Қиялдағы шындық пен манипуляция

/
Қиялдағы шындық пен манипуляция
сурет: istockphoto.com

Ақсақалдарға шай құйып отырған келiндердiң бiрi екiншiсiнiң құлағына сыбырлап: «Самаурынды су алыпты ғой» дегенде, сол сөз кәрi құлақтарға «Самарқанды су алыпты» деп жеткен көрiнедi. Содан бері бұл сөз бейкүмән жағдайда айтылатын сөз болды. Көпшілікке белгілі «қайталау – білім анасы» деген сөз бар. Иә, бұл сөз білімге қатысты айтылады. Десе де, біз айтқалы отырған тақырыбымызда сөйлер болсақ,  «қайталау – өтірікті шындыққа айналдыратын құрал» дер едік. Себебі, кейбір жалған оқиғалар қайталаулар арқылы шындық тектес болып кететіні бар. Мұны «қиялдағы шындық эффектісі» дейді. Бұл мақаламыз осы тақырыпты арқау етпек.

Әлемге әйгілі сурет тарихындағы қы­­зықты аңызға құрылған «Құ­дық­тан шығып келе жатқан Ақиқат» атты су­рет туындысы бар. Оны француз сурет­ші­сі Жан-Леон Жером 1896 жылы салған екен. ХІХ ғасырдағы бір аңыз бойынша, Ақи­қат пен Өтірік кездейсоқ кездесіп қа­лыпты. Екеуі біраз уақытты бірге өткізеді. Сөй­тіп, келе жатса, алдарынан құдық шы­ғып­ты. Өтірік қолын суға салып, Ақиқатқа бұ­рылыпты. «Су сондай жып-жылы, бәлкім, бір­ге суға түссек қайтеді?» депті. Ақиқат се­ніңкіремей, қолын суға салады. Су шы­нында да жып-жылы екен. Екеуі құдықтың суы­на түсіп, рақаттанады. Бір уақытта Өті­рік судан шығып, Ақиқаттың киімін киіп­ті де, лезде көзден таса болады. Ақиқат ашу­ланып, құдықтан тырдай жалаңаш шы­ғады. Жер-көктен Өтірікті іздепті. Киі­мін қайтарғысы келеді. Ақиқатты тыр­жа­лаңаш көрген әлем ұяттан көзін жерге са­лады. Байғұс Ақиқат ұялып, құдыққа қайта түсіпті де, сол күйі зым-зия бопты. Одан кейін Ақиқатты көргендер некен-саяқ болған екен. Содан бері Өтірік Ақи­қат­тың киімін киіп алып, әлемнің сұра­ны­сын қанағаттандырып келіпті деседі. Міне, осы аңызда айтылған секілді бүгінде біз айтып жүрген көптеген тарихи оқиға мен аңыз ақиқат тұрғысында қабылданып ке­леді. Бірақ шынайы дәйектер олай демейді. Ол мысалдар туралы кейінірек тоқталатын боламыз. Әзірге Таласбек Әсемқұловтың «Әлем мәдениетіндегі мифтер мен шын­дық…» атты сұхбатындағы мына бір әңгі­ме­г­е назар аударалық. «ХІХ ғасырда пайда бол­ған, 20 ғасырдан аман есен өткен, енді ХХІ ғасырға аттап, одан ары да жал құйрығы бүтін ғұмыр кешейін деп отыр­ған әлем әдебиетінің ең ұлы мифі – әл­бетте, Лев Толстой. Бүгінде Л.Толстой, кей­бір зерттеушілердің айтысына қара­ғанда, бұрынғы соңғы жер бетінде өмір сүрген жазушылардың барлығынан, қыс­қасы, жұмыр басты пенденің барлығынан биік, жердегі Құдай екен. Орысша айтсақ, «самый великий, самый непревзойденный писатель всех времен и народов». Мынадай эк­сперимент. Көшеден жүз адамды тоқ­татып, Л.Толстойдың кім екенін сұрас­ты­рыңыз, солардың әрқайсысы Толстойдың ұлы жазушы екенін айтады. Бірақ сол жүз адамның бесеуі демейін, екеуі Толстойды оқы­ды ма екен?
