Парламент палаталарының бүгін өткен бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков заң жобасына қатысты баяндама жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, тарихи қалыптасқан өңірлік ерекшеліктер ескеріліп, әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттары бекітілген.
«Жүргізілген конституциялық реформа аясында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасы жаңа Конституцияның талаптарына сәйкес және қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның негізінде әзірленді. Яғни, бұрыннан қалыптасқан құқықтық жүйенің сабақтастығы сақталып, мемлекеттің бірлігі мен тұтастық қағидаты қамтамасыз етіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттарына сәйкес қалалық елдi мекендерге барлық деңгейдегі қалалар, ал ауылдық елді мекендерге өздерінің әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан, барлық ауылдар мен кенттер жатқызылады. Бұған қоса, заң жобасында мемлекет басшысының, үкіметтің және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді белгілеу көзделген. Атап айтқанда, президент: облыстар мен аудандарды құрады және таратады; елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызады. Ал үкімет президенттің қарауына облыстар мен аудандарды құру және тарату, елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың санаттарына жатқызу және басқа да әкімшілік-аумақтық мәселелер бойынша ұсыныстарды енгізеді», - деді ол.