Өткен аптаның соңында Астана қаласында алғаш рет «Жас әдебиеттің көкжиегі» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының жылдық қорытынды жиыны өтті.
Жыл соңы әдебиет үшін айтулы жаңалықпен түйінделіп отыр. Соңғы жылдары жас қаламгерлердің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада Жазушылар одағының 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, отандық әдебиеттің қазіргі даму бағыттары мен алдағы жоспарлары жан-жақты талқыланды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ашып, жүргізді. Шара барысында Одақтың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рүстемов Руслан Рүстемұлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Койшиев, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының қатысушылары – жазушы Жақсылық Мұратбек пен ақын Азамат Әбілқайыр сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар Әзірбайжанның Халық жазушысы, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаевтың, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі, жазушы Хайриддин Сұлтанның, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтаулары бейнебайланыс арқылы тыңдалды.
Жиын аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы аясында шыққан 4 жаңа кітаптың, сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының аясында шыққан жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жазушы Төлен Әбдік өз сөзінде Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай жылдық қорытынды жиынның маңызын атап өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының бір жылдық жұмысына жоғары баға берді.
Ал қырғыз жазушысы Арслан Койшиев шараны ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағына алғыс айтып, қазақстандық қаламгерлерді келер жылы өтетін Ыстықкөл халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов биыл атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, классик жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың кітаптарын халықаралық Букер сыйлығына ұсыну бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Жиынға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дәурен ҚУАТ,
«Жұлдыз» журналының Бас редакторы,
«Жаңа Қазақстанның
әдеби-танымдық панорамасы» жобасының жетекшісі:
– «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» – өңірлердің мәдени-рухани келбетін қалыптастыруға, тарихи оқиғаларға соны көзқарас қалыптастыруға, тасада қалған түрлі тағдыр иелерінің жұмбақ өмірін көркем тілмен жеткізуге бағытталған ілкімді жоба.
Жоба аясында биылғы жылы 20 жас қаламгер өңірлерді аралап, өздеріне қажетті мағлұматтарды жинап келді. Нәтижесінде, 8 автор прозалық, 12 автор поэзиялық туындыларын жазып шықты. Атап айтар болсақ, проза жанры бойынша Абай Аймағамбетовтің «Толқынды күткен бала», Сабина Сайлаубайдың «Мизамшуақ», Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың...», Феруза Мәдениеттің «Аққалам», Нұрбек Нұржанның «Бесінші қабаттағы үй», Темірлан Қылышбектің «Тырналар мекені», Биболат Сәтжанның «Тобыл ойшылы», Асылан Қуанышұлының «Кішкентай» туындыларын комиссия құзырына өткізіп, жоба редакторларының оң бағасын алды.
Ал поэзия бойынша Азамат Әбілқайырдың «Құдырет», Қарлығаш Қабайдың «Көлеңкесіне кез болған кесіртке», Еділбек Дүйсеновтың «Аспан», Меңдібек Лұқпановтың «Кешіккен көктем», Ділдә Уәлибектің «Дегелең», Тілеубек Батыстың «Сал Көкше», Айзада Рахымжанованың «Сарыарқаның жаңбыры», Еламан Әшімнің «Сапарбастау», Әділет Шопеннің «Түсімен салынған үй», Мұхтар Күмісбектің «Жанардағы жан бояуы», Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс», Дәурен Тілеуханның «Нәзік түндегі Ноктюрн» сынды туындыларымен қазақ әдебиеті қоржынын толықтырды деп ауыз толтырып айта аламыз.
Жобаға қатысқан жас қаламгерлердің шығармаларынан олардың өмірді тануы, қалам қуаты, зерттеген тақырыптарын терең меңгеруі анық сезіледі.
Мәселен, Жақсылық Мұратбек «Аспаны жақын ауылдың...» деп аталатын романында қарапайым ғана ауыл баласының азаматтық болмысын айқындап, өткен ғасырдағы қазақ халқының басына түскен ауыр нәубетті жылдарды тілге тиек еткен.
Ал жазушы Биболат Сәтжанның «Күзкүткен» атты әлеуметтік романы – Қостанай қаласының тарихи болмысы мен рухани келбетін көркемдік шындықпен бейнелеген жаңа дәуір прозасының салмақты туындысы. Роман тек географиялық кеңістік туралы емес, сол кеңістікте өмір сүретін адамдардың тарихи жады, әлеуметтік санасы, рухани әлемі туралы терең философиялық толғанысқа құрылған. Шығармада Қостанай қаласы – картографиялық нысан емес, идеялық-символдық бейне, басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген тұтас рухани кеңістік ретінде көрінеді.
Ақын Ділдә Уәлибектің «Дегелең» өлеңдер жинағы – Абай өңірінің тарихи, рухани және экзистенциалдық панорамасы. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Абай туған Шыңғыстау өңірінің аңыздары, бүгінгі тынысы, сол топырақтан түлеп ұшқан тарихи тұлғалар туралы поэмалар, өлеңдер мен балладалар. Екінші бөлім – «Дегелең» – ядролық сынақ тақырыбына арналады. Семей полигонының қасіреті өмірде болған оқиғаларға негізделген поэма, микропоэмалар мен өлеңдерге арқау болады. Үшінші бөлімде табиғат пен адам жанының үндестігі, ішкі сезім мен сыртқы әлем арасындағы психологиялық параллелизмге құрылған циклды өлеңдер топтамасы жинақталған. Ал төртінші бөлімде адам жанының қалтарыс-бұлтарысы, экзистенциалдық мәңгілік сұрақтарға жауап іздеу, санада жаңғырып тұрған ішкі дауыс өлеңмен өріледі.
Жазушы, аудармашы Сафина Ақтай өткен ғасырда Қазақстанға депортацияланып, Павлодар өңіріне қоныстанған Еділ бойы немістерінің өмірінен сыр шертетін «Ганин» атты роман жазған. Павлодар облысында тұратын бас кейіпкер Ганс Ганин – жасы жетпістен асқан қария. Ғұмырының көбі кетіп, азы қалған қарт өткен өміріне жиі үңіліп, экзистеницал қақтығысты бастан кешіреді. Автор әдебиеттегі модернистік бағытқа тән деп есептелетін сана ағымы мен сюрреалистік сарынды кейіпкердің күнделікті күйбең өміріндегі тыныс-тіршілігі арқылы бейнелеп, өлім алдындағы бір жылдық ғұмырына өткен шағының естеліктері мен осы шағының толғамдарын біріктіреді. Романның ерекшелігі – шығармада уақыт кері жүреді және кейіпкердің экзистенциалистік күйі кеңістікке бөлшектенбейді. Ганс Ганин өз заманынан сырт қалып, өзгерістерге бейімделе алмаған кеңестік адамның типтік образы.
Жалпы, осы жобаға қатысқан кез келген қаламгердің туындысын әдебиетімізге қосылған жаңа леп, жаңа тыныс деп бағалауға тұрарлық. Жас буынның қасиетті әлемге өз ойымен, өз ұстанымымен, өз көзқарасымен келгендері қуантты.