10 мың емес: арықтау үшін күнделікті қанша қадам жүру керек?

/
10 мың емес: арықтау үшін күнделікті қанша қадам жүру керек?
сурет: istockphoto.com

European Association for the Study of Obesity ұсынған жаңа зерттеуге сәйкес, арықтағысы келетін немесе салмақ тастағаннан кейін оны қайта қоспауға тырысатын адамдар үшін күніне шамамен 8500 қадам жүру тиімді болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Ғалымдар 4 мыңға жуық адам қатысқан бірнеше клиникалық зерттеуді талдаған. Нәтижесінде дұрыс тамақтану мен жаяу жүруді қатар ұстанған адамдардың тәуліктік орташа қадам саны 8454-ке жетіп, дене салмағы шамамен 4,39%-ға азайған. Бұл орта есеппен 4 келіге жуық салмақ тастауға тең.

Марван Эль Гоч салмақ тастаудан да қиыны – сол нәтижені ұзақ уақыт сақтау екенін айтады. Зерттеушілердің мәліметінше, артық салмағы бар адамдардың шамамен 80%-ы 3–5 жыл ішінде жоғалтқан салмағының бір бөлігін немесе түгелін қайта қосып алады.

Мамандардың пікірінше:
– салмақ тастау кезеңінде күніне шамамен 8 500 қадам жүру;
– кейін де осы белсенділік деңгейін сақтау;
– жаяу жүруді дұрыс тамақтанумен қатар ұштастыру маңызды.

Зерттеу авторлары жаяу жүрудің басты артықшылығы оның қолжетімді әрі ұзақ уақыт сақтауға болатын әдет екеніне назар аударады. Қатаң жаттығуларға қарағанда, күнделікті серуенді өмір салтына енгізу әлдеқайда жеңіл.

Дегенмен, қажетті қадам саны адамның жасына, денсаулығына және өмір салтына байланысты өзгеруі мүмкін. Тіпті күнделікті қозғалысты 3–4 мың қадамнан 6–7 мың қадамға дейін арттырудың өзі денсаулыққа пайдалы әсер етіп, салмақты біртіндеп азайтуға көмектеседі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары