Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа құны 2 миллиард долларға дейін жететін мұнай береді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа санкция астындағы 30–50 миллион баррель мұнайды беруді көздейді. Шикізат нарықтық бағада сатылып, түскен қаражат оның сөзінше, «Венесуэла мен Америка Құрама Штаттары халықтарының мүддесі үшін» оның бақылауында болады.
«Мен Венесуэланың уақытша билігі Америка Құрама Штаттарына жоғары сапалы, санкцияланған 30–50 миллион баррель мұнай беретінін қуана хабарлаймын», — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желісінде.
АҚШ президентінің мәлімдеуінше, келісімді жүзеге асыру АҚШ Энергетика министрі Крис Райтқа тапсырылған. Мұнай танкерлерден алынып, тікелей америкалық порттарға жеткізіледі.
Дереккөздердің айтуынша, бұл мәміле соңғы жылдары венесуэлалық мұнайдың ең ірі сатып алушысы болып келген Қытайға арналған жеткізілімдердің бір бөлігін қайта бағыттауға әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Венесуэлада бұрын АҚШ-тың желтоқсан айының ортасында енгізген экспорттық блокадасына байланысты сыртқы нарықтарға шығару мүмкін болмаған миллиондаған баррель мұнай бар. Бұл шаралар Вашингтонның Венесуэла билігіне қысымды күшейту саясатының бір бөлігі болды.