Нидерландыда көрермендерге сүйікті фильмдерін гипнозбен ұмыттырып қайта көрсетпек

/
Нидерландыда көрермендерге сүйікті фильмдерін гипнозбен ұмыттырып қайта көрсетпек
сурет: istockphoto.com

Нидерландта ерекше тәжірибе өткізілмек. Көрермендерді гипноз арқылы сүйікті фильмдерін ұмыттырып, оны алғаш көргендегідей әсерге бөлеу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы Pathé кинотеатрлар желісі қолға алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Pathé REWIND деп аталатын тәжірибе 9 қарашада Гаага қаласындағы Pathé Buitenhof кинотеатрында өтеді. Оған 30 адам қатысады. Ұйымдастырушылар гипноздың көмегімен бұрын көрген фильмнің оқиғасын уақытша ұмытып, оны қайтадан алғаш көргендей қабылдауға бола ма деген сұраққа жауап іздемек.

Қатысушыларға төрт танымал фильм ұсынылған: «Матрица», «Жеті», «Ла-Ла Ленд» және «Интерстеллар». Олардың таңдауы негізінде бір фильм анықталып, тәжірибе кезінде көрсетіледі.

Алдымен әр қатысушы гипноз саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар гипнотерапевт Виктор Крамермен жеке онлайн сеанс өткізеді. Кейін кинотеатрдағы көрсетілім басталар алдында олар қайтадан гипнозға енгізіледі.

Ұйымдастырушылар көрермендердің фильмдегі оқиғаларды, күтпеген бұрылыстарды және финалды ұмытып, алғашқы көрсетілім кезіндегі таңданыс пен толқуды қайта сезіне алатынын тексермек.

Дегенмен гипноздың адамның есінен белгілі бір фильмді өшіре алатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Сондықтан тәжірибенің нәтижесі әзірге белгісіз. Көрермендердің фильмді шынымен ұмытатынына да кепілдік жоқ.

«Кім сүйікті фильмін қайтадан алғаш рет көргісі келмейді? Біз бұл әсерді ерекше тәжірибе арқылы қайтаруға тырысамыз», – дейді Pathé компаниясының PR менеджері Имке ван Схайк.

Тәжірибеге қатысу тегін. Өтінім қабылдау 29 қазанда аяқталған. Ұйымдастырушылар 9 қарашадағы көрсетілімнен кейін гипноздың көрермендердің фильмді қабылдауына қаншалықты әсер еткенін бағаламақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар