Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің бастамасымен «Орман қорын өркендету және оның экологиялық әрі климаттық міндеттерді жүзеге асырудағы маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Комитет төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен басқосуға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго қатысып, өз пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ жиынға бірқатар министрліктердің, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының, «Атамекен» ҰКП-ның жауапты өкілдері қатысты.
– Кейінгі жылдары елімізде орман өрті, заңсыз ағаш кесу және жердің эрозияға ұшырауы аса өзекті мәселеге айналды. Президент орман алқаптарын ұлғайтуға, елді мекендерді көгалдандыруға және табиғи экожүйелерді сақтауға ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын, соның ішінде заңнаманы жетілдіру бағыттарын айқындау, – деді Серік Егізбаев.
Қазақстанның орман әлеуетін арттыру, табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарына БҰҰ жүйесі қолдау көрсетуді жалғастырады. Халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталған С. Раднарагача орман ресурстарын дамыту елдің экологиялық әрі экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды инвестиция екенін атап өтті.
– Орман әлеуетін дамыту – экологиялық тұрақтылыққа, экономиканың дамуына және өскелең ұрпақтың әл-ауқатына салынған инвестиция. Біріккен ұлттар ұйымының жүйесі Қазақстанға орман экожүйелерін сақтау мен қалпына келтіруде, үздік тәжірибелерді енгізуде және халықаралық ресурстарды тартуда қолдау көрсетуді жалғастырады, – деді С.Раднарагча.
Орман алқаптарын көбейту және табиғи ресурстарды сақтау мақсатында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында бүгінге дейін 1,9 млрд-қа жуық көшет отырғызылып, келесі жылы межеленген көрсеткішке толық қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде вице-министр дөңгелек үстел барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтты.
«Басты міндетіміз – ормандарды сақтау және олардың аумағын ұлғайту. 2021 жылы Мемлекет басшысы мемлекеттік орман қорының жеріне 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Былтырға дейін ел аумағында 1 млн гектардан астам жерге 1 млрд 648,4 млн көшет отырғызылып, тұқымы себілді. Ал осы жылғы 9 қарашадағы мәлімет бойынша, тағы 158 мың гектар аумаққа 290 млн көшет отырғызылды. 2027 жылы 270,9 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Осылайша, 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырманы келесі жылы толық орындау көзделіп отыр», – дейді ол.
Кездесу барысында орман қорын қорғау, оның аумағын кеңейту, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану бағытындағы өзекті мәселелер қарастырылды. Серік Егізбаев аталған саланың елдегі экологиялық тұрақтылықты сақтау мен қауіпсіздікті нығайтудағы айрықша маңызын атап өтті.