Шырын арқылы детокс жасау мен бірнеше күндік «тазарту» диеталары әлі де танымал. Мұндай тәсілдерді жақтаушылар олардың көмегімен ағзаны токсиндерден тазартып, денсаулықты жақсартып, тіпті салмақ тастауға болады деп санайды. Алайда медицина тұрғысынан алғанда «шырын диетасы» деген ұғым жоқ, ал мұндай тәжірибелерге шамадан тыс әуестену пайдадан гөрі зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы Пирогов университетінің оқытушысы Андрей Кондрахин айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Медицина тұрғысынан «шырын диетасы» деген не?
– Нақты айтқанда, «шырын диетасы» – бұл жай ғана бейресми атау (сленг). Оның астарында не тұрғанын түсіну керек. Егер ағзаға жеңілдік беретіні туралы айтсақ, бәрі қандай шырын қолданылатынына байланысты. Егер құрамында қант бар шырындар болса, олардың пайдасы жоқ, керісінше ағзаға көмірсулардың артық жүктемесін береді.
Ал егер бір-екі күнге арналған арнайы жеңілдетілген мәзір қолданылса, мысалы, кинза, балдыркөк (сельдерей) және қияр негізіндегі сусындар пайдаланылса, оның айтарлықтай зияны болмайды. Олар белгілі бір деңгейде сілтілі ерітінділер мен жасұнықтың көзі саналады.
– Мұндай шырын ішіп, жеңілдеу күндерін жасаған дұрыс па?
– Егер адам жұмыс істеп жүрсе немесе қатты шаршаған болса, мұндай күндерді өткізудің қажеті жоқ, өйткені тамақ толыққанды болуы тиіс. Бұл тек айран немесе шырын арқылы жасалатын жеңілдетілген күннің бір түрі ғана.
Негізінде, «шырын диетасы» деген ұғым жоқ. Шын мәнінде барлық жүктеме бауырға түседі. Ағзаға ақуыз жетіспеген кезде бауыр оны өңдеуге мәжбүр болады, нәтижесінде артық жүктеме пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ ағза энергия алу үшін өз қорларын пайдалана бастайды. Соның салдарынан бұлшықет массасы айтарлықтай азаюы мүмкін, өйткені бұлшықеттер – басқа жасушаларға қажет ақуыздың негізгі қоры.
– Шырын диетасына әуестенудің қандай зияны бар?
– Мұндай тәсілге шамадан тыс әуестенген адам өзіне пайдадан гөрі көбірек зиян келтіреді. Әсіресе қоректік құндылығы төмен өнімдерді пайдаланып, мұндай «детокс» жасауға болмайды.
Ағза энергияны міндетті түрде алуы керек. Егер адам физикалық жүктемемен айналыспайтын болса, мысалы демалыста жүрсе, емдік ашығуды қолдануға болады. Бірақ ол міндетті түрде дәрігердің немесе диетологтың бақылауымен жүргізілуі тиіс.
Мұны өз бетінше қауіпсіз түрде жасау мүмкін емес, керісінше денсаулыққа зиян келтіру қаупі жоғары.