Қазақ аңыз тұлғасынан айырылды. Қазақ киносы мен театрының бет-бейнесіне айналған актер, Қазақ және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал тұлға Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден озды.
Алматы жұрты саналы ғұмырын қазақ руханиятының өркендеуіне арнаған бірегей тұлғамен қимай қоштасты. Асанәлі Әшімов бақытты ғұмыр кешті. Ол сомдаған бірегей бейнелер халықты ұлы өнерге ынтық етті. Ғұмыр-дарияның асау өткелдерінен өтіп, әр сәтін өнермен өрген актердің есімін ел ұмытпайды. Өзі сомдаған образдары арқылы мәңгілік жасай бермек.
Нүкетай МЫШПАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі:
Ол елін шексіз сүйетін
Асанәлі Әшімов – қазақтың біртуар ұлы ғой. Қазақ ұлттық консерваториясында Асекеңмен бірге оқып, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті болдық.
Бұйра шашты, әдемі жігіт еді. Біз оны ауылдан келген жігітке ұқсатпайтынбыз, қалада өскен азамат деп ойлайтын едік. Жүріс-тұрысы ширақ, сымбатты жігітке қыздардың көзі түспей тұра ма, бәрі оны жақсы көрді. Өмір көрген үлкен азамат сияқты сезілетін. Сабақты жақсы оқыды.
Екінші курста кино мамандары Асекеңді кино алаңына алып кетті. Сабақ беруге келген Асқар Тоқпанов ұстазымыз арамызда Асанәлінің жоқтығын байқап, «әлгі Асанәлі Әшімов деген красавчигіміз қайда?» деп сұрады. Бәріміз «оны фильмге түсіруге алып кетті» деп жамырай жауап беріп жатырмыз. Асқар аға «а-а» деп күлді де қойды. Өзінің талантты шәкіртінің киноға түскелі жатқанына қуанды.
Ол театр мен кинода бірдей қызмет етіп, екеуінде де жақсы танылды. 1959 жылы бір топ жас театрға қабылдандық. Бізді сұрыптап, таңдап алды. Ол театрда көптеген басты рөлді сомдады. Жас актер болса да режиссерлардың бәрі оны сыйлайтын. Елге, гастрольдерге шыққанда ел алдымен Асекеңді іздейтін, өнерсүйер қауым соның маңайына жиналып, сүйікті актерімен жүздескенін мәртебе санайтын.
Асекең Шәкен Аймановтың қызы Майраға үйленді. Театрға келген жас актерлерге үй бергенде көрші тұрдық. Майра керемет жақсы әйел еді. Ол консерваторияның ән факультетінде оқыды, біз театр факультетінің студентіміз, қатар оқыған соң бір-бірімізді танимыз. Ол Асанәліні құлай сүйді. Әлі есімде, Майра бір күні маған келіп, «Мына хатты Асанәліге беріңізші» деді. «Өзің бергенің дұрыс емес пе?» деп едім, «Сіздің бергеніңіз дұрыс» деп өтінді. Асекеңе хатты бергенімде оқыды да, жылы жымиды. Бірақ ештеңе демеді. Сөйтіп жүріп екеуі отау көтерді. Керемет отбасы болды. Майра өте жақсы тәрбие алған адам ғой, ерінің қас-қабағына қарап, баладай мәпелеп күтті.
Асанәлі қандай рөл болса да жанын салып ойнап, есте қаларлықтай образ жасайтын. Ғаламат еңбекқор адам. Сондықтан болар, жас актерлер сахнада кейіпкерінің сөзін ұмытып қалғанда: «Айтатын сөзіңді есіңде сақтай алмайтын болсаң, бұл жерге неге келдің?» деп қатты ұрсатын, жұмысына жүрдім-бардым қарайтындарды ұнатпайтын. Кейін өзі актер дайындайтын оқу орнында сабақ берді. Көптеген талантты жасқа ұстаздық етіп, жолын ашты.
«Асанәлі Әшімов дүниеден өтті» дегенді естігенде қатты қиналдым. Оны танитындардың бәрі қиналды. Себебі ондай тұлға күнде туа бермейді.
Оны соңғы сапарға шығарып салуға халық көп жиналды, ұлы актерге ерен құрметін көрсетіп, Абай атындағы опера және балет театрының маңына сыймай кетті, түгел Алматы сол жерге көшіп келгендей болды.
«Тумақ хақ, өлмек хақ» демекші, өмірден көшпейтін адам бар ма? Бірақ кімнің кім екені ақырғы сапарға аттанғанда көрінеді. Ол елін шексіз сүйетін, халқы да қатты құрметтейтіні азалы жиынында анық байқалды.
Ұлт өнерін биікке көтерген азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Бекжан ТҰРЫС,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Қазақ рухының биік бейнесі еді
Қазақ киносының мэтрі, ұлттық мәдениет пен өнердің асқар тауына айналып, бір дәуірдің рухын арқалап өткен алып тұлға Асанәлі ағамыз да пәниден бақиға бет бұрды. Мыңдаған адамның жүрегінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін саналы жанның бәрін сең соққандай етті…
Мынау мазасыз дүниеде безгек тигендей селкілдеп қалдық. Жүрек сыздағанымен, жан мұздағанымен, ажалға қарсы амалымыз жоқ. Қазақ киносының «Алтын қорына» өлмес рөлдер мен шеберлік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өзінің өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір рөлі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қазақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мәдениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі ағаның өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы көрермен жүрегінің төрінде сақталады. Қайталанбас өнерімен, тағдыры тарту еткен теперішін көтере алғанымен қазақтың есінде қалады. «Көреміз» бағдарламасының түсірілімінде бір апта бұрын ғана болып едік. Сонда: «Ана «Жармақты» барлық жерде қоюың керек. Сен өзіңді дәлелдеп келесің ғой», – деген еді… Мақтау сөзді орынсыз айта бермейтін ағаның ризашылық білдіргені деп қабылдағам. Бәлкім, аманаты…
Рухыңыз шат болсын, аға!
Азамат САТЫБАЛДЫ,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Мен өнердегі әкемнен айырылдым
Асанәлі ағамен алғаш кездескен сәтім әлі есімде. Ол кісі бұрын өзі істеп кеткен М.Әуезов театрына он екі жылдан кейін қайта оралған еді. Ол туралы күнделігінде былай деп өзі де жазған: «Он екі жылдан кейін театрға келдім, тартына-тартына, қорқа-қорқа. Қалай қабылдар екен деп. Планировкада отырғанымда ту сыртымнан мені екі көз жылы бір қамқорлықпен құшақтағандай болды. Ол кім екен деп бұрылып қарасам, театрға жаңадан келген актер Азамат пен Назгүл екен. Сол кезде көңілім жылып, театрым мені қабылдады ғой деп ойладым» дейді. Біз оны білмейміз ғой, кейін өзі айтты. Содан бастап бізді жақын көріп, бауырына тартты.
Жылдар өте келе ол кісінің спектакльдерінде ойнадым, қасында жүрдім. Менің аяқ алысымды барлады, көптеген ескертпесін айтып, өсіруге тырысты. «Өнердегі балам» деп жылы сөзін аямады. Қамқор болды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.
Өткенде жаңа кітабының тұсаукесеріне барғанда маған қолтаңбасын қойып, сыйлаған болатын. Үйге келіп қарасам, «Өнерімнің жалғасындай болған балам – Азаматқа» деп қолтаңба жазған екен. Бұл сөз маған аманат секілді сезілді.
Ол кісінің алдында өзімді жинақы ұстауға тырысатынмын. Театрда қандай спектакльде ойнасам да, киноға түссем де бірінші сол кісінің көргенін қалайтын едім. Болашақта кітап жазар болсам, ұлы тұлғаның маған берген бағасын, айтқан сынын, ақыл-кеңесін жазатын боламын. Қай кезде не айтты, бәрі менің қойын дәптерімде сақтаулы.
Асекең өзінің жүріс-тұрысымен, өмір сүру дағдысымен, ақыл-кеңесімен – барлық жағынан ұстаз болды. Өнер теңізінде адассақ алдымызда маяк секілді бағдар көрсететін біргей тұлға өмірден өтті. Біздің буын, тұтас жастар шоғыры алып тұлғадан айырылғанымызды сезгенде, есеңгіреп қалдық. Енді қайда барамыз, қалай жүреміз, бізге кім ақыл айтады дейміз. Өйткені алдымызда Асанәлідей алып тұрғанда ештеңеден қам жемейтін едік. Адасамыз, қателесеміз деп қорықпайтын едік. Аңыз тұлғаға әбден арқа сүйеп үйреніп кеткен екенбіз. Біз бейне қарлы боранда жол сорабынан адасып қалған жолаушыдай күй кешіп отырмыз...
Бұл кісінің өзі бір дәуір еді ғой. Аса талантты, қарым-қабілеті биік екенін білсе де, асқақтамайтын, адам таңғаларлықтай қарапайым еді. Жұрт өзін мадақтап, мақтап, ұлы деп аспандатып жатқанда асып-таспайтын, «Мен ұлы емеспін, ұлылардың сарқытын ішкен адаммын» дейтін. «Қаллекидің, Серағаңның қасында жүріп, тәрбиесін көрген ізбасарымын. Нағыз ұлылар солар» дейтін.
Әрине, өлмейтін пенде жоқ. Бірақ өлімге қимайтын, ел өнерінің аманатын арқалаған, елді тәрбиелейтін, өнердің көшін бастайтын осындай ұлы тұлғалардың ортамызда жүре бергенін қалайсың. Ұзақ өмір сүрсе дейсің. Бірақ тағдырға шара бар ма?!
Өз әкем 88 жасында дүниеден өтіп еді, өнердегі әкем – Асаналі Әшімов те сол жаста дүниеден озды. Асекеңнің жалғанды тәрк етуі жанында жүрген біз ғана емес, оның өнерін сүйетін халқы үшін де ауыр қаза. Сондықтан Асанәлі ағаның спектаклін, киносын көрген, онымен таныс-біліс жандардың бәріне, жалпы қазақ халқына қайғыра көңіл айтамын.
Қазақ деген халық бар да Асанәлі Әшімов деген ұлы тұлға ұмытылмайды.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген. 1954-59 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
Ол Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Транссібір экспресі») және өзге де рөлдерімен қазақ киносының бет-бейнесіне айналды.
Режиссер ретінде де Н.Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» секілді ондаған пьесаны сахналады.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Керім, «Еңлік-Кебегінде» – Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» – Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодарды және өзге де ірі кейіпкерлерді сомдаған.