Педагог-ассистенттің еңбегі лайық бағаланып жүр ме?

Педагог-ассистенттің еңбегі лайық бағаланып жүр ме?
ЖИ арқылы жасалған сурет

Баланың денсаулығы мен жеке ерекшелігіне қарамастан, оның сапалы білім алып, қатарластарымен бірге дамуына баса назар аудару – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға, арнайы орталықтар ашуға және қажет мамандар даярлауға көңіл бөлініп келеді. Дегенмен баланың мектепке баруы мен білім беру ұйымында қажет те қолайлы жағдайдың болуы оның сапалы білім алуына толық кепілдік бермейді. Оқу барысында баланың үнемі жанында болып, оның ортаға бейімделуіне көмектесетін педагог-ассистенттердің де рөлі зор. Олар баланың сабаққа қатысуына ғана емес, айналасымен қарым-қатынас жасауына, біртіндеп дербестікке үйренуіне де көмектеседі. Дегенмен осындай жауапкершілігі мол қызметтің маңызына қарамастан, педагог-ассистенттердің еңбек жағдайы мен кәсіби қызметін реттеу мәселесі әлі де өзекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының фракция мүшесі Айнагүл Балташева бүгін өткен Құрылтай отырысында педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мамандардың апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат көлемінде бекіту мүмкіндігін қарастырып, олардың өзге кәсіби міндеттеріне жұмсайтын уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет.

«Педагог-ассистент – баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман.

Алайда бүгінгі таңда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр», – дейді депутат.

Депутаттың сөзінше, қолданыстағы нормативтік құжаттарда педагог-ассистенттердің қызметі мен біліктілік талаптары айқындалғанымен, нормативтік оқу жүктемесін белгілеу мәселесі нақтылауды қажет етеді. Бұл аймақтарда жұмыс уақытын және еңбекақыны есептеуде әркелкі жйүенің қалыптасуына, мамандардың тұрақтамауына және балаларға көрсетілетін қолдаудың үздіксіздігіне әсер етуі мүмкін.

Айнагүл Балташева осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне үш ұсыныс жолдады. Біріншісі – педагог-ассистенттердің апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат көлемінде белгілеуді, оны заңнамалық тұрғыдан бекітуді және қаржылық негіздеме әзірлеуд. Екіншісі – Баланы сүйемелдеу уақыты мен өзге де кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеуді. Үшіншісі – педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу.

Депутаттың пайымынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы қолдау көрсету үшін олардың жанында жұмыс істейтін мамандардың еңбегі де әділ бағалануы керек.

«Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек», – дейді депутат.

Маман даярлау – маңызды міндет

Ресми деректерге сүйенсек, 2025-2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оның 70 мыңы – бала мектепке дейінгі жастағы, ал – 165 мыңы бала мектеп жасындағы балалар. Мектеп жасындағы 165 мың баланың 73%-ы жалпы білім беретін мектептерде, тағы 17 мыңы арнайы мектептерде оқиды.

Министр Жұлдыз Сүлейменова биыл сәуір айында өткен Үкімет отырысында елімізде жыл сайын инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК), түзету кабинеттері, аутизм және оңалту орталықтарының желісі жыл сайын кеңейтіліп жатқанын атап өтті. Министр ұсынған дерекке сенсек, бүгінде елімізде арнайы білім беру ұйымдарының саны – 539, оның ішінде 126 ПМПК, 240 түзету кабинеті, 12 аутизм және 14 оңалту орталығы, 99 арнайы мектеп, 48 арнайы балабақша бар.

Жалпы, елімізде инклюзивті білім беруге жағдай мектепке дейінгі ұйымдардың 80%-ында, мектептердің 95%-ында, техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының 90%-ында жасалған.

Балалармен 11 336 арнайы педагог, 6,5 мыңға жуық педагог-ассистент және 250 жеке көмекші жұмыс істейді. Дегенмен, министрлік өңірлерде 3 500-ден астам арнайы педагог жетіспейтінін растайды. Бұл мәселе, әсіресе, ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлерде өзекті.

Ал арнайы педагогтерді 17 жоғары оқу орындары даярлайды. Биылғы оқу жылынан бастап 8 колледжде «Логопедия» мамандығы бойынша дайындық басталды. Сонымен қатар, тағы 6 колледжде педагог-ассистенттерді даярлау ісі қолға алынды.

Десе де арнайы ұйымдар желісінің кеңеюі мен мамандар даярлауда жұмыстарға қарамастан, инклюзивті білім берудің сапасы әлі де бірқатар мәселеге байланысты. Балалар санының артуы олардың әрқайсысына қажетті деңгейде қолдау көрсетуді талап етеді. Ал бұл міндетті атқаратын педагог-ассистенттердің жұмыс жүктемесі мен еңбек жағдайы нақты реттелмесе, жүйені дамытудағы сандық көрсеткіштер күткен нәтижеге жеткізбеуі мүмкін. Сондықтан ендігі кезекте мамандар санын арттырумен қатар, олардың кәсіби еңбегін әділ бағалап, тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау да маңызды.

Әрі ұстаз, әрі анадай қамқор жан

Педагог-ассистент еңбегінің маңызын ерекше білім беруді қажет ететін қыз баланы тәрбиелеп отырған журналист Маржан Бакиева жақсы түсінеді. Ол педагог-ассистенттің балаға ұстаз ғана емес, анадай қамқор жан екенін ерекше атап өтті.

«Біздің педагог-ассистентіміз қызымды мектеп табалдырығынан қарсы алып, оқу күні аяқталған соң шығарып салады. Педагог-ассистент – жай ғана педагог емес. Ол екі міндетті қатар атқарады. Ол балаларымызға әрі ұстаз, әрі туған анасындай қамқорлық танытады. Сабақ кезінде баланы жеке бағдарлама бойынша оқытады. Одан бөлек дәретханаға, асханаға, дене шынықтыру сабағына, кітапханаға, экскурсияға және басқа да орындарға ертіп барады. Сонымен қатар баланың ортаға сіңісіп кетуіне де белсенді түрде ықпал етеді, атап айтсам, оны мектеп өміріне араластырып, басқа балалармен достасуға, тіпті, заттарын бөлісуге, сабақта қол көтеруге үйретеді.

Жалпы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы оқыту оңай емес. Қызымның кейде тапсырмаларды орындаудан бас тартатынын немесе оған басқа балаларға қарағанда ұзағырақ үзіліс қажет болатынын білемін. Психикалық дамуында ерекшеліктері бар балалар әдетте тез шаршайды. Шу мен жарыққа, үйреншікті емес мектеп формасына, ерте оянуға тітіркенуі мүмкін. Дене шынықтыру сабағындағы эстафетада жеңіліп қалса немесе басқа баламен бір нәрсеге келісе алмаса, көңіліне алып, ренжуі мүмкін. Оның үстіне, баланың сөйлеу қабілеті шектеулі болғандықтан, өз ойын толық жеткізе алмайтыны тағы бар. Ренжігенін, ыстықтап кеткенін немесе жай ғана шаршағанын түсіндіруі қиынға соғады. Мұның барлығы эмоциялық күйзеліске ұшырап, ашуланып кету қаупін арттырады. Педагог-ассистент осындай жайттардың бәрін біліп, ескеруі керек. Ол бір сабақтың ішінде баланы оқу бағдарламасына сай оқытып үлгеруге тиіс. Ал үзіліс кезінде өзі демалудың орнына, баланың жанында болып, көмектесіп, бағыт-бағдар беріп, туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуы қажет. Мәселен, дәретханаға барғысы келетін-келмейтінін алдын ала сұрап, баланың қажеттілігін дер кезінде аңғара білуі маңызды», – дейді ол.

Маржанның айтуынша, педагог-ассистенттің жұмысы сабақ аяқталған соң да жалғасады. Педагог ата-аналармен үнемі байланыста болып, сабақ барысынан бейнежазбалар жібереді, баланың күні қалай өткенін айтып отырады. Ата-аналар да өз кезегінде бала үйде болғанда қандай жаңалықтар болғанын, нені ескеру керектігін хабарлап отырады. Әсіресе, демалыста бұған дейін қалыптасқан дағдыларын қолдануда қиындықтар туындап, мінез-құлқында өзгерістер байқалуы мүмкін. Бұдан педагог-асистенттің міндеті оқу күнімен шектелмейтінін, маман үшін баланың демалыс кезіндегі де жағдайы мен мінез-құлқындағы өзгерістерден де хабардар болуы маңызды екенін аңғарамыз.

Маржан осындай жауапкершілігі мол жұмыс пен ата-анамен тығыз байланысты ескере отырып, педагог-ассистенттердің еңбегі лайық бағаланып, жалақысы мен кәсіби беделі арта түссе дейді.

«Педагог-ассистенттің нақты қанша жалақы алатынын білмеймін. Алайда алатын еңбекақысы атқаратын жұмысына мүлде сай келмейтінін жақсы түсінемін. Өйткені бұл мамандық үлкен эмоциялық және физикалық күшті талап етіп қана қоймай, баланың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік жүктейді. Психикалық дамуында ерекшеліктері бар балалар айналасындағы қауіп-қатерді әрдайым түсіне бермейді. Мысалы, баспалдақтан құлап кетуі немесе мектептен қашып шығуға әрекет жасауы мүмкін. Осындай орасан жүктеме, жоғары жауапкершілік, төмен жалақы және кейбір ата-аналардың педагогке шектен тыс талап қоюы маманның кәсіби қажуына әкелуі мүмкін деп ойлаймын.

Мен осындай күрделі әрі бірнеше міндетті қатар атқаратын мамандардың еңбегі лайық бағаланып, тиісті жалақы алғанын қалаймын. Педагог-ассистент мамандығының беделі жоғары болып, мамандардың біліктілігін тұрақты арттыруға мүмкіндік берілуі керек. Сонда барлығы ұтады: педагог-ассистенттер кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылады, ал ата-аналар балаларына білікті маман қарайтынына сенімді болып, көңілі тыныш болады», – дейді ол.

Талап көп, ал қолдау жеткілікті ме?

Елімізде педагог-ассистент қызметі 2019 жылдан бастап білім беру жүйесіне енгізілсе де, бұл маманның нақты міндетін көпшілік жете түсіне бермейді. Көп жағдайда оны ерекше баланың жанында отыратын көмекші деп қана қабылдайды. Астанадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы № 83 мектеп-гимназиясының инклюзивті білім беру жөніндегі менеджері Гүлжаһан Жахинаның айтуынша, педагог-ассистенттің қызметі көпшілік ойлағандай, баланың жанында отырып, оны бақылаумен ғана шектелмейді.

«Өкініштісі сол, қоғамда педагог-ассистенттің қызметі туралы түсінік әлі де толық қалыптаспаған. Кейбір адамдар педагог-ассистенттің міндетін ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың жанында отырып, оны бақылаумен ғана шектейді. Алайда бұл – оның жұмысының сырт көзге көрінетін бір ғана бөлігі.

Шын мәнінде, педагог-ассистенттің жұмысы әлдеқайда ауқымды әрі жауапты. Ол баланың оқу үдерісіне бейімделуіне, тапсырмаларды түсінуіне, сыныптағы басқа оқушылармен қарым-қатынас орнатуына және мүмкіндігінше өз бетінше әрекет етуіне көмектеседі. Сонымен қатар баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, мұғаліммен, психологпен және басқа да мамандармен бірлесе жұмыс істейді.

Менің ойымша, педагог-ассистенттің басты мақсаты – баланың орнына әрекет ету емес, оның өз мүмкіндіктерін ашуына жағдай жасау. Біз баланы үнемі біреудің көмегіне тәуелді етпей, керісінше, біртіндеп дербестікке үйретуіміз керек. Сондықтан қоғамға инклюзивті білім берудің мәнін және педагог-ассистенттің нақты рөлін кеңінен түсіндіру маңызды. Өйткені инклюзия – тек бір баланы сыныпқа орналастыру емес, әр баланың өзін қабылданған, қауіпсіз және білім алуға қабілетті тұлға ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Ал бұл бағытта педагог-ассистенттің еңбегі өте маңызды», – дейді маман.

Инкллюзивті білім беруді сөз еткенде көбіне балаға қандай жасалғаны туралы айтылады. Дегенмен сол жағдайды қамтамасыз ету үшін жоғарыда байқағанымыздай, тіпті демалыс күндері еңбек ететін педагог-асистенттерді толғандыратын мәселе де аз емес. Маманның пайымынша, инклюзивті білім берудің сапасы балаға жасалған жағдайға ғана емес, онымен жұмыс істейтін маманның кәсіби дайындығы мен еңбек жағдайына да байланысты. Осы ретте Гүлжаһан Қанатқызы шешімін табуға тиіс бірнеше маңызды мәселені атап өтті.

«Біріншіден, педагог-ассистенттердің еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қолдауын күшейту қажет. Себебі бұл мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен күнделікті жұмыс істеп, үлкен жауапкершілік атқарады. Олардың еңбегі лайықты бағалануға тиіс.

Екіншіден, педагог-ассистенттердің міндеттері мен құқықтарын нақты айқындау керек. Педагог-ассистенттің қызметі тек баланың жанында отырумен шектелмейді. Ол баланың оқу үдерісіне қатысуына, сыныпқа бейімделуіне, қарым-қатынас жасауына және дербестігін дамытуына көмектеседі. Сондықтан мектептегі басқа мамандармен бірлескен жұмыстың нақты тәртібі белгіленуі қажет.

Үшіншіден, кәсіби даярлық пен әдістемелік қолдауды күшейту қажет. Педагог-ассистенттерге тұрақты біліктілікті арттыру курстары, тәжірибе алмасу алаңдары, заманауи әдістемелік құралдар және психологтер мен арнайы педагогтердің қолдауы қажет», – дейді Гүлжаһан Қанатқызы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар