектің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алады. Сондай-ақ ол «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асатын инфрақұрылымдық жобалардың жас буын үшін маңызына тоқталды.

«Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында көптеген маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде цифрландыруды жастар үшін ерекше мүмкіндіктер ашатын бағыт деп айта аламын. Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірлерді, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі міндеттері партиямыздың негізгі бағытына сай келеді. Бұл бізге ашық әрі нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Еліміз маңызды өзгерістердің алдында тұр. Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында стадиондар, әуежайлар мен туристік нысандар салынбақ. Мұның бәрі жастардың дамуына қолайлы жағдай жасамақ», – дейді ол.

Кездесу соңында жастар қатысушыларға көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.