– Оқымаса, неге мақтайды?
– Мақтайды. Адам деген, қоғам деген сон­­дай. Ал «бүкіл әлем» жұртшылығының Толс­­­тойды «ең ұлы» жазушы деп тануы Толс­­­той есімінің көп қайталануынан. Мек­теп жасынан «ұлы жазушының» есімі ба­ла­ның санасына сіңіріледі. Содан соң ол бала институтқа оқуға түседі. Мұн­да да әре­дік әредік Толстой жайын­дағы мәлімет жаң­ғырып отырады (ал филология саласында жүрсеңіз, онда ол мәліметтің кө­лемі – ұлан-ғайыр). Толстой шығар­ма­лары­ның дені экранизацияланған. Теледи­дардан жиі жиі көрсетіліп тұрады. Туған күні жыл сайын аталып отырады. Ашып қалсаң, Толстой, басып қалсаң, Толстой. Ақы­рын­да, тұтас ұрпақ Толстойдың бір әр­­пін оқымай ақ, оны «бұрынғы соңғы» «ең ұлы жазушы» деп мойындауды үйре­не­ді. Толстойдың «ұлылығы» жердің домалақ екені, ауаның оттегіден тұратыны сияқты ак­сиомаға айналған.
Шындық ешқашан жағымды болма­й­ды. Шындық тамақтан қылқ етіп, артынша бүкіл тәніңе дәру болып жайылатын қазы­ның майы емес. Шындық – жүрегіңді сәт сайын тырнап, тыныштық таптырмайтын, ұятың мен арыңды, иманыңды оятатын, баяғы Бальзак айтқан «ізгілік қышқылы» («нра­вственная кислота»)», – дей келе Та­лас­бек біздің жұртымызда тарап кеткен аңыз­дарға тоқталады. «Бізде қазақта Толс­тойға деген құрметтен гөрі итаршылыққа ұқсас әлдебір түсініксіз құлдық ұру, табыну бар. Бір кезде, Шәкәрім Құдайбердиев за­ма­нында Толстоймен хат алысып тұрыпты деген қауесет тараған. Толстойдың жанын­да Чертков деген хатшы отырған. Ол «да­ныш­пан қарияның» кірген шыққанын, іш­кен жегенін, айтқан баққанын, шып-шыр­ғасын шығармай, қағазға түсіріп хат­тап отырған. (Осы «керемет» мемуардың ар­қа­сында біз Толстойдың кофені сағат не­шеде ішетінін білеміз). Қызық үшін Черт­ковтың мемуарын қайтадан қарап шық­тым. Қазақ даласынан, пәленше деген қа­зақтан хат келді деген мәлімет таба ал­ма­дым. Мұның сыртында айтарым, Толс­той­мен хат алысу, қазақ үшін неге сонша биік абырой, өлшеусіз бедел са­налуы керек. Бірде Мұхтар Мағауин өзінің сая-жайында туған туысқандарын, жора жолдастарын шақырып қонақасы бергені бар. Кім екені есімде жоқ, бір адам: «Мұқа, осы Махамбет, рас болса Пушкинмен хат алы­сып тұрған дейді. Осы туралы не айтар едіңіз?» деп сұрады. М.Мағауин сәл ойла­нып отырды да: «Әй, Махамбет Пушкинді қай­теді», – деді. Елдің барлығы қыран то­пан күлкіге батты. Ойымша, қазақ өзінің са­насын жайлаған Батыстың, орыстың әде­би мифтерінен неғұрлым тезірек арыл­ғаны дұрыс» деп түйіндейді.

«Қайталау – өтірікті шынға айналдыру»

Әсемқұлов Толстойдың аңызға айналуын қайталаулар ар­­­қылы тарады дейді. Бұл құбылыс – пси­хологияда қиялдағы шындық эффектісі деп аталады. Яғни, бір ақпаратты қайта-қай­та ести берген сайын, ол шындыққа ұқ­сап кететін құбылыс. Яғни, ми «мұны бұ­рын естігем, демек, рас шығар» деп қате­лесе­ді. Себебі ми үшін таныс ақпаратты өң­деу оңай. Ал оңай өңделетін нәрсе бізге се­німді, дұрыс сияқты сезіледі, тіпті ол жал­ған болса да. Ол біздің күнделікті ше­шім­дерімізге, саяси таңдауымызға, ден­сау­лыққа қатысты әрекеттерімізге, тіпті өз-өзі­мізді бағалауымызға тікелей әсер етеді. 1977 жылы америкалық психологтар Лин­да Хашер, Дэвид Голдштейн және То­мас Топпино тәжірибе жүргізді. Олар адам­­дарға бір бөлігі рас, бір бөлігі жалған бо­­латын ақпараттарды бірнеше рет көр­сет­­ті. Нәтижесінде, қатысушылар қайта көр­сетілген жалған мәліметтерді де шын деп қабылдай бастаған. Бұл – ми «жалқау­лы­­­ғының» салдары емес, керісінше эволю­ция­­лық үнемдеу механизмі. Қайталанған ақ­парат тез қабылданады, аз күш жұм­са­ла­ды, таныс сезім береді. Иә, біз Күн сайын мың­даған ақпарат тұтынамыз. Әрқай­сы­сын тексеруге миымыздың ресурсы жете бер­мес. Сондықтан ол «бұл ақпарат таныс па?» деген қысқа жолды пайдаланады. Сол себеп­тен XXI ғасырдағы ең маңызды дағды сыни ойлау емес, қайталанған ойдан сақ­тану десек болардай.

