Балабақша қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған – 30-дан астам адамды жұмыспен қамтыған депутат

/
Балабақша қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған – 30-дан астам адамды жұмыспен қамтыған депутат
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«AMANAT» партиясының халықтың әл-ауқатын арттыру, осал топтағы жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жобаларының бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Аталған жоба арқылы қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған белсенділер де аз емес. Солардың бірі – Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Әйелдер қанатының» жетекшісі Ақмарал Маликова. Ақмарал Орманәліқызы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, «Бақытты отбасы» жобасы аясында үш ана – Майя Есенбаева, Жанерке Жұмабек пен Ақбаян Тұрғанованы «Ақсымбат» бөбекжай балабақшасына тәрбиеші етіп жұмысқа алған.

«Өзім осы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. 1994 жылы мектепті тәмамдап, Қызылордадағы колледжге заңгер мамандығына құжат тапсырып, сырттай бөлімге түстім. Оқуға түскен соң, Жаңақорғанға келіп, балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа тұрдым.  Балабақшада жұмыс істеп жүрген соң, тәрбиеші мамандығына түскім келді. Сөйтіп, колледжді бітіргеннен кейін Шымкентке, мектепке дейінгі даярлық мамандығына оқуға тапсырдым. Біз жақта лаймен емдейтін «Жаңақорған шипажайы» деген санаторий бар. 2013 жылы сол санаторийдің жанынан өзімнің жеке балабақшамды аштым. Ол жерде балабақша болмады, ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша 50 орындық балабақша аштық. Сұраныс көбейе берді. Сол себепті 2014 жылы балабақшаны 75 орынға дейін кеңейттік. 2016 жылы Жаңақорғаннан екінші балабақшаны аштым. Бастапқыда балабақша ғимараттарын жалға алып жүрдік. Ал 2024 жылы жер алып, 200 орындық үлкен балабақша салдық. Сөйтіп алдыңғы екі балабақшаны біріктіріп, бүкіл қызметкерлерін, балаларды жаңа, үлкен «Ақсымбат» балабақшасына көшірдік», – дейді ол.

Қазір мұнда екі жүзге жуық бала тәрбиеленіп, отыздан астам маман еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр.

«Қазір жалпы саны 190 бала бар. 8 топ, екі жастан бастап 5 жасқа дейін. Тек қазақ топтары. Мектепалды даярлық тобы және бар. Біздің балабақша Жаңақорған ауданы бойынша ең үлкен балабақша саналады. Негізі 200 балаға есептелген. Қазір «Ақсымбат» балабақшасында 32 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде тәрбиешілер, тәрбиешілердің көмекшілері, аспаз, педагог мамандар, логопед, психолог, медбике, қарауыл, әдіскер, ұйымдастырушы, мобилограф бар. Мәслихат депутаты әрі кәсіпкер болған соң тұрғындар әртүрлі мәселемен келеді. Кейбірі отбасына қолдау көрсетуді, құжат жағынан көмектесуді, жұмысқа орналастыруды сұрайды, көп балалы аналар келеді. Майя Есенбаева, Жанерке Жұмабек пен Ақбаян Тұрғанова да былтыр желтоқсан айында жұмыс іздеп келген болатын. Биыл қаңтар айында жаңа топ ашылғанда жұмысқа қабылдадым. Қазір жақсы жұмыс істеп жүр. Балабақшада қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы толықтай жасалған. Зейнетақы жарнасы, салық, еңбек демалысы түгелдей төленеді, бәрі заңға сай қарастырылған», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары