Әнші Қайрат Нұртас шығармашылығына 20 жыл толуына арналған мерейтойлық концертін Алматыдағы Орталық стадионда өткізді. 4 қазанда өткен ауқымды шоуға 40 мыңға жуық көрермен жиналған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Концерттен кейін өнер иесі әлеуметтік желіде алматылық көрерменге алғысын білдірді.
"Рақмет, Алматы! 40 мың адам. Бұл тарихты бірге жаздық", – деп жазды Қайрат Нұртас.
Кеш барысында әнші көпшілікке жақсы таныс хиттерін орындап, жанкүйерлерімен бірге ән шырқады. Концерттен алған әсерін желі қолданушылары да жарыса бөлісті.
"Мұндай халықты бұрын-соңды көрмеппін, лық толды", "Өте керемет концерт болды. Қайрат – аңыз", "Арнайы Бішкектен келдік, еш өкінбедік", "Бүкіл Алматы биледі", – деп жазды жанкүйерлер.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Қайрат Нұртастың қызы Алаумен бірге сахнада билеуі болды.
Әнші "Ол сен емес" әнін орындап жатқанда, әкелі-қызды жұптың сахнадағы еркін қимылы көпшіліктің назарын аударды. Алаудың әкесінің жанында еркін билеп, қылық көрсеткен сәті желі қолданушыларына да ерекше әсер етті.
"Түрі – Жұлдыз, қылықтары – Қайрат", "Жұлдыз сияқты әдемі осы Алау қызы", – деп жазды желідегілер.
Желі қолданушылары әкесі мен қызының сахнадағы жарасымды сәтін жылы қабылдап, Алаудың еркіндігі мен қылығын сүйсіне талқылаған.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас шығармашылығының 20 жылдығына арналған алғашқы үлкен концертін 27 қыркүйекте Астанада өткізген. Мерейтойлық концерттер Шымкент, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында да жалғасады.