Ақиқатқа айналған аңыздар

Белгілі қаламгер Ұларбек Дәлейдің «Омар Хайямды мадақтау» атты жы­рында: «Омарға барайық, ...Ол қазір іш­пейді, Түн жастап мешітке ұрлыққа түс­пейді. Оны айтқан имансыз орыстың өсегі, Ішпей де ұрламай, жыр жазған деседі», деп ке­­летін жыр жолдары бар. Иә, әдетте та­ны­мал ақын-жазушылар ішкілікке әуес бол­­ған деген аңыздар жетерлік. Оның ішін­­де Омар Хайямнан бастап, кешегі Шәм­­ші, Мұқағалиларға дейін жетеді. Әсі­ре­се, Омар Хайям шарапты көп ішкен, өмі­­рі тек той-думанмен өткен деген аңыз жел­дей еседі. Анығында, математик, астро­ном, философ болған Омар Хайям өлең­де­­­ріндегі «шарап», «мас болу» сопылық, фи­­­­лософиялық метафора еді.
Ол заманда шарап рухани еркіндік, уа­­­­қыттың өткіншілігі, догмаларға қарсы ой ретінде қолданылған. Ғалымдар Омар­дың мастығын «рухани нирвана» деп са­най­ды. Яғни, Құдайға ғашықтық. Бұл бір мы­сал ғана. Енді қалған мысалдарға реті­мен кезек берелік. Алдымен алма туралы екі аңызды айтайық. Барлығымыз Ньютон бү­кіләлемдік тартылыс заңын өз бақ­ша­сын­да ағаштың астында отырып ашты деп ойла­дық. «Ай неге жерге түспейді, жарықты ға­рышта қандай күш ұстап тұр» деп ойла­нып отырған Ньютонның басына алма құ­лаған дейміз. Десе де, алманың ағаштан құлағаны рас, бірақ Ньютонның басына емес, жерге – ғалымның қасына құлаған. Құлаған жемісті көрген Ньютон тартылыс кү­шіне қызығушылық танытып, алманы жер бетіне не тартатынын, бірақ Ай мен Күн­нің орнында қалуына не себеп бола­ты­нын түсінуге шешім қабылдаған. Алма тура­лы екінші аңыз, барлық сурет туын­ды­ларында Хауа ана алақанында қызыл ал­мамен бейнеленген, сол сияқты әңгі­ме­лер­де адамдардың «Білім ағашының алма­сы­нан» дәмін татқаны айтылады. Негізі, бұл да аңыз. Киелі кітапта алма туралы еш­­­­­қашан айтылмаған, Адам мен Хауа ағаш­тың жемісін жеді делінеді. Алайда бұл же­містің қалай көрінетіні Киелі кітапта си­патталмаған, сондықтан визуалды түрде су­реттерде алманы бейнелеу әдетке ай­нал­ған. Сонымен қатар алма ағаштары Таяу Шы­ғыста өспейді, яғни бұл ағаштың же­мі­сі Киелі кітапқа енуі неғайбыл.
Сурет туралы айтылғанда Напо­леон­ның суреті туралы да айта кетейік. Кари­ка­туралар мен әдеби шығармалар Напо­леон­ның бойының қысқалығын жиі атап өте­ді. Бойы тапал бола тұра бүкіл әлемді тізе бүктірген деген сыңайдағы әңгімелерді жиі естиміз. Бонапарттың зор ам­би­ция­сы оның кішкентай бойымен тү­сін­діріл­ді. Бірақ мұның бәрі біздің заманы­мыз­ға дейін жеткен әзілдер мен мифтер, өйт­кені Наполеонның бойы – 170 см болатын. 
Кезекті кең таралған аңыздардың бірі – Менделеев химиялық эле­мент­­тердің периодтық жүйесін түсінде көр­ген деген аңыз. Аян туралы айтылғанда жиі айтылатын бұл оқиға шынымен болған ба? Ғалымның өзі бұл түске байланысты қауе­­сетті көзі тірісінде-ақ жоққа шығарып, бы­лай деген: «Мен онымен (кестемен) жиыр­­ма жыл бойы әурелендім». Түс тура­лы оқиғаны шындығында Менделеевтің досы, мұғалім А.Иностанцев шәкірттерінің көңіл күйін көтеру үшін әзіл ретінде ойлап тап­қан. Анығында, ғалым 20 жылдан аса зерт­теу жүргізіп, элементтерді карталарға жа­­зып, қайта-қайта орналастырған.
