Күзгі салқын әйел денсаулығына қалай әсер етеді?

/
Күзгі салқын әйел денсаулығына қалай әсер етеді?
istockphoto.com

Күз тек ауа-райын ғана емес, адамның күнделікті өмір ырғағын да өзгертеді. Күннің қысқаруы, ұйқы режимінің өзгеруі, дене белсенділігінің төмендеуі және жұмыс кестесіне қайта оралу әйелдердің өзін сезінуіне әсер етуі мүмкін. Алайда Пирогов университетінің сарапшысы Лилия Носова етеккір цикліне қатысты кез-келген өзгерісті суық мезгілдің келуімен байланыстыру дұрыс еместігін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Күз әйел денсаулығына әсер ете ме?

– Күннің қысқаруының өзі гинекологиялық аурулардың себебі емес. Дегенмен күз мезгілінде әйелдің өзін-өзі сезінуі, ұйқы режимі, дене белсенділігінің деңгейі және эмоционалдық жағдайы өзгеруі мүмкін. Осы факторлардың барлығы репродуктивті жүйенің жұмысына жанама түрде әсер етуі ықтимал.

– Мұнда ұйқы режимінің қандай қатысы бар?

– Негізгі факторлардың бірі – ұйқы мен сергектік режимінің өзгеруі. Табиғи жарық мөлшері азайған кезде ағзаға қалыпты циркадтық ырғақты сақтау қиындай түседі.

Егер әйел кешірек ұйықтай бастаса, ұйқысы қанбай жүрсе немесе керісінше, ұйқышылдығы күшейсе, бұл жалпы жағдайына және етеккір алдындағы кезеңді өткізуіне әсер етуі мүмкін.

– Күйзеліс қандай рөл атқарады?

– Күйзелісті де ұмытпау керек. Күздің келуімен көптеген адамдардың демалысы аяқталып, жұмыс жүктемесі артады және күн тәртібі өзгереді.

Созылмалы күйзеліс пен демалыстың жеткіліксіздігі себепті кейбір әйелдерде етеккір циклінде уақытша өзгерістер болуы мүмкін. Бұл күн сәулесінің азаюынан емес, ағзаның өмір салтының өзгеруіне жалпы реакциясымен байланысты.

– Бұған D дәруменінің тапшылығы себеп болуы мүмкін бе?

– D дәруменіне де жеке тоқталған жөн. Оның ағзада түзілуі күн сәулесінің әсерімен байланысты болғандықтан, күн шуағы аз аймақтарда D дәруменінің деңгейі төмендеуі мүмкін.

Алайда циклдегі кез-келген өзгерісті немесе өзін сезінудің нашарлауын тек D дәруменінің тапшылығымен байланыстыру дұрыс емес. Қажет болған жағдайда D дәруменінің деңгейін зертханалық жолмен анықтауға болады, ал препараттарды қабылдау қажеттілігін дәрігермен талқылаған дұрыс.

– Күзде не істеу керек?

– Әйелдер ең алдымен негізгі нәрселерге көңіл бөлуі керек: толыққанды ұйқы, тұрақты тамақтану, жеткілікті дене белсенділігі және демалысқа уақыт бөлу.

Мүмкіндігінше күннің бір бөлігін далада, табиғи жарықта өткізген пайдалы. Бұлтты күннің өзінде сырттағы күндізгі жарық үй ішіндегі кәдімгі жарықтан әлдеқайда жарық болады және қалыпты биологиялық ырғақты сақтауға көмектеседі.

– Қандай белгілерді маусымдық өзгерістермен байланыстыруға болмайды?

– Сонымен қатар етеккір цикліндегі айқын өзгерістерді «күзгі қайта бейімделуге» жатқызуға болмайды.

Егер етеккір бұрынғыдан айтарлықтай ауырсынумен немесе көп мөлшерде келе бастаса, ұзақ уақытқа кешігулер пайда болса, етеккір аралығында қан аралас бөлінділер байқалса немесе бұрын болмаған басқа белгілер пайда болса, гинекологқа қаралу қажет.

Маусымдық өзгерістер адамның жалпы жағдайына әсер етуі мүмкін. Алайда диагностика жүргізуді қажет ететін белгілерді маусыммен байланыстырып, елемеуге болмайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары