Қандай да бір қызмет алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрып, анықтама жинап, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын күндер өткеннің еншісінде қалды. Қазір елімізде барлық қызметті онлайн, жылдам алуға болады. Жеке куәлікті де, зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты да онлайн аламыз, дәрігерге де онлайн тіркеліп, түрлі өтінішті де онлайн жолдаймыз, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қызметтердің 90%-ы цифрлық форматқа ауысқан. Бұл – жай ғана технологиялық көрсеткіш емес, бұл – мемлекет пен азаматтар арасындағы байланыстың жаңа модельге көшкенінің белгісі. 2025 жылдың қорытынды деректеріне сүйенсек, электрондық үкімет порталына тіркелгендер саны 15,1 миллионнан, ал eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 11,7 миллионнан асқан.
Еліміздің цифрлық үкіметі халықаралық рейтингтерде де жоғары орындарға көтеріліп, электрондық қызметтерді дамытуда елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы электрондық үкіметті дамыту жөніндегі зерттеуінде Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орынға тұрақтаған. Алайда халықаралық рейтингтегі орын тек электрондық қызметтердің санына байланысты қалыптаспайды. БҰҰ бағалауында онлайн мемлекеттік қызметтердің дамуымен қатар телекоммуникациялық инфрақұрылым мен халықтың адами капиталы да ескеріледі. Демек, цифрлық үкіметтің табысы бірнеше фактордың үйлесіміне байланысты. Біріншіден, азаматтардың қызметтерді интернет арқылы алатын мүмкіндігі болуы керек. Екіншіден, интернет жылдам әрі тұрақты жұмыс істеуі қажет. Үшіншіден, азаматтар цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалана алуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның халықаралық рейтингтегі орны – маңызды өлшем. Десе де ол цифрлық трансформация толық аяқталды дегенді білдірмейді.
Қазақстанның цифрлық үкіметінің қалыптасуында eGov.kz электрондық үкімет порталы ерекше орын алады. Ол мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат беретін және өтініш қабылдайтын платформа ғана емес, шын мәнінде азаматтар мен мемлекет арасындағы негізгі цифрлық байланыс арнасына айналды. Одан кейінгі маңызды саты – eGov Mobile мобильді қосымшасының дамуы болды. Смартфон арқылы қызмет алу азаматтардың мемлекеттік сервистерді пайдалану тәсілін өзгертті. Енді ешкім компьютерге тәуелді емес, қалта телефонмен-ақ жұмысын бітіре беретін болды. Ал электрондық цифрлық қолтаңба, биометриялық сәйкестендіру және QR-код арқылы растау сияқты технологиялар онлайн қызметтерді рәсімдеуді одан әрі жеңілдетті.
Бұл өзгерістер GovTech тұжырымдамасының мәнін ашады. GovTech – мемлекеттік басқаруда технологияларды пайдаланып қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәсілін, әкімшілік процестерді және азаматтармен өзара байланысты жетілдіруге бағытталған жүйе. Оның түпкі мақсаты – мемлекеттік қызметті азаматқа барынша жақындату.
Цифрлық мемлекет – технологиядан да кең ұғым. Цифрлық үкіметтің табысын тек қызметтердің электрондық форматқа көшірілуімен өлшеуге болмайды. Оның шынайы тиімділігі – азаматтардың уақытын қаншалықты үнемдейтініне, мемлекеттік органдардың жұмысын қаншалықты ашық ететініне және әр адамның сапалы қызмет алу мүмкіндігін қамтамасыз етуіне байланысты. Цифрлық қызметтерден әлемде көшбасшы орындарға шыққан Қазақстан үшін келесі кезең – цифрлық үкіметті азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделген, өзара байланысқан және қауіпсіз жүйеге айналдыру. Өйткені цифрлық мемлекеттің басты жетістігі – технологияның күрделілігінде емес, азаматтың өмірін қаншалықты жеңілдеткенінде.
Ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді тұрақты сапамен, қауіпсіздікпен және азаматтардың нақты қажеттіліктерімен ұштастыру. Сол себепті цифрлық сауатты арттыру және интернет инфрақұрылымын дамыту жалғасуға тиіс. Технологиялардың қолжетімділігі халықтың тұрғылықты жеріне немесе жасына байланысты шектелмеуі қажет.
Тағы бір өзекті мәселе – жеке деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік. Ақпараттық қауіпсіздік – цифрлық үкіметтің басты сынағының бірі. Мемлекеттік қызметтер цифрланған сайын жеке деректерді қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Электрондық үкімет жүйелерінде жеке басын куәландыратын мәліметтер, мүлікке, әлеуметтік төлемдерге, тұрғылықты мекенжайына қатысты ақпарат жинақталады. Мұндай деректердің қауіпсіздігіне нұқсан келсе, оның салдары азаматтар үшін де, мемлекет үшін елеулі болмақ. Мемлекет тарапынан ақпараттық жүйелерді тұрақты жаңарту, киберқауіпсіздік шараларын күшейту, деректерге қол жеткізуді бақылау және инциденттерге жедел әрекет ету тетіктерін дамыту қажет. Сонымен қатар азаматтар өздерінің жеке деректері қалай пайдаланылатынын түсініп, ақпаратқа қатысты сұрақтар туындаған жағдайда қайда жүгінуге болатынын білуі керек. Цифрлық үкіметке деген сенім қызметтердің жылдамдығымен ғана емес, азаматтардың деректерінің қаншалықты қорғалатынымен де өлшенеді.
GovTech дамуының келесі кезеңі жасанды интеллект технологияларымен тығыз байланысты. Жасанды интеллект азаматтардың сұрақтарына жауап беруге, қажетті қызметтерді іздеуге, құжаттарды өңдеуге және мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға көмектесе алады. Мұндай технологиялар қарапайым сұрақтарға жауап беру уақытын қысқартып, қызметкерлердің күрделі мәселелерге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасауы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін толығымен алмастыратын құрал ретінде емес, шешім қабылдауға көмектесетін технология ретінде қолдану маңызды. Мемлекеттік басқарудағы басты қағида өзгермеуі тиіс: технология азаматтың мүддесіне қызмет етуі керек.