Келесі бір қызық дерек викингтер т­у­ра­­лы. Викингтер десек, біздің көз ал­ды­мыз­­ға мүйізді дулығалы, жануарлардың терісін жамылған, жабайы алып адам орала қоя­ды. Викингтердің осынау стерео-типтік бейнесі бізге балаларға арналған әңгімелер мен мультфильмдерден келді, бірақ шын мәнінде викингтер біз ойлаған-дай емес еді. Оған археологиялық дәлел жоқ.
Бұл образ XIX ғасырдағы опера мен театр­­дан шыққан. Мысалы, мүйізі бар ду­лы­­ғалар тек салт-жоралар мен рәсімдер үшін киілді, ал әскери викингтердің әдет­тегі киімі берік металдардан жасалған сауыт болды. 
Бұл – тарих пен әдебиетке қа­­тысты мысалдар. Қиялдағы шындық эф­­­фектісі тек тарихқа ғана жүрмейді. Ол біз­­дің өмірімізде етек жайғаны сон­ша­лық, барлық ақпаратқа сіңісіп үлгерді. Мә­­селен, «вакцина аутизмге әкеледі» деген ғы­­лыми дәлелденбеген аңыз бар. Мұның не­гізі 1998 жылға барып тіреледі. Осы жы­лы бір жалған ғылыми мақала жария­лана­ды. Ол мақаланы кейіннен ғалымдар то­лы­­ғымен жоққа шығарды. Десе де, БАҚ-та, ата-аналар форумында, әлеуметтік желі­лер­де қайта-қайта айтылғандықтан, мил­лион­­даған адам бұған күмәнсіз сенеді. Бұл се­­нім­нің салдары вакцинадан бас тартуға, қай­та тараған қызылша ауруының өршуі­не, көкжөтел індеттеріне алып келді.
Сенім салдары дегеннен шығады. Кей­де бір сенім өтіріктің өзін шынға айнал­дыра­­ды. Мәселен, 1930 жылы АҚШ-та адам­­дар арасында «Банк жүйесі құлайды екен» де­­ген сөз тарады. Көп адам еш дәлелсіз де­­­­позиттерін ала бастады. Салдарынан банк­­тер расымен жабылып тынды. Яғни, жал­­ған ой қайталанып, өзін-өзі ақтайтын шын­­дыққа айналды.
Көпшілігіміз айтатын адам ми мүм­кін­дік­­терінің тек 10 пайызын пайдаланады де­­ген ақпар бар. Бұл аңыз XIX ғасырдың екін­­ші жартысында, ғалымдар вундеркинд пен қарапайым адамның оқу қабілетін са­лыстырған кезде пайда болды. Теория ХХ ғасырда, зерттеушілер адам миының көп­­теген бөлігі белсенді емес екенін бай­қа­­ған кезде күшейе түсті. Адам ми қуаты­ның тек 10 пайызын пайдаланады деп ой­­­лады. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, біз бір күн ішінде ми энергиясын 100 пайыз қолданымыз, бірақ оның барлық бө­лі­гін емес. Әр бөлім әртүрлі функция­лар­­ды орын­дайды. Тыныс алуды басқара­тын бө­лімде тоқтаусыз белсенді жұмыс ат­­қарады. Қажет болса, басқа бөліктер қо­­сы­лады. Де­мек, бұл ақпарат та шындық­тан алыс.
Біз әдетте сауда жасағанда танымал бренд­­­терге көз тігеміз. Әрі «қымбат бол­­са – сапалы» деп ойлаймыз. Себебі бұл идея жарнамада, ортада үнемі қайта­лана­ды. Ал шындығында әрқашан олай емес. Бір мы­сал келтірелік. «№1 стоматологтар ұсы­на­ды». Бұл жарнама сізге таныс па? Дәл осы жар­наманы қанша тіс пастасының жар­­на­ма­сынан көргеніңіз есіңізде бар ма? Иә, бір­­нешеу. Ал бұған нақты дәлел жоқ, бірақ бір бренд бұл сөзді үнемі қайталаса, ми оны шындыққа балайды. Себебі дәлел­ден­бесе де қайталану сенім тудырады.
Сол секілді біз сенетін кейбір жағ­дай­лар толыққанды шындық деген сөз емес. Бұл психология мен қарым-қатынаста да бар. Мәселен, «егер қызғанса, демек сүйе­ді» дегенді қанша құрбыңыздан яки до­сыңыз­дан естідіңіз? Тіпті, «нағыз махаб­бат­та қиындық болуы керек» дегенді жиі ай­тамыз. Бұл ойлар фильмдерде, әндерде, әң­гімелерде көп айтылғандықтан, солай ак­сиомаға айналып үлгерді. Соның кесі­рі­нен адамдар қолайсыз қарым-қатынасты қа­лыпты деп қабылдайды.

Саясаттағы аңыздар қалай іске асады?

Кейде біз бір саясаткерді бірден ұна­тып қаламыз. Неге екенін өзіміз де тү­­сіндіре алмаймыз. Ал кейде бір идея «дұ­­рыс сияқты» көрінеді бірақ нақты се­­бе­бін сұрасаң, айту қиын. Бұл кездей­соқ­тық емес.Бұл – манипуляция. Саясатта, ақпарат­та және үгіт-насихатта қолданылатын ар­найы әдістер бар. Олар біздің ойымызды ті­­ке­­лей емес, жанама түрде өзгертуге ар­нал­ған. Солардың ең кең тарағандарын қарас­тырайық.
Бірінші, «ұсыну» қағидасы, яки таны­мал адамның көлеңкесінде қалу. Бұл әдіс­тің логикасы өте қарапайым «егер белгілі адам қолдаса, демек, дұрыс».
Саяси үгітте үміткердің жанында та­ны­­мал әнші, атақты спортшы, беделді ға­лым жүрсе, ол адам автоматты түрде се­нім­­­дірек көрінеді. Бірақ маңызды сұрақ «сол атақты адам саясатты шынымен тү­сі­не ме?». Бәрі бірдей сасатиты түсінуі мүм­кін емес.
Бірақ миымыз: «ол ақылды, танымал, де­мек, таңдауы да – дұрыс» деп ойлайды. 
Екінші, «ауыстыру» қағидасы. 
Бұл қандай қағида? Бұл тәсілде нақ­ты тұл­ғаның немесе идеяның нақ­ты қасиеті емес, оның кімге немесе неге ұқ­­­састы­рыл­ға­ны маңызды. Мысалы, сая­сат­­­керді ба­тыр­лармен салыстыру; бағдар­ла­­­маны «тәуел­сіздік», «ұлттық рух» ұғым­дары­­мен бай­ланыстыру. Нәтижесінде, біз идея­ны емес, оған жабыстырылған образ­ды баға­лай­мыз. Бұл – логика емес, ас­социа­ция.
Үшінші, «қарапайым адам» қа­ғи­дасы. 
«Мен де сендеймін». Бұл әдіс­те сая­сат­кер қымбат кос­тю­мін шешіп, қарапайым сөз­бен сөйлеп, «халықтың баласы» кейпіне ене­ді. Мақ­сат – біреу: «ол біз сияқты, біз­ді тү­­сінеді» деген ой ту­дыру. Ал шын мәнінде қа­ра­пайым сөйлеу мен қара­пайым киіну – қара­пайым ойдың дәлелі емес. Дәл сол се­кілді «карта ауыс­тыру» қа­ғи­дасы деген де бар. Ол шын­дықты білдірт­пей өз­гер­ту. Мұнда факт бар, бірақ ол толық емес не­месе бұр­ма­­ланған. Айта­лық, кон­текст­сіз статис­ти­ка, бір кадр­ды қайта-қайта көрсету, пай­да­лы бөлігін ғана айту. Адам «факт қой, демек, рас» деп сенеді, бірақ ол факт то­лық шын­дық емес. Сондай-ақ «т­ама­ша дарын­сыз­дық» қағидасы деген де бар. Бәріне та­ныс, бірақ бос сөздер. Сая­сатта жиі ес­ти­тін ұрандар: «әділетті қоғам», «бос­тан­­дық», «адам құқықтары», «еркіндік», «сөз бос­тандығы»... деген сөздер жиі айты­ла­ды. Бұл сөздер баршаға таныс, жағымды бол­ға­ны­мен, оның нақты мазмұнына мән бер­­ген абзал. Көп адам «бұл жақсы идея» деп келіскенімен, «қалай жүзеге асады?», «кім үшін?», «қандай жолмен?» деген сұрақ қойыл­­майды.
«Ортақ вагон» қағидасы немесе «бәрі со­лай ойлайды» деген тәсілге жүгінейік. Бұл әдіс өте таныс. «Халықтың басым бөлі­гі қолдап отыр», «көпшілік осылай ойлай­ды», «бәрі соған көшіп жатыр» деп келетін ой­лар жүйесі. Миымыз көпшілікке ергісі ке­леді. Бұл – әлеуметтік инстинкт. Сол се­кілді телеарналарда немесе өзге де әлеу­меттік желі арналарында қажетсіз сая­сат­кер­ді әдейі тартымсыз кадрда көрсету, сәт­сіз сәтін қайта-қайта қайталау, монтаж ар­қылы жағымсыз образ жасау жиі қол­да­ны­лады. Көрермен «неге екенін білмеймін, бірақ ұнамайды» деп ойлайды. Оның се­бе­бі – визуалды манипуляция.
Бұл әдістердің бәрі біздің санамызға ті­ке­лей шабуыл жасамайды, бірақ ойымыз­ды жайлап, байқатпай өзгертеді. Ең қауіп­тісі – адам манипуляцияға ұшырағанын сез­­бейді. Сондықтан қазіргі қоғамда ең маңыз­ды сұрақ: «маған не айтылды?» емес, «маған қалай айтылды?» деген ойға бой ұрған дұрыс. 

Түйін: 

Иә, біздің қоғамда жалғаннан шындықты ажыратып алу оңай дүние емес. Десе де, «бұл ақпаратты қайдан білемін?» деп сұрау салған артық етпейді. Бір дерекке ғана емес, бірнеше ақпарат көзін саралаған жөн болмақ. «Қайталана беретіні үшін ғана сеніп тұрған жоқпын ба?» деп ойлану сіздің сыни ойлау дағдыңызды арттырмақ. Себебі жоғарыда аңызда келтіргендей, Өтірік Ақиқаттың кебін киіп жүруі әбден мүмкін.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары