Алматы облысында жүргізуші жол жиегінде отырған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

/
Алматы облысында жүргізуші жол жиегінде отырған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
видеодан скриншот

Алматы облысында Cobalt көлігінің жүргізушісі жол жиегінде отырған екі баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengrinews.kz басылымының жазуынша, оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан көліктің жиектаста отырған балаларды қағып, тоқтамастан кетіп қалғанын көруге болады.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

"Жол-көлік оқиғасын жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.

Тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Балалардың жағдайы қандай?

Жол апатынан зардап шеккен екі кәмелетке толмаған бала ауруханаға жеткізілген.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екеуіне де ота жасалған.

"Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасына жарақат алған кәмелетке толмаған екі бала жеткізілді. Екі пациентке де ота жасалып, кейін олар анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жатты. Бүгінде пациенттердің бірі одан әрі емделу үшін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды", – деп хабарлады басқарма.

Екінші бала әлі де анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар