Тез қартаймау үшін қанша сағат ұйықтау керек?

/
Тез қартаймау үшін қанша сағат ұйықтау керек?
сурет: istockphoto.com

АҚШ ғалымдары жарты миллион адамның деректерін талдау арқылы ұйқы ұзақтығы мен ағзаның қартаюы арасында тікелей байланыс барын анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша, тәулігіне шамамен 6,5–7,5 сағат ұйықтайтын адамдардың биологиялық қартаюы ең баяу жүреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуді Columbia University мамандары жүргізген. Олар UK Biobank базасындағы 500 мыңға жуық адамның мәліметін пайдаланған.

Ғалымдар арнайы «қартаю сағаттары» деп аталатын жасанды интеллект модельдері арқылы ағзаның нақты жасын бағалаған. Зерттеу барысында ми, жүрек, өкпе, иммундық жүйе және басқа да 17 түрлі орган жүйесінің қартаю қарқыны салыстырылған.

Нәтижесінде U-тәрізді байланыс анықталған. Яғни тым аз немесе тым көп ұйықтау ағзаның жылдам қартаюымен байланысты болған. Әсіресе тәулігіне 6 сағаттан аз немесе 8 сағаттан көп ұйықтайтын адамдарда ми, жүрек, өкпе және иммундық жүйенің қартаюы жылдамырақ жүрген.

Сонымен қатар қысқа ұйқы депрессия, мазасыздық, 2-типті диабет, гипертония, жүрек аурулары және аритмия қаупінің жоғарылауымен байланысты болған. Ал тым ұзақ ұйқы өкпе аурулары, асқазан-ішек мәселелері және созылмалы қабынулармен жиі қатар кездескен.

Ғалымдардың айтуынша, ұйқы тек мидың емес, бүкіл ағзаның саулығына әсер етеді. Сондықтан ұйқы режимін қалыпқа келтіру салауатты қартаюдың маңызды факторларының бірі болуы мүмкін.

Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар