«Кітап оқитын ұлт»: Маңғыстау облысының әкімі эстафетаны Асайын Байхановқа жолдады

/
«Кітап оқитын ұлт»: Маңғыстау облысының әкімі эстафетаны Асайын Байхановқа жолдады

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, білімге деген қызығушылықты арттыруға және азаматтардың рухани-зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды бастама, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба аясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы кітап оқу эстафетасын Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа жолдады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы кітап аманатын ресми түрде қабылдап, «Кітап оқитын ұлт» жобасының қоғамның рухани дамуына тың серпін беретін маңызды бастама екенін атап өтті.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысында 70 кітапхана халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Облыстық кітапхананың жалпы қоры 435 мыңнан астам кітап пен құжатты құрайды. Сонымен қатар, облыстық кітапхана жаңа ғимаратқа көшіріліп, заманауи оқу залдарымен жабдықталған.

Сондай-ақ өңірде Маңғыстау креатив алаңы, жаңа форматтағы балалар кітапханасы және креатив хаб іске қосылған. Бұдан бөлек, жаңа аудандарда кітапхана құрылысы басталып, мәдени-рухани инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Облыс әкімі оқырман қауымға Әбіш Кекілбайұлының “Аңыздың ақыры” романын оқуға ұсынды. Кезекті кітап жолдау кезегін Павлолар облысының әкімі Асайын Байхановқа жолдады.

Айта кетейік, өткен аптада Түркістан облысының әкімі оқырмандарға Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романын оқуға ұсынған болатын. Аталған шығармаға байланысты «Хабар» телеарнасының таңғы эфиріне қатысқан көрермендер тележүргізуші қойған сұрақтарға нақты жауап бере алмады.

Осыған байланысты соңғы үлгідегі iPhone смартфоны өз иесін тапқан жоқ. Дегенмен жүлде иесін әлі де күтуде.

Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романы негізінде арнайы викторина ұйымдастырылады. Әдеби сайыс барысында шығармаға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушыны бағалы сыйлық күтеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – кітап оқу құндылығын қоғамда кеңінен дәріптеуге, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және қазақ әдебиетінің үздік туындыларын насихаттауға арналған рухани-ағартушылық бастама.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары