Белгілі қақпашы, Александр Маннингер 48 жасында қайтыс болды. Оның көлігін пойыз қағып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Австриялық БАҚ-тың мәліметінше, бұрын "Арсенал" мен "Ювентус" клубтарында, сондай-ақ Австрия құрамасында өнер көрсеткен Маннингер 16 сәуір күні таңертең жол апатынан көз жұмған.
Қайғылы оқиға Австриядағы Нусдорф-ам-Хаунсберг ауданындағы теміржол өткелінде болған. Полиция дерегіне сәйкес, 48 жастағы спортшының көлігі жақындап келе жатқан пойыздың алдына шығып кеткен. Соқтығу салдарынан пойыз көлікті бірнеше метрге дейін сүйреп әкеткен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар Маннингерді көліктен шығарып, оған реанимациялық көмек көрсеткен, соның ішінде дефибриллятор қолданылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Апаттың нақты себептері әзірге белгісіз. Тергеу аясында теміржол өткеліндегі дабыл жүйесінің жұмысы да тексерілмек.
Александр Маннингер футболдағы кәсіби мансабын "Аустрия" (Зальцбург) клубында бастаған. 1997 жылы ол ағылшын Премьер-лигасына ауысқан алғашқы австриялық футболшы атанып, "Арсенал" сапына қосылған. Дебюттік маусымында-ақ Англия чемпионаты мен Кубогін жеңіп алған.
Кейін Италияда "Фиорентина", "Торино", "Болонья", "Брешиа", "Сиена" және "Ювентус" клубтарында ойнап, 2011/12 жылғы маусымда Италия чемпионы атанды. Футболдағы мансабын 2017 жылы "Ливерпуль" клубында аяқтаған.
Австрия ұлттық құрамасы сапында Маннингер 1999 жылы дебют жасап, жалпы 33 матч өткізген.