Шығыс Қазақстанды, әдетте, табиғаттың жауһар мекені деп атайды: мұнда асқақ таулар, ұлан-ғайыр дала, марс пейзаждарын еске салатын шөлдер, ну ормандар, көгілдір көлдер мен сарқырамалар, иірімді өзен көп. Табиғаттың бастапқы қалпын сақтаған сұлулығы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің байлығы, түрлі климаттық белдеулер Қазақстанның шығысына айрықша сипат береді.
Өңірде елдің су ресурстарының 40 пайыздан астамы және орман қорының 38 пайызы шоғырланған. Мұнда Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорықтары, сондай-ақ Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан қасиетті тарихи, табиғи ескерткіштерімен танымал. Ерекше тартылыс күшімен әрі энергетикасымен белгілі Мұзтау (Белуха) тауы, бояулары қанық әрі Марсқа ұқсас келбетімен таңғалдырған Қиын-Керіш шатқалы, қола дәуіріне жататын көне қоныс іздері мен тас обсерваториясы сақталған Ақбауыр археологиялық кешені, XVII ғасырдағы буддистік Аблайкит ғибадатханасының қирандылары ерекше қызығушылық тудырады.
Берел және Шілікті қорғандарынан, Елеке сазы үстіртінен, Үйғыртау өңірінен табылған б.д.д. IV-III ғасырларға жататын қола және ерте темір дәуірінің археологиялық олжалары ежелгі көшпелілер өркениетінің жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды. Осы деректерге сүйене отырып, ғалымдар қазақстандық Алтайды «түркі әлемінің бесігі» деп тану жөнінде ғылыми тұжырым жасады.
Туризмді дамыту әлеуеті
Шығыс Қазақстан – Қазақстандағы туризмнің негізгі түрлерінің барлығы дерлік шоғырланған санаулы өңірлердің бірі. Бұл өңірде экологиялық және табиғи туризм, таулы және белсенді маршруттар саяхаты, сауықтыру мен wellness-демалыс, су және жағажай туризмі, сондай-ақ мәдени-танымдық және этнографиялық бағыттар үйлесімді түрде дамуда. Фестивальдер, бүркітшілік дәстүрлері, гастрономиялық шаралар мен спорттық іс-шаралар өңірдің туристік келбетін толықтырып, оны саяхатшылардың әртүрлі санаты үшін тартымды етеді.
Шығыс Қазақстан облысымен танысу, әдетте, өңір орталығы – Өскемен қаласынан басталады. Қала әуе, теміржол және автомобиль бағыттарын тоғыстыратын өңірдің негізгі көлік және логистикалық торабы. Осы жерден туристер Алтай тауларына, Бұқтырма су қоймасының жағалауына, Марқакөл көліне және басқа да маңызды табиғи нысандарға жол тартады.
Бұқтырма су қоймасының ел туризмінде алар орны ерекше. Бұл су қоймасы су айнасының ауданы бойынша әлемдегі ең үлкен бестікке кіреді. Ұзын жағалау сызығы, көптеген шығанағы мен аралы жағажай демалысын, су туризмін, балық аулауды және отбасылық демалысты дамытуға қолайлы жағдай жасап, жыл сайын жүздеген мың туристі тартады.
Бұған көлік инфрақұрылымының жүйелі түрде дамуы да ықпал етуде. Кейінгі жылдары өңірде негізгі туристік аумақтарға апаратын көлік жолдарын жөндеу бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Алтай және Самар аудандарындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауларына, Марқакөл көліне, Қиын-Керіш шатқалына және Зайсан қаласына апаратын жолдар жаңғыртылды.
Өңірге қызығушылық туристер арасында артып келе жатқанын статистикалық мәліметтерден анық байқаймыз. Шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді, олардың қатарында Қытай, Ресей, Өзбекстан, Франция, Германия және басқа да Еуропа елдері бар.
Халықаралық бағыттарды дамыту мен инвестиция тартуға «Алтай – ортақ үйіміз» және «Ертіс – достық өзені» жобалары аясындағы іс-шаралар маңызды серпін береді. Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен «Алтай – ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық ету эстафетасын қабылдады. Биыл Өскемен қаласында Үлкен Алтай өңірлері Экономикалық кеңесінің III отырысы өтеді. Сонымен қатар бірлескен мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды өткізу жоспарланған.
Дамудың басым бағыттары
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, туризм – «бұл экономиканы, мәдениетті, қауіпсіздікті, бизнесті біріктіретін күрделі сала. Онда кәсіпқойлар жұмыс істеуі керек, ең бастысы – Қазақстанның патриоттары».
Шығыс Қазақстан облысының даму стратегиясында туризм экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындалған. Катонқарағай , Марқакөл, Зайсан және Алтай өңірлері халықаралық туристік кластерлерді дамыту үшін тірек аумақтар саналады.

Туризмнің кешенді дамуы стратегиялық құжаттарда бекітілген. Инженерлік, коммуналдық және туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Өңірлік туристификация картасына 23 туристік аумақ енгізіліп, онда жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін қажетті жағдайлар кезең-кезеңімен жасалуда.
Шығыс Қазақстан облысында туризм өңірді дамыту стратегиясында экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырылады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей: «туризм саласын дамыта отырып, біз экономиканы әртараптандыруды көздейміз. Осы бағытта төрт туристік кластерді дамыту жоспарлануда».
Бірінші кластер – сауықтыру және экотуризм Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының аумағында қалыптасуда. Мұнда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын орналасқан wellness-қонақүйлер, санаторий-курорттық кешендер және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар маңында экологиялық қонақүйлер желісін дамыту көзделген. Аудандар дәстүрлі түрде пантомен емдеу және марал өсірумен танымал: Мұнда марал мүйізі негізіндегі емдік ванналар, радон ванналары және кешенді емдеу-қалпына келтіру процедуралары қолданылады. Стратегия аясында марал шаруашылықтарын дамыту, апитерапия мен иппотерапияны кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде аумақты өңірдегі медициналық және wellness-туризмнің жетекші орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Екінші кластер – экотуризм және табиғи мұра Зайсан көлі мен Алтайдың биік таулы қазаншұңқырында орналасқан Марқакөл көлінің аумақтарын қамтиды. Кластерді дамыту аясында Марқакөл көлі маңында этностильде туристік қалашық салу жоспарланған. Жоба дәстүрлі сәулет элементтерін, ұлттық нақыштарды және жергілікті материалдарды пайдалануды көздейді. Жалпы алғанда, бұл аумақта экотуризмді дамыту табиғатты ұқыпты пайдалану қағидаттарына негізделеді: шағын туристік топтар, экологиялық соқпақтар және сертификатталған гидтердің сүйемелдеуі арқылы Алтайдың бірегей табиғи мұрасын сақтауға мүмкіндік береді.

Үшінші кластер – тау шаңғысы курорттары мен экстремалды туризм Риддер қаласы, сондай-ақ Глубокое және Алтай аудандарының аумағында қалыптасуда. Қазір бұл аумақтарға жақын жерде қысқы демалысты ұнататын туристер арасында сұранысқа ие төрт тау шаңғысы базасы жұмыс істейді. Алдағы кезеңде Алтай ауданында тау шаңғысы инфрақұрылымын одан әрі дамыту, сондай-ақ Риддер қаласының маңында ішкі және халықаралық туристік нарыққа бағытталған ірі заманауи тау шаңғысы кешенін салу жоспарланған.
Төртінші «Қала – Таулар – Көлдер» кластері Өскемен қаласының базасында дамытылады. Қала облыс орталығын, Ұлан және Глубокое аудандарын бір сағаттық межеде біріктіретін туристік кластердің ядросына айналады.
Сонымен қатар Ұлы Дала тарихына, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайға арналған туристік маршруттарды әзірлеу мәселелері де қарастырылуда. Қазір туристер арасында жергілікті тұрмыс-тіршілікке, салт-дәстүрлерге, табиғи өнімдерден дайындалған пайдалы тағамдар, қолөнер шеберлік сабақтары мен өзге де мәдени-этнографиялық тәжірибелерге сұраныс артып келеді.

Инвестициялар және цифрландыру
Салаға қосымша серпін инвестициялар арқылы берілді. Altay Invest 2025 инвестициялық форумы аясында туризмді дамытуға бағытталған жалпы құны шамамен 40 млрд теңге болатын 10 меморандумға қол қойылды. Аталған құжаттар қонақүй ин- фрақұрылымы, wellness-курорттар, туристік ауылдар мен сервистік нысандар саласындағы жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік ұсынысын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы саланы цифрландыруға ерекше мән беруде. 2025 жылы VisitEast туристік порталы жаңғыртылып, туристік нысандарда QR-навигация, цифрлық сервистер және жасанды интеллект элементтері енгізілуде.
Бүгінгі Шығыс Қазақстан – табиғи ландшафттардың алуан түрлілігін, сапалы ин- фрақұрылымды және туризмді дамытудың заманауи бағытын ұстанатын, өзінің бірегей табиғи және мәдени болмысын сақтай отырып, әлемге жаңа келбетімен танылған өңір.