Өнердің қай түрі де біздің халық үшін аса таңсық емес. Соның ішінде сурет өнерінің тарихы ерте замандардан басталады.
Түрік қағанаты дәуірінде өмір сүрген арғы бабаларымыз суретті тасқа қашап салса (петроглифтер), орта ғасырларда пайда болған түрлі ою-өрнектерімізді сурет өнерін, оның ішінде тұрмыстық дизайнды меңгергендер жасаған. Ал кәсіби сурет өнеріне келсек, оның алғашқы ірі өкілі ретінде халқымыздың ардақты перзенті Шоқан Уәлихановты айтар едік. Дегенмен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ сурет өнері дами бастады. Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев секілді талантты суретшілеріміз өз ізденістерімен қазақ сурет өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, қалыптастырды. Одан беріде аты әлемге белгілі, халықаралық байқауларда өздерін танытқан көптеген қылқалам иесі шықты. Сөйтіп, заманауи деңгейде өзін танытқан қазақ сурет өнері көптеген салаға бөлініп, кең өріс ала бастады. Солардың бірі кітап безендіру ісі еді. ХХ ғасырдан бастау алатын қазақ сурет өнеріндегі кітап безендіру немесе кітап графикасы деп аталатын бұл саланың да танымал өкілдері аз емес. Соның бірі – белгілі суретші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Балтас Санитасұлы Оспанов. Оның плакат, кітап графикасы, живопись жанрлары бойынша жасаған көптеген жұмысын суретшілер қауымы жоғары бағалайды.
– Балтас Санитасұлы, қазақ бейнелеу өнерінде өз қолтаңбаңыз бар суретші екеніңіз жұртқа белгілі. Қазақ балалары арасынан қылқаламға құмартқандар көп болса да, кәсіби суретші болатындар аз. Сізді бұл жолға балалық арман жетелеп келді ме, әлде қабілетіңіз бертін келе оянды ма?
– Жалпы, өнерде өзін танытып жүрген азаматтарға о баста өскен ортасының әсері болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық секілді. Бірақ кез келген адамға Құдай өнерге ынтығуды, соның тылсымына арбалып, сырына қызығуды бұйырта бермейді-ау деймін. Әйтпесе, кез келгеніміз суретші не музыкант, ақын не жазушы болып кете бермес пе едік? Демек, өскен ортаның тәлімі бір бөлек те, табиғатты сезіне білу, содан шабыт алып, қабілеттің ашылуы – бір бөлек дүние.
Бәрімізге таныс бір жайт бар: адам әлі толық есі кіріп, ақылы толыспаған кезде бейсаналы түрде түрлі әрекет жасай бастайды. Біреу былдырлап, түсініксіз бір дыбыстармен бірдеңе айтқысы келеді, енді біреу бірдеңені алғысы келіп талпынады, тағы біреулері қолына түскен нәрсемен қабырғаны сызады. Ал біз не істейміз? Баланың былдырына зер салып, онымен сөйлесуге қызықпаймыз. Кедергілерден өтіп, бірдеңеге ұмтылып жатқан баланы көтеріп алып, басқа жаққа апарып тастаймыз. Қабырғаны сызып жатқан баланың қолындағысын тартып алып, жылатып қоямыз. Сөйтіп, кішкене кезінен адамның еркін шектейміз. Сосын үлкендерге өзінің нені қалайтынын жеткізе алмаған бала ызаланып жылайды. Сана түпкірінен ашылып келе жатқан әлдебір мақсатқа ұмтылу процесі тежеледі. Беті қайтып қалады. Әйтпесе, өз бетінше былдырлап, ыңылдап отырған баладан болашақта музыкант не ақын шығатын шығар? Әр жерге өрмелеп жүрген сәбидің спортшылыққа бейімі бар болуы мүмкін немесе қабырғаны сызғылап жүрген бүлдіршіннің болашақта суретші болмасына кім кепіл? Бірақ оған қайсымыз мән беріп жатырмыз...
Бұларды мен неге айтып отырмын? Себебі бала кезімнен қабырғаларды сызғылап, үнемі бірдеңе жасауға талпынып жүреді екенмін. Едәуір есім кіргенше сол әдетімнің болғаны еміс-еміс есімде. Бірақ әке-шешемнің ол үшін ұрысқаны, ренжігені есімде жоқ. Мүмкін, үлкен баласы болған соң бетімнен қақпаған шығар, бәлкім тым мейіріммен қараған болар, әйтеуір еркіндеу өстім.
Шешем алаша тоқитын, сөйлемейтін Қарашаш деген апам болды, ол кесте тігетін. Солардың істеп жатқан ісіне қызыққан соң мен де бірдеңе жасауға талпынып, ошақта жанған көмірдің қалдықтарын қолыма алып, қабырғаны сонымен шимайлап бірдеңе салған болам. Сосын, 1951 жылы туған Бақтас деген ағам бар еді, ол сурет салатын, соған да еліктеген шығармын, әйтеуір сурет салып кеттім.
Павлодар облысының Шарбақты ауданында, қалың қарағайдың арасында Есілбай деген ауыл болды, алғаш сол жерде мектептің есігін аштым. Екінші сыныпта әкем «Қызыл таң» деген ауылдың парткомы болып, соған көшіп бардық. Балалық шағым өткендіктен сол ауыл менің туған жерім секілді көрінеді. Сол ауылда жүргенде әкем менің қабілетімді байқап, акварель бояу әкеп берді. О кезде бояуды суға ерітуді білмеймін, қылқаламды түкіріктеп, бояуға сүйкеп сурет сала беретінмін. Жетінші сыныпта оқып жүргенде ауылға үлкен кірпіштер (газоблок) келе бастады, соларды пышақпен жонып, мүсін жасай бастадым. Қиялымдағы батырлардың бейнесін жасаған боламын. Әйтеуір, қолым жаттыға бастады. Менің жасап жүргендерім туралы біреулерден естіген болуы керек, бір күні үйге облыстық «Звезда Прииртышья» газетінен бір орыс тілші кісі келіп, жасаған жұмыстарымды көріп, «Увлечение Балтаса» деп мен туралы мақала жазып шығарды. Мені алғаш «суретші» деп атаған сол кісі болды.
– Нағыз кәсіби суретші болу үшін, әрине, білім керегі белгілі. Оған жол сілтегендер болды ма, әлде өз бетіңізше іздендіңіз бе?
– Сегізінші сыныпты бітірген соң әкем маған «енді Павлодардағы №3 интернатта оқуың керек, басқа ойың болса айт» деп еді, мен «Алматыдағы сурет училищесіне барғым келеді» дедім. Балаларға арналған «Қазақстан пионері» газеті ме, «Дружные ребята» ма, әйтеуір біреуінен оқығанмын ғой, суретшілер дайындайтын сондай оқу орны бар деп. Сөйтіп, 14 жасымда алғаш Алматыны көрдім. Әуежайдан орталыққа жеткенше жайнаған жасыл желекті, төбесімен көк тіреп тұрған Алатауды көріп қатты таңырқадым. Шаһар табиғатының ғажаптығы керемет әсер етті.
Сурет училищесіне оқуға тапсырғанмен конкурстан құлап қалдым. Училищенің директоры Ақырап Жұбанов деген кісі болатын. Кәдімгі Ахмет Жұбановтың ағасы, репрессияға ұшырап кеткен тамаша тілші ғалым Құдайберген Жұбановтың ұлы. Ұлтына жаны ашитын сол азамат ауылдан келген талапкер суретші балаларға арнап дайындық курсын аштырған екен, 30 қазақ баласы соған түстік. Әкеме осында қалып оқитынымды айттым. Айына тамаққа 30 сомдық талон береді, сонымен күн көрдік. Сөйтіп, сол училищені 1975 жылы бітіріп шықтым. Ол оқу орны 1938 жылы ашылған, біз оқыған кезде Н.Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет педагогикалық училищесі еді, оны бітіргендер мектепте сурет пәнінен беретін мұғалім болатын немесе суретшілік жолға түсетін, қазір Орал Таңсықбаев атындағы Aлматы сән және қолданбалы өнер колледжі деп аталады.
Оқуды бітірген соң Жұмақын Қайранбаев (қазір атақты суретші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор), Райгүл Ахметжанова үшеумізге Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) жолдама берді. Барып құжаттарымызды өткізіп, сынақ тапсырдық, бірақ Райгүл екеуміз емтиханнан өте алмадық та, Жұмақын түсіп кетті. Жастықтың әсері ме, әлде елге қайтуға намыстандық па, әйтеуір сол академияда қалып қойдым. Арасында Жұмақынның курсына барам, сосын мүсіншілік бойынша оқып жатқан қарағандылық Жаубасар Қалиевтің курсына барып, оқытушылармен келісіп дәріс тыңдап, сурет салып жүрдім. Бұл жылы түспесем, келесі жылы түсермін деген үміт болды. Бірақ маған Ленинградтың ылғалды қысы жақпады, аялдамада сәл тұрып қалсаң, аяғыңнан өткен суық сүйегіңді қақсатады екен. Бірде ауырып, дәрігерге көрінгенімде олар маған «сүйек ревматизмі» деген диагноз қойды. Сол дерт менің ресейлік шаһарда қалуыма мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, мен суретпен ғана шұғылданып жүре бермей, қаладағы «Спутник» деген электромеханикалық зауытындағы ойыншық цехының бастығы Сәрсен деген қазақ жігітінің қарауында жұмыс істейтінмін. Табысым өмір сүруіме жететін. Алайда денсаулығыма байланысты мамырда елге оралуға мәжбүр болдым. Келген соң Павлодардағы «Мойылды» шипажайында балшықпен емделдім. Солайша Ресейдегі атақты оқу орнында білім алсам деген арман орындалмай қалды. Дегенмен Алматыдағы политехникалық институттың Архитектура факультетіне оқуға түстім, бірақ оқып жүргенде-ақ ол салаға деген қызығушылығым болмады, суретші болғым келді. Екінші курста оқып жүргенде ешкімге білдірмей әскери комиссариатқа барып, «мені армияға жіберіңдер» деп арыз жаздым. Оны факультетіміздің деканы біліп қойып, ректорға алып барды. Ректор «тәп-тәуір оқып жүрсің ғой, сені қалай армияға жібереміз?» деп біраз ренжіп барып, «өз қалауына байланысты» деп мені оқудан босатты. 1977 жылдың қарашасында армияға алынып, алдымен батыс Украинаның Хмельницкий, кейін Иваново-Франковск қалаларында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген соң 1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркем сурет институтына оқуға түстім. Сол жылы жарым Төлеуғайшамен отау құрдым. Институтты 1985 жылы бітірдім. Сосын шығармашылық жолым басталды.
– Суретші ретінде живопись, графика бағытында өнімді еңбек еттіңіз. Дегенмен кітап безендіру саласы бойынша атыңыз шықты. Оған қалай келдіңіз, не себеп болды?
– «Жалын» баспасының бас суретшісі Меңдібай Әлин деген атақты суретші еді. Сол кісі Ерлан Қожабаев (бүгінде белгілі суретші-дизайнер) екеумізді жұмысқа шақырды. Ерлан суретші-редактор, мен сәл кешірек барғандықтан кіші суретші-редактор болып жұмысқа тұрдық.
Институтты өндірістік графика саласы бойынша бітіргенмін, ол дизайнға жақын. Бірақ бізді кітапқа арнап сурет салуға да үйреткен болатын. Ол бойынша атақты Ағымсалы Дүзелханов, Ғайни Шағатаева, т.т. ұстаздар сабақ берген. Сөйтіп, алдымыздағы М.Әлин, А.Дүзелханов, Б.Табылдиев, Ә.Рахманов секілді суретшілерге еліктеп, кітап безендіруді үйрендік. Кітап графикасы бойынша институтта білмеген нәрселерімді баспаға келіп игердім. Баспада ертегі кітаптан бастап, балалар мен жасөспірімдерге арналған поэзиялық, прозалық кітаптарға арнап сурет салдым, мұқабаларын жасадым. Одан кейін «Өнер» баспасында Ағымсалы Дүзелхановпен бірге еңбек еттім. Сонда жүріп «Абай» плакатын, орыс тіліндегі Абайдың «Қара сөздерін» безендірдім, «Абай елі» альбомының көркемдеуші редакторы болдым.
Алтынбек Сәрсенбаев Баспа және ақпарат министрі болып тұрғанда жұмысқа шақырып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас маманы қызметінде болдым. Сонда жүргенде «Абай-150» логотипін суретші Қансейіт Төреқұлов екеуміз жасадық. Одан соң «Ана тілі» баспасында жұмыс істедім.
Жұмыстарымның ішінде өзіме ұнайтыны – Тұрсын Сұлтановтың 2007 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Темір және оның империясы» деген кітабына жасаған графикалық жұмыстарым. Оған бар шеберлігімді салып, жан-тәніммен беріліп жасадым. Тарихты оқыдым, Әмір Темір өмір сүрген кезеңге қатысты материалдарды зерттедім. Нәтижесінде, жақсы жұмыс шықты. Сосын «Атамұра» баспасының бас суретшісі Арыстан Ысқақовтың шақыруымен сонда барып, балаларға арналған кітаптарды безендіруге атсалыстым. Сондай-ақ «Аруна» баспасынан шыққан көптеген кітапқа безендіру жұмыстарын, оның ішінде Алдар көсеге байланысты серияларды жасадым. Мұның сыртында көптеген қазақ қаламгерінің кітаптарына салған суреттерім бар. Сонымен бірге қазақ мектептеріне арналған «Ана тілі» оқулықтарының да мұқабаларын жасадым, яғни кеңестік кездегі қалыпты алғаш бұзған кезде еңбек еткендердің қатарында болдым.
Жұрт суретшілер бай деп ойлайды. Ондайлар, бәлкім, бірен-саран болса да бар шығар, бірақ кітап графикасын жасайтындардың еңбегі бізде тым арзан бағаланады...
– Бір кезде қазақ кітаптарының мұқабасы ерекше болатын. Сонадайдан көз тартып, кітаптың сыртындағы суретін көргенде-ақ, оның мән-мағынасы мен идеясын біраз түсініп қалуға болатын және сол кітаптың суреті өмір бойы есте қалатын. Қазір қаптап шығып жатқан кітаптардың мұқабасынан ондай адамға әсер беріп, оқырманды өзіне тартып тұратын сиқыр байқалмайды. Оның себебі не?
– Оның себебі көп. Біздің кезімізде кітап графикасын жасайтын суретшілер алдымен кітапты оқып шығатын. Сосын идея іздейтін, одан сол идеяны қалай беру туралы ойланып, ұзақ ізденетін. Өйткені кітап мұқабасы бір ғана суреттен тұрады, сол суретке автордың идеясын сыйғызып, бір суретпен бір туындыны ұқтырып беруге жанын салатын. Қазіргілер айтсаң сенбес, кейде өзіне берілген кітапты образын ойдағыдай шығара алмай, суретшілер баспа басшыларының көзіне түспей, қашып жүретін. Өйткені жұмысы өзін де, баспаны да ұятқа қалдырмауы керек. Қазір сондай жанкештілік бар ма?
Бүгінде баспаларда тұрақты жұмыс істейтін суретшілер жоқ, бар болса да ізденіп бас ауыртпайды. Мысалы, «Құлагер» деген кітаптың мұқабасын жасау керек болса, шауып бара жатқан әйтеуір бір жүйрік аттың суретін сала қояды немесе интернеттен шауып келе жатқан аттың суретін алып қоя салады. Сосын жансыз бірдеңе шығады. Бүгінде оның үстіне компьютерді игеріп алған дизайнерлер көп, солар автордың айтқанындай қылып, не өздері бір жерден алып мұқабаға қондыра салады. Сурет мазмұнға сай, образды болмаса, оның не әсері болады?
Әрине, дизайнерлік те өнер, ол мұқабаға кітаптың аталымы мен авторының есім-сойын жазу, кітап ішіндегі мәтінге шрифт таңдау, т.б. жұмыстарды жасайды. Ал образды картина жасау нағыз суретшінің жұмысы. Оның өзінде кітап графикасын жасау бойынша тәжірибелі суретші болуы қажет.
Сонымен бірге көптеген баспа артық шығыннан қашып, суретшілермен жұмыс істегісі келмейді. Міне, осындай түрлі себептерден бүгінгі кітаптардың көбі тартымсыз шығып жатыр.
Басқасы басқа, балаларға арналған кітаптарды суретшінің еңбегінсіз көзге елестету мүмкін бе? Біршама ізденісті, еңбектенуді талап ететін компьютерлік графика деген бар, қазір тіпті оны қойып, кітап суреттерін жасанды интеллектке салдырып жатыр деп естимін. Жансыз техниканың салғаны адамның қолмен салғанына жете ме? Сурет пен материалдың арасында адамның рухани байланысы болмаса ол өнер болмайды ғой... Сондықтан баспалар өз өнімдеріне жаны ашыса суретшілермен одақтасып жұмыс істеуі керек деп санаймын.
– Енді сурет өнеріндегі өзге жанрдағы еңбектеріңізге келейік. Қандай жанрларда картиналар жаздыңыз?
– Суретшілер одағында шеберханам бар, бірақ қазір онда бара алмаймын. Баяғы Ленинградтың суығы өткен соң емделгеніммен, одан құлан-таза айығып кете алмадым. Аяқтың ауруы асқынған соң екі аяққа ота жасатып едім, одан да қайыр болмады. Бірнеше жылдан бері үйден шыға алмайтын күйге түстім.
Біраз жыл шеберханада отырып живопись жазған кезім болды. Түрлі тақырыптарға картиналар жаздым. Бірталай жұмыстарым «Балалар әдебиеті» баспасынан шыққан «Қылқалам шебері» атты кітапқа басылып шықты. Түрлі көрмелерге қатыстым. Бірақ жеке көрмемді өткізуге мүмкіндік болмады. Көрме өткізу үшін оған бірталай қаражат керек, себебі көрмеде картиналар бірнеше күн тұрып, көрермендердің келіп танысуына мүмкіндік берілуі керек. Оның бәрі айналып келгенде ақшаға тіреледі...
– Қазақ суретшілері туралы не айтасыз? Қайсысының шығармашылығы сізге әсер етті?
– Жалпы, қазақта үйретері көп қылқалам шеберлері жетерлік. Тек соларды бейнелеу өнеріне енді келіп жатқан жастар біле жүрсе деймін. Қаламгерлеріміз бен композиторларымыздың деңгейінің қандай екенін білмеймін, бірақ қазақ суретшілері арасында деңгейі тым жоғары, әлемнің кез келген елінің ең мықты суретшілерімен иық теңестіре алатын тұлға көп деп айтуға ұялмаймын.
Шын мәнінде қазақ суретшілері үлкен жетістіктерге жетті. Мақым Хисаметдиновтен бастап, Әділ Рахманов, Балтабай Табылдиевтер ғажап суретшілер ғой. Бір ғана Меңдібай Әлиннің «Тазша бала», «Қырық өтірік» суреттері қайталанбас туындылар. Салахитдин Айтбаевтың даңқы бұрынғы одақ көлемінде дүркіреп тұрса, кітап саласын Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Әлиндер жоғары көтерді. Әрі ақын, әрі суретші Қайырбай Зәкіров ағамыздың өзі бір төбе. Солардың бәрімізге әсері болды, біз оларға еліктей жүріп үйрендік, үйрене жүріп өз жолымызды таптық.
– Қазір де сурет саласыз ба? Қандай бағытта еңбектеніп жатырсыз?
– Жұмыс істеуге де денсаулық керек, денсаулық болмаса шабыт, ынта қайдан болсын. Дегенмен қарап отырғаным жоқ. Кейінгі кезде ою графикасы бағытында еңбектеніп жатырмын. Бұл – мен үшін жаңа бағыт. Ойымды оюлар арқылы беруге тырысамын.
Өзің көріп отырсың, қазір былай-былай қозғалу қиын, сосын қолыма қарындаш алып, осы отырған жерімде сурет салатын болдым. Оң қолым икемге келмейді, қозғасам ауырады, сондықтан суретті сол қолыммен саламын. Салған суреттерімді әлеуметтік желіге салып отырамын. Кей суреттерді шәкірттерім компьютер арқылы өңдеп, көпшілік назарына ұсынады.
Ою графикасы дүниеге қазақтың көзімен қарау ғой, сол арқылы да көп нәрсені ұқтырады. Ою графикасы негізінде салған суреттерім көпшілікке ұнап жатқан сияқты, жақсы пікірлерін жазып жатады.
Ертегі кітаптарға салған графикаларым бір ізденіс болса, Әмір Темір туралы кітапқа салған суреттерім өз алдына бір бағыт болды мен үшін. Ал қазіргі ою графикасымен жасап жатқан суреттерім де сурет өнерінде менің өз қолтаңбамды айқындайтын еңбек дер едім.
– Балаларыңыздан жолыңызды қуғандар бар ма?
– Екі ұлымның да сурет салатын қабілеті бар. Бірақ анасы қарсы болды. Бір үйге бір суретші жетеді деген шығар (күлді). Жалпы, шығармашылық адамдары еркіндікті қалайтын, көпшіл халық қой. Оның үстіне, несін жасырайын, жас кезімізді алқын-жұлқын жүрген шағымыз аз болмады. Мезгілмен санаспай, үйде не бар, не жоғына қарамай қасыңа адам ертіп келсең, ол да өзіңдей қызу болса... Шығармашылық адамы өз әлемінде жүргенде жүріс-тұрысыма үй-іші қалай қарайды деген нәрсе қиялына кіріп-шықпайды ғой. Сондықтан зайыбымның қарсылығын да түсінуге болады.
Үлкен ұл полиграфия мамандығына грантпен түсіп оқыды, кейін оны тастап Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, соны бітіріп шықты. Телевидениеде істеді. Қазір дизайнер болып еңбек етеді.
Кіші ұл сабақты жақсы оқыды. Мектеп бітірген соң өз күшімен бірнеше оқу орнына түссе де, аяқтамай кете беретін. Ең соңында Алматыдағы Нұр-Мүбәрак университетін бітірді, қазір туристік фирмада еңбек етеді.
Кейбіреулер баласының өз жолын жалғастырғанын қалайды. Ондайлар суретшілер арасында да бар. Ал мен балаларыма қысым жасамай, таңдауын өздеріне қалдырдым. Ешкім біреудің күштеуімен, талап етуімен адам болмайды ғой. Әркім өз жүрек қалауын жасағаны дұрыс. Сол кезде өзін де, өзгені де кінәлаудан аулақ болады.
– Осыдан бес жылдай бұрын «Баламның «Болашақ» бағдарламасына қатысты қарызына орай үйімді алып қойғалы жатыр» деп Президенттен араша сұрап едіңіз. Соның соңы немен бітті?
– Кіші ұлым АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен 3-курста оқып жүргенде төмен балл алып, стипендия төлемей қойған. Сөйтіп, оқуын бітіре алмай қайтып келді. Оның айыппұлын төледік. Әйтеуір үй әупіріммен өзімізде қалды ғой, сосын оны сатып, «Томирис» ықшамауданындағы осы жер үйді сатып алдық. Бұл да біз келгенде толық бітпеген еді, балалар өйтіп-бүйтіп жүріп жөндеп алды.
– Үйдің үлкені екенсіз. Әдетте, кейінгілер өзінен алдыңғыларға еліктеп өседі ғой. Өнер жолында жүрген бауырларыңыз бар ма?
– Жалпы, біздің отбасымызды алға тартып, балаларының бәрінің жоғары білім алуына анам зор еңбек сіңірді. Әкем мен училищеде оқып жүргенде дүние салды. 1979 жылы мен әскер қатарынан оралдым. Соның алдында анам ауылдағы үйді, машинаны сатып, балаларымды оқытамын деп Алматыға келіп, Тастақтан үй сатып алған екен. Сол кісінің арқасында мен театр-көркем сурет институтын, інім Байтас Энергетика институтын, қарындастарым – Гүлира ҚызПИ-ді, Дария полиграфиялық оқу орнын, кенже інім Бақыттас Т.Жүргенов академиясын мултипликация режиссері мамандығы бойынша бітірді. Бірақ қазақ мультфильмі тұралап қалғандықтан киноға кетті. Қазір кинорежиссер, сценарист. Ұлттық арнада режиссер болып істеді. Біраз кино түсірді. Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» тарихи сериалының, «Тасөткел», «Дулати», «Жаным менің» сериалдарының қоюшы режиссері. Соңғы жұмыстарының бірі – «Тезек» фильмі. Ол да көрермендерден жақсы баға алып жатыр.
– Картиналарыңызды сатқан не сыйлаған кездеріңіз болды ма?
– Өмір болған соң бәрі болады ғой. Мәселен, мынау «Қобыз сарыны» деген картинам. «Иллюстрированный история Казахстана» деген кітапқа арнап салынған. Осының түпнұсқасын жеті жыл жаздым. Жақсылық Испанов деген домбыра жасайтын досыма сыйладым. Ол маған арнап домбыра жасап беріп еді, марқұм. Қазір соның отбасында сақталып тұрса керек. Кезінде бұл картинаға Иманғали Тасмағамбетовтің өзі қызығып еді.
Анау бір қиын кездерде бірнеше картинамды зайыбыма айтып сатқызып жібергем, әрқайсысын 350 долларға өткізіпті...
– Шәкірт тәрбиеледіңіз бе?
– Жалпы, менің алған білімім педагогикаға байланысты ғой. Дегенмен суретшілік жолға түсіп кеткен соң ұстаздық қызмет туралы ойлағам жоқ. Әйтсе де, өмір дегенін істетпей қоя ма? Әркім өз басымен әуре болып кеткен заманда өнер адамдары далада қалғандай болды. Суретіме ақша төлемеді деп қашанғы үйде жата бересің? Сосын амалсыз О.Таңсықбаев атындағы өнер колледжіне барып сабақ беруге тура келді. Дегенмен шәкірттеріме бар білгенімді жанымды сала үйреттім, бәріне өз баламдай қарадым. Содан болар, олардың да маған деген құрметі ерекше. Қазір шеберханамда шәкірттерім сурет салып жатыр. Үйге де жиі келіп, хабар алып тұрады. Соған шүкіршілік етем.
– Әңгімеңізге рахмет! Жолыңызды қуатын жастар көп болсын!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