Шығысты көргісі келетіндердің саны жыл санап артып келеді – облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов

Шығысты көргісі келетіндердің саны жыл санап артып келеді – облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов

– Нұрымбет Аманұлы, жуыр­да Президент газетімізге берген сұхба­тын­да «Қалалар мен ауылдардағы инф­ра­құрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ес­кірді. Қордаланған түйткілдер күр­меуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жа­мап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құю­ға тура келетін «коммуналдық аж­даһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті» деген еді. Әңгімемізді облыстағы энер­гетика нысандарының жай-күйінен бас­тасақ. Коммуналдық желілерді жаңарту, қайта модернизациялау про­це­сі қалай жүріп жатыр?
– Бұл біз үшін ғана емес, Президент айт­қан­дай, жалпы ел үшін маңызды мәселе. Об­лыста энергетика және коммуналдық инф­рақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы жұ­мыс­тар әркез жеке бақылауымда. Себебі бұл тұр­ғындардың өмір сапасына тікелей әсер ете­тін маңызды бағыт. 2025 жылы жылу жә­не электрмен жабдықтау саласына тар­тыл­ған инвестициялардың жалпы көлемі 51,3 млрд теңгеге жетті. 
Өңірдегі үш жылу электр орталығында 10,9 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары ат­қа­ры­лып, 18 қазандық пен 13 турбина жөн­дел­ді. Нәтижесінде, жабдықтардың тозу деңгейі 59,8%-тен 58,2%-ке дейін төмендеді. Ерекше ба­қылауда тұрған Риддер ЖЭО-да кейінгі үш жыл­да айтарлықтай нәтижелерге қол жет­кізіл­ді: жабдықтардың тозуы 32 пайызға, жылу же­лілерінің тозуы 23 пайызға төмендеп, станса қауіптің «қызыл» аймағы-нан шығарылды.
Электр желілерінің жалпы ұзындығы 21,5 мың км құрайды, орташа тозу деңгейі – 84,4 пайыз. 537 км электр беру желілеріне, 39 қо­­­салқы стансаға және 55 тарату пунктіне күр­делі жөндеу жүргізілді. Жылыту мау­сы­мына дайындық аясында облыстың жылу же­лі­лерінде 8,1 млрд теңгеге 53,8 км желі қай­та жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Осының арқасында жылу желілерінің то­зу деңгейі 55,6 пайыздан 50,3 пайызға дейін төмен­детілді.
Су және кәріз желілерін жаңғырту бағы­тын­да да маңызды жұмыстар атқарылуда. Был­тыр 358 шақырым су құбыры және кәріз же­лілері жаңартылып, су желілерінің тозу дең­гейі 47 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуы 69 пайызға дейін төмендеді. 2026 жылы бюджет және тарифтік қаражат есебінен тағы 283 ша­қырым желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл су құбыры желілерінің тозуын 45 пайызға, кә­різ желілерін 67 пайызға дейін төмендетуге мүм­кіндік береді. 
«Энергетика және коммуналдық сек­тор­ларды модернизациялау» Ұлттық жобасы ая­сында 2025-2029 жылдарға арналған Шы­ғыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы же­лілерді жаңарту және модернизациялау жос­парланған. Нақты айтқанда жылумен жаб­­­­дықтауда жалпы құны 50,4 млрд теңгеге 147,3 км желі жаңартылып, тозу деңгейі 41,3 пайызға дейін төмендетіледі. Ал сумен жаб­ды­қ­тауда 26,4 млрд теңгеге 212 км желі жаңар­­тылып, тозу деңгейі 38,3 пайызға дейін азая­ды. Су бұру желілерінде жалпы құны 25,3 млрд теңгеге 213 км желі жаңартылады. Осы жұ­мыстар арқылы тозу деңгейі 55 пайызға дейін тө­мендетіледі. Коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстарын кезең-кезеңімен жал­ғастыра береміз.  
– Елдің дамуы үшін логистиканың, жол­дың маңызы зор. Аймақтың логис­тикалық әлеуеті жоғары. Өйткені Қы­тай мен Ресейдің ортасын жалғайтын магистраль өтеді. Ұзақ жылдан бері осы күре жолдардың, халықаралық дәліз­дер­дің жөнделу мәселесі жиі айтылып ке­леді. Осы екі көршінің арасын жал­ғай­тын күре жолдардың қазіргі ахуалы қан­дай? Облыс ішіндегі аудандар мен ауыл­дарды тұтастыратын жолдарды жөн­деу жұмысы қай деңгейде жүріп жатыр?  
– Елдің орнықты дамуы үшін логистика мен көлік инфрақұрылымының маңызы ерек­ше. Шығыс Қазақстан облысының бұл тұр­ғыда логистикалық әлеуеті мол, себебі өңір арқылы Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясын жалғайтын ха­лық­аралық маңызы бар көлік дәліздері өтеді. Ал осы күре жолдардың жағдайы талай жыл бойы өзекті мәселе болып келгені рас.
Қазір облыс аумағындағы негізгі халық­аралық және республикалық маңызы бар жол­дардың жағдайы біртіндеп жақ­сарып келеді. Шығыс Қазақстандағы авто­көлік жолдары, теміржол, автобус бағыттары, әуе және су қатынасы желілері жан-жақты да­мы­­ған. Көлік жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 5,2 мың шақырым, теміржол желі­лерінің ұзындығы – 576 шақырым.
Облыс аумағы арқылы батыс бағытта – Абай облысына, шығыста – Қытай Халық Рес­публикасының Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­лық ауданына, солтүстікте Ресей Федерациясының Алтай өлкесіне шығатын негізгі көлік дәліздері өтеді. Негізгі транзит­тік ағындар «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері арқылы жүзеге асырылады. Атал­ған бекеттер «Алматы – Өскемен – Ше­монаиха – РФ шекарасы» және «Омбы – Қал­б­атау – Майқапшағай» жол дәліздерімен тіке­лей байланысты.
2025 жылы «Майқапшағай» кеден беке­тін жаңғырту және техникалық қайта жарақ­­тандыру жұмыстары толық аяқталды. Со­ны­мен қатар «Уба» өткізу пунктінің ғимаратына жә­не Өскемен – Шемонаиха бағытындағы кіре­беріс жолға жөндеу жүргізілді.
Былтыр облыс бойынша шамамен 900 ша­қырым көлік жолы жөнделіп, бұл жұмыс­тарға 90 млрд теңге көлемінде қаржы жұм­сал­ды. Нәтижесінде, «Талдықорған – Қал­ба­тау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқап­ша­ғай» негізгі көлік дәліздерін қайта жаң­ғыр­ту жұмыстары аяқталды. Қазір Осинов асуы учаскесінде «Өскемен – Алтай – Рахман қай­нары» автожолын қайта жаңарту, ал Өс­ке­мен қаласында көлік айрығын салу жұ­мыстары жалғасып жатыр.
Жалпы алғанда, облыс аудандары мен ауылдарын байланыстыратын жолдарды жөн­деу жұмыстары жоспарлы түрде жүр­гізіліп, өңірдің көлік-логистикалық қол­же­тім­ділігін арттыруға бағытталған нақты шара­лар қолға алынып келеді.
– Шығыс Қазақстан облысы десе, ең ал­дымен, сұлу табиғаты, киелі Алтай көз алдымызға келеді. Өңірде туризмді да­мытудың зор мүмкіндігі бар. Аймақта туризмді дамытудың нақты жоспары бе­кітілгенін білеміз. Кейінгі жылдары көр­шілес елдерден, әсіресе, Қытайдан ту­ристер көп келе бастады деген ақпа­рат жиі айтылады. Облыста туризм са­ла­­сының даму деңгейі қандай?
– Иә, шынында да тамылжыған табиғаты бар Шығыс Қазақстанның туризм сала­сын­да­ғы әлеуеті зор. Туризмді экономиканың не­гізгі қозғаушы күштерінің біріне айнал­дыру­дың да мүмкіндігі мол. Ал туризмді да­мыту – логистика, инфрақұрылым, сер­вис­тің сапасы, инвестициялық белсенділік жә­не мемлекеттің рөлі сынды бірнеше ба­ғыт­ты қамтитын кешенді міндет.
Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу мақ­са­тында өткен жылы облыста Туризм бас­қар­масы құрылды. Бүгінде басқарма кәсіп­кер­лермен тұрақты жұмыс істеп, турис­тер­мен кері байланыс орнатып келеді. Бұл өзек­ті мәселелерді нақты білуге және оларды же­дел шешуге мүмкіндік беріп отыр. 
Облыстың жер көлемінің ауқымын, кө­лік жолдарының ұзақтығын ескерсек, Ка­тон­қарағай және Зайсан аудандарында әуе­жайлар құрылысын аяқтау маңызды қа­дам болмақ. Шалғайдағы және шекара ше­біндегі аудандармен тікелей әуе қатына­сы­ның ашылуы олардың туристік әрі инвес­ти­ция­лық тартымдылығын едәуір арттырады. 
Жүйелі жұмыс істеу үшін өңірдің туристификация картасы бе­кітілді. Соған сәйкес туристік әлеуеті жо­ғары 23 аумақ айқындалып, олар бойынша инфрақұры-лымдық жобалар тізімі жасалып жатыр. Аталған жобаларды іске асыру биыл­дан кезең-кезеңімен басталады.
Туризм саласында стратегиялық әлеует төрт кластер аясында айқындалды. Атап айт­қанда: Катонқарағай ауданындағы уэл­несс-туризм, Марқакөлдегі экотуризм, Рид­дер қаласындағы тау шаңғысы туризмі, Өс­ке­мен қаласы мен оған іргелес Ұлан және Глу­бокое аудандарындағы демалыс күнгі ту­ризм.
Риддер қаласына жақын маңда жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» туристік ке­шенін салу жоспарланған. Бұл нысан тау ту­­­­­ризмі мен спортшыларды даярлау орта­лы­ғына айналады.  Сонымен қатар Онкология және хирургия орталығы базасында меди­цина­лық туризм дамып, ЧЕК-АП қызметтері көрсетіліп жатыр.
Қазір өңірде жалпы сыйымдылығы ша­ма­мен 21,7 мың орындық 405 орналастыру нысаны жұмыс істеп тұр. Осы көр­сеткіш бойынша Шығыс Қазақстан рес­пуб­лика көлемінде алдыңғы үштікке кіреді.
Туристер саны жыл сайын өсіп келе жат­қандықтан жаңа орналастыру нысандарына деген сұраныс артып отыр. Шығысты көргісі келетін отандық және шетелдік туристердің саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл – біздің ха­лық үшін зор мүмкіндік. Осыған байланысты біз инвесторларды тартуға ерекше назар ау­дарып келеміз. Биыл Өскемен, Риддер қа­лаларында, Катонқарағай және Самар ау­дан­дарында ірі жобаларды іске асыруды бас­тай­мыз. 
– Шекаралық аудандарды дамытуға көп көңіл бөліне бастағанын білесіз. Шы­ғыс Қазақстан бірнеше елмен шек­теседі. Шекара бойын жағалай қо­ныс­танған ауылдардың қазіргі тыныс-тір­шілігі қалай? Шекара маңындағы ауыл­­­­­дардың әлеуметтік жағдайын жақ­сарту жолында қандай істерді қолға ал­дыңыздар?
– Шекаралық аумақтарды дамыту – өңір­лік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Шығыс Қазақстан облысы Ресей Фе­дера­циясымен және Қытай Халық Респуб­ли­касымен шектесетін стратегиялық өңір бол­ғандықтан, шекара маңындағы ауылдар­дың тыныс-тіршілігі біз үшін ерекше маңыз­ды.
Облыстың 13 қала, ауданының жетеуі (Рид­дер қаласы, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зай­сан, Катонқарағай, Тарбағатай және Ше­монаиха аудандары) шекара маңында орналасқан. Онда 172 мың адам тұрады. Бұл – өңір халқының төрттен бір бөлігі.  
Бүгінде шекара бойында орналасқан елді ме­­кендерде тұрақты өмір ырғағы қалып­тас­қан, тұрғындар ауыл шаруашылығымен, кә­сіпкерлікпен айналысып, әлеуметтік ны­сандар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дегенмен мұн­дай ауылдардың өзіндік ерекшеліктері мен мәселелері бар екенін де жасырмаймыз.
Осыған байланысты шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақ­сарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргі­зілу­де. Атап айтқанда, инженерлік және әлеу­­меттік инфрақұрылымды дамытуға басым­дық беріліп отыр: жолдарды жөндеу, ауызсу және электр желілерін жаңғырту, бай­­ланыс пен интернет сапасын арттыру мә­се­лелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау жә­не мәдениет нысандарын жаңарту, мек­теп­тер мен медициналық пункттерді жөндеу, кадр тарту түйткілдері де назардан тыс қал­ған жоқ. «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауыл­ға!», «Ауыл аманаты» сияқты мемле­кет­тік бағдарламалар шеңберінде нақты жо­ба­лар іске асырылып жатыр. 
Экономикалық тұрғыдан алғанда, ше­кара маңындағы ауыл тұрғындарын жұ­мыс­пен қамту және табысын арттыру мақ­са­тын­да шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, грант­тар мен жеңілдетілген несие беру шара­лары қолға алынған. Жалпы, біздің бас­ты мақсатымыз – шекарадағы ауылдарды тек сақтап қалу емес, оларды өмір сүруге қо­лай­лы, болашағы бар елді мекендерге ай­нал­дыру. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уа­қыт­та да жалғасын табады.
– Өскемен қаласы – ірі өнеркәсіптер ор­наласқан қала.  Кейде түсті металл өң­дейтін компанияларға табиғатты бүл­діріп, экологияны бұзып жатыр де­ген сын айтылып жатады. Өңірдегі эко­логиялық  мәселелер қалай шешіліп жа­тыр?
– Шығыс Қазақстан – елдегі өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Бірақ ауа сапасына кәсіпорындардан басқа да әсер ететін факторлар бар. Қазір Өскеменде ауаның жай-күйіне мони­то­ринг жүргізу үшін «Қазгидромет» РМК-ға қарас­ты 10 бақылау бекеті жұмыс істейді. Эко­логияға қатысты соңғы ақпараттарды тұр­ғындар AirKZ мобильді қосымшасы және «Қаз­гидромет» интерактивті картасы ар­қылы біле алады. 
Мониторинг желісін кеңейту мақса­тын­да ауа сапасын бақылауға арналған 25 бағдарламалық-аппараттық ке­шен сатып алынып, орнатылды. Сонымен қатар Halyk Bank-тің қаржылай қолдауымен заманауи жабдықтармен қамтылған мобиль­ді зертхана алынды. Бұл зертхана қаланың кез келген жеріне барып ауа сапасын өлшеуге мүмкіндік береді. 
Облыстағы 10 ірі кәсіпорында зиянды шы­ғарындыларды бақылауға арналған авто­маттандырылған мониторинг жүйелерін ор­нату жұмыстары толық аяқталды. Бұл жүйе­лерді енгізу қолайсыз метеорологиялық жағ­дайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет ету­ге жағдай жасайды. 
Өскемен қаласы әкімдігі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен желсіз күндерде және экологиялық төтенше жағдайларға ден қою бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ өңірде «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы жұмыс істеп тұр. Бұл ұйым облыстағы экологиялық ахуалға қоғамдық ба­қылау жүргізеді. «Таза Қазақстан» эколо­гия­лық акциясы аясында жыл сайын волон­тер­лерді тарта отырып, елді мекендерді көгал­дандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
2020-2025 жылдарға арналған қоршаған орта сапасына қатысты жүргізілген зерт­теулерге сәйкес, Өскемен қаласы бойынша жал­пы шығарындылар көлемі 158 мың тон­надан асты. Оның ішінде: 132 мыңнан астам автокөліктен шығатын зиянды заттар – жы­лына 90 мың тоннадан астам немесе 58,9 пайыз; кәсіпорындардан бөлінетін улы газдар – 50,6 мың тонна немесе 32 пайыз; 36 мыңнан астам жер үйдегі пештерден таралатын газдар – жы­лы­на 14 100 тонна немесе 10 пайызға жуық.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақ­са­­­тында Өскемен қаласы бойынша орта мер­зімге жоспарлар әзірленді. Атап айтар бол­сақ, 22 және 28 тұрғын аудандарға, Шы­ғыс, Ново-Явленка, Прудхоз ауылдарына ж­әне қаланың Сол жағалау бөлігіне қызмет көр­сететін үш блокты-модульдік қазандық салу; электромобильдерге арналған қуаттау стан­салар желісін кеңейту; кәсіпорындарда ең үздік технологияларды енгізу және қол­дану шараларын қамтиды. 
Кейінгі бес жылда жүзеге асырылған шаралар Өскемен қаласындағы атмосфера­лық ауаның ластану деңгейін 9 пайызға тө­мендетуге мүмкіндік берді. Қаладағы өнер­кәсіптік кәсіпорындар санының көптігіне қарамастан, ауаның ластану деңгейі Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
– Өңірге инвестиция тарту – барлық аймақ әкімдіктің негізгі міндетінің бірі. Шығыс Қазақстан бай өлке екені анық. Қазба байлықтан сырт, егін, мал, балық шаруашылығын дамытуға өте қо­лайлы. Өңірдің инвестиция тарту ин­дек­сі жоғары екенін білеміз. Инвес­торлар қай салаға көбірек қызығады? Жаңа өндіріс ошақтарын құрып, зауыт-фабрика салғысы келетін инвесторлар бар ма?
– Өңірге инвестиция тарту жұмыстары қар­қынды жүргізіліп келеді. Бүгінде Жал­пыұлт­тық инвестициялық пулға Шығыс Қа­зақстанның 62 жобасы енгізілген. Оның 18-і пайдалануға берілді, соның ішінде іске қо­сылған жобалар да бар. Жалпы, инвести­ция көлемі 106 млрд теңгеден асады. Барлық жоба іске қосылғаннан кейін үш жыл бойы «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемел­де­не­ді.
Өңірдің өнеркәсіптік ерекшелігін ескере оты­рып, негізгі драйверлер ретінде көп қар­жы салуды қажет ететін және шетелдік ин­вес­торлардың қатысуымен жүзеге асыры­латын жобалар айқындалып отыр.
Қазір инвестициялық пулда өнеркәсіп жә­не тау-кен металлургия кешенінде 15 жо­ба (жалпы құны 632,6 млрд теңге), агро­өнер­кәсіптік кешенде 11 жоба (36,7 млрд теңге) бар.
Белгілі бір кәсіпорынның жұмыс істей бас­тауы – жобаның толыққанды жұмыс іс­тей бастағанын білдірмейді. Өңір үшін басты нәтиже – нақты өнім шығару, тұрақты жұ­мыс орындарын ашу және бюджетке салық түсімдерінің түсуі.
Қазір 44 жобаға шетелдік капитал құйы­лып, алғашқы жұмыс сатысына кірісіп кетті. Олардың ішінде жалпы құны 242,3 млрд тең­гені құрайтын төрт жоба бар, бұл жоба­лар­дағы шетелдік инвестиция үлесі – 127,3 млрд теңге немесе 52 пайыз. 
Атап айтар болсақ, Германия инвес­тор­лары­ның қатысуымен жүзеге асырылатын «Ала­тау Литий» ЖШС-нің литий өндіру және өңдеу жөніндегі тау-кен байыту ком­би­натының құрылысы; Қытай инвестициясы есе­бінен «Алтай Темір» ЖШС-нің Тишинск су қоймасын тазалау жобасы; Тарбағатай ауда­нында тау-кен байыту комбинатын салу; Самар ауданындағы «Кузьмич» ЖШС-нің ба­лық өсіру кешенін кеңейту жобасы және бас­қа да бастамалар.
Биыл инвестициялық порт­фель­ді 71 жобаға дейін ұлғайту міндеті қойыл­ды. Шығыс Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы әрі тартымды өңірге айналуы үшін жүйелі жұмысты жалғастыратын бо­ла­мыз.
– Шығыс Қазақстан – ауыл шаруа­шы­лығы дамыған өңірлердің бірі.  Әсіре­се, дәнді дақылдарды егуге аса қо­­­лайлы. Егіннен алған өнімді шетелге экс­порттау маңызды екені анық. Бірақ фермерлер өз өнімдерін экспорттаудың қиындығын айтып жатады. Астық өнім­дерін өңір диқаншылары қай елдерге экспорттайды? Ауыл шаруашылығының өнімін арттыру, жаңа сортты өнімдер шы­ғару жағы көңіл көншітерліктей ме?  
– Шығыс Қазақстан облысы бойынша өт­­кен жылдың 11 айында 316,2 млн АҚШ дол­лары сомасына жалпы көлемі 776,2 мың то­нна ауыл шаруашылығы өнімдері экс­порт­талды. Орталық Азия елдері, Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ, Иран, Түркия, Қытай және Еуропа­лық одақ – біздің тұрақты нарық алаңымыз.
Өңірде бидай және меслин, арпа, зығыр тұқымы, күнбағыс және басқа дақылдарды егіп, мол өнім алып отырған фермерлер көп. Сондай-ақ мұздатылған балық пен құс етін, қайта өңдеу өнімдерінен өсімдік майы, ұн, шұжық пен сүт өнімдері, күнжара секілді дайын өнімдерді де экспорттап келеміз. 
2025 жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы да­қылдары 616,9 мың гектар алқапта жинал­ды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Мемлекет басшысының монодақылдар егісін қысқарту және жоғары рентабельді дақылдардың үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс бойынша дәнді дақылдардың егіс ал­қабы 15 мың гектарға қысқартылып, май­лы дақылдардың егіс көлемі 38 мың гектарға ұлғайтылды.
Жедел деректерге сәйкес, дәнді дақылдар 235,7 мың гектар алқаптан жиналды. Орташа өнімділік гектарына 22,4 центнер деңгейінде қалыптасып, нәтижесінде 528,2 мың тонна астық бастырылды. Бидай өнімі 348,1 мың тоннаны құрады. 
Майлы дақылдар 259,5 мың гектар ал­қап­та жиналды. Орташа өнімділік – гек­та­ры­на 20,7 центнер. Жалпы, түсім 537,1 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 27%-ке артты. Өнімділігі жоғары дақылдарды өсіру арқылы егін шаруашылығын әртарап­тандыру өңдеуші кәсіпорындардың дамуына серпін беріп келеді.
Өсімдік майын өндіру бойынша Қазақ­станда алдыңғы лектеміз. Бүгінде өңірде жы­лына шамамен 1 млн тонна шикізатты өң­деу қуатына ие 13 май өңдеу кәсіпорны жұ­мыс істейді. Соның нәтижесінде, облыс­тың үлесіне елдегі өсімдік майы өндірісінің 40%-тен астамы тиесілі. Біз күнбағыс майын өндіру бойынша республикада тұрақты түрде екінші орынды сақтап, саланың негізгі орталықтарының бірі ретіндегі мәртебемізді нықтай түсудеміз.
Сондай-ақ елдегі 61 пайыз балды біздің өлке өн­­діреді. Бал жинауда мемлекет бойынша бірінші орындамыз. «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы шеңберінде 2023-2025 жылдары бал өндіру және өңдеу саласында 11 жоба іске асырылды. Ал Марал пантысын өндіруде республикада екінші орындамыз. Аймақта 22 марал шаруашылығы жұмыс істейді, оларда 6,6 мың бас марал өсірілуде. Оның ішін­дегі 13 шаруашылық өндірісті туристік жә­не емдік-сауықтыру қызметтерімен та­бысты үйлестіріп отыр.
– Өңірдегі шағын және орта биз­нес­тің даму көрсеткіші туралы айтпай кет­сек болмас. Мемлекеттің қолдауын оң­ды пайдаланып, істерін ілгері бастырған кәсіпкерлер – ел экономикасының тіре­гі. Өңір кәсіпкерлерінің жағдайы қа­лай? Жергілікті биліктен оларға қан­дай қолдау көрсетіледі?
– Шағын және орта бизнесті (ШОБ) да­мыту – жаңа жұмыс орындарын ашып, тауар­­­лар мен қызметтердің сапасын арт­тырып, халықтың басым бөлігінің эконо­ми­калық белсенділігін қолдауға мүмкіндік бере­ді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы өңірде 62 523 ШОБ субъектісі жұ­мыс істеді. Облыстағы кәсіпкерлік сек­тор­дың басым бөлігі жеке кәсіпкерлерге (71,6 пайыз), одан кейін шағын және орта бизнестің заң­ды тұлғаларына (15,6 пайыз), содан соң шаруа қо­жалықтарына (12,8 пайыз) тиесілі.
Мемлекеттік қолдау шараларының іске асы­рылуы шағын кәсіпкерліктің негізгі көр­сеткіштерінің серпінді өсімін көрсетіп отыр. Мә­селен, былтырғы шағын және орта биз­нес­тің салық аударымдарының көлемі – 244,2 млрд теңге болды, бұл 2024 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 47,8 пайызға артық. Шағын және орта биз­нестің негізгі капиталына салынған инвес­тициялар көлемі 566,2 млрд теңгені құрады.
Облыста кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды, қарыз­дар­ға кепілдік беруді, гранттар үлестіруді, биз­нес инфрақұрылымын дамытуды, кәсіп­кер­лерге консультациялық және білім беруді сүйе­мелдеуді қоса алғанда, кәсіпкерлікті қар­­жылай және қаржылай емес қолдау шара­­лары жүргізіледі. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді, жастар мен әйелдер кәсіп­кер­лігін қолдауға ерекше назар аударылған. Осы бағыттар бойынша 2025 жылы аймақта 1,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 133 кәсіп­кер­лік субъектісі қаржылай қолдау алды. 
Қаржыландырылған жобалар өңдеу өнер­­кәсібі (30,3 пайыз), көлік және қоймалар (22,5 пайыз), көтерме және бөлшек сауда (15,0 пайыз), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруа­шылығы (13,3 пайыз), қызмет көрсету (10,3 пайыз), денсаулық сақтау және әлеуметтік қыз­меттер (8,6 пайыз) салаларын қамтыды.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шағын және орта бизнес субъек­тілері­нің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге, олардың іскерлік белсенділігі мен бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жүргізіліп жатқан жұмыс қолайлы кә­сіп­керлік ахуалды қалыптастырып, әкім­шілік кедергілерді азайтуға және ин­вес­тиция­лық белсенділікті ынталандыруға бағыт­талған.  Кәсіп иелерін жан-жақты қолдауды жалғастыра береміз. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – 
Т.ӨСКЕНБАЙ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары