Ел мен экономика тарихын бір-бірінен бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Әдетте, шимай-шатпақ графиктер мен көз сүрінетін сандарды сөйлетсек, сөзбен жазылған тарихтан да түсініктірек, нақтырақ, тұшымдырақ дерек алуға болады. Тәуелсіздік алғалы бергі отыз жылдан астам уақытта Қазақстан экономикасы бір ғана бағытта дамыды деп айту қиын. Экономикамыздың тарихы Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі күйзеліс пен күйреуден мұнайға сүйенген өрлеуге, содан кейін жаңа сын-қатер мен мақсат-міндеттерге бейімделуге ұласқан қисық сызықты траекториямен жазылды. Осы аралықта ЖІӨ көрсеткіші 288 млрд долларға дейін жетіп, ел шаруашылығы түрлі циклдық өзгерістерді өткерді.
Жөндеу
Мызғымастай көрінген жүйенің күйреуінен басталған тоқсаныншы жылдар қиын сынақ әкелді. 1990 жылы ЖІӨ шамамен 30 млрд доллар болды, ал жан басына шаққандағы кіріс
1 570 доллар деңгейінде еді. Бұл сандар, әрине, жоспарлы экономиканың «ескі әлемін» сипаттайтын көрсеткіштер болатын: өндіріс көлемі тұрақты көрінгенімен, тиімділік төмен, ал нарық тепе-теңдігі деген ұғым болған жоқ.
1991 жыл бәрін өзгертті. Кеңес Одағының ыдырауы, шын мәнінде, Қазақстан үшін тәуелсіздіктің ресми бастамасынан гөрі өндірістік тізбектердің үзілуі мен экономикалық күйзелістің басталуын білдірді. Инфляцияға ие бола алмай қалдық. Ауыл шаруашылығынан бастап (сол кезде ЖІӨ-нің ондаған пайызы болатын) ауыр өнеркәсіпке дейінгі саланың бәрі өндіріс тізбектерінің үзілуінен зардап шекті. Институционалдық әлсіздік ЖІӨ көлемін 1992 жылы небары 2,9 млрд долларға дейін түсіріп жіберді. Дегенмен сол кезеңдегі ЖІӨ-ге қатысты нақты деректер деп белгілі бір сандарды айтудың өзі қиын, себебі инфляция, бартерлік есеп айырысу мен теңгенің әлі айналымға шықпағаны статистиканы сенімсіз етті. Бірақ бір нәрсе анық: экономика құлдырау кезеңіне аяқ басты, әрі бұл құлдырау жылдар бойы жалғасатын өзгерістердің алғышарты болатын. 1999 жылға қарай ЖІӨ 16,9 млрд долларға дейін құлады. Мұндай құлдырауға, расында, әдетте соғыс немесе табиғи апаттар ғана себеп болады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халықаралық саяси сахнаға тез бейімделуге тырысты. 1992 жыл елдің дипломатиялық картасын толтырған кезең ретінде есте қалды: сол жылы Қазақстанды ондаған мемлекет ресми түрде танып, ел БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына, Дүниежүзілік кеден ұйымына, Дүниежүзілік банкке, ХВҚ-ға және ЕҚДБ-ға мүше болды. Бұл тізім жас мемлекеттің «жабық экономикадан» ғаламдық институттар желісіне қарай жедел бұрылғанын көрсетті. 1994-1995 жылдары аймақтық бағыт күшейіп, Қазақстан Азия даму банкіне, Ислам ынтымақтастығы ұйымына және Ислам даму банкіне қосылды. Осы уақытта посткеңестік кеңесте жаңа құрылымдар да қалыптасты: ТМД-ның пайда болуы және аймақтық интеграциялық бастамаларға қатысу Қазақстанға бұрынғы одақтас нарықтармен байланыс үзбеуге мүмкіндік берді.
Жаңа мыңжылдық экономикалық ландшафтымыздың түбегейлі өзгерісімен басталды. 2000-2013 жылдары Қазақстан экономикасы жаңа ырғақ тапты. Жекешелендірудің жеделдеуі, сырттан инвестиция ағылуы мен мұнай бағасының өсуі Қазақстанды аймақтағы ең жылдам өсіп келе жатқан экономиканың біріне айналдырды. Мұнай-газ секторы ЖІӨ-нің үштен біріне жуығын қалыптастырып, өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл ретте, 2008 жылғы әлемдік дағдарысты аса сезіне қоймадық. 2000 жылғы 18,3 млрд доллардан 2012 жылы 208 млрд долларға дейінгі секіріс – ресурстарға негізделген өсімнің классикалық мысалы. ЖІӨ-дегі ілгерілеу қаржы секторын кеңейтті, құрылыс пен қызмет көрсету салаларын жандандырды. Бірақ олардың үлесі мұнай кірістерінің көлеңкесінде қала берді. Осылай мұнайға тәуелділік те тереңдей түсті.
Сүйреу
Бұл тәуелділіктің салдары 2014-2015 жылдары бірден сезілді. Мұнай бағасының құлдырауы экономиканы баяулатып қана қоймай, валюта тұрақтылығын шатқаяқтатты. Елдің валюта саясаты да тығырыққа тіреді. Сол кезеңде теңге «жартылай басқарылатын» режимде болса да, сыртқы шоктардың күшіне төтеп бере алмады. Бюджет түсімі қысқарып, мұнайдан түсетін қаражат азайған сайын Ұлттық банк валюта нарығын ұстап тұру үшін миллиардтаған доллар жұмсады. Ақыры, нарықтың өзі шешім шығарды. Теңге еркін айырбас бағамына ауыстырылды. Бұл саяси емес, макроэкономикалық қажеттілік болды. Бастапқы кезең ауыр өтті: валюта бағамы құлдырап, инфляция үдей түсті, ал бизнес-топтар «баға белгісіздігіне» тез бейімделе алмады.
Бірақ еркін бағам ұзақ мерзімде елді жиі қайталанатын мұнай цикліне «байлады». Бұдан алған сабақ айқын еді: шикізатқа тым тәуелді экономикада валюта бағамын қолдан ұстап тұру ұшпаққа шығармайды және тым қымбатқа түседі.
Сүрлеу
Соған қарамастан, ел экономикасы күтпеген серпін көрсетті. Мұнай нарығы қалпына келген сайын, бюджет шығыстары мен мемлекеттік қолдау шаралары да өз жемісін берді. 2024 жылы пандемиядан кейін қалпына келген экономиканың ЖІӨ көлемі 288,41 млрд долларға жетіп, тарихи максимум орнатты.
Дегенмен секторлық құрылымның теңгерімсіздігі анық байқалады. Мәселен, ауыл шаруашылығы үлесі жаһандық орташа деңгейден айтарлықтай төмен. 2024 жылы сала 13,7 пайыз өсім көрсеткенімен, бұл оның экономикадағы жалпы салмағын айтарлықтай арттырған жоқ. Қазақстан жер көлеміне қарағанда аграрлық держава болуға қабілетті, бірақ саясат пен инфрақұрылым саланың өнімділігін әлі де тежеп отыр. Өнеркәсіп –экономиканың әлі де ең негізгі тірегі. Жекелеген жетістіктерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібі экспорттық табыстың құрылымын айтарлықтай өзгертті деуге әлі ерте. Қазақстанның сыртқы саудасында шикізат әлі де басым. Ең үлкен өзгеріс қызмет көрсету секторында болды. 2023-2024 жылдары оның үлесі 56 пайыздан асты, бұл – дамыған елдерге тән пропорция. Сауда, көлік, қаржы және байланыс салалары өсімнің қозғаушысына айналды. Әсіресе, көлік-логистика мен ішкі сауда нарығы мұнай емес секторлар арасынан көзге түседі. Алайда бұл сервистік үстемдік экономиканың технологиялық жаңғыруын білдіреді деу қиын, себебі сектордың басым бөлігі тұтыну қызметтеріне тиесілі, жоғары қосылған құн туындататын бағыттардың үлесі әлі де мардымсыз.
Азамат Нұрсейітов, «Экономикалық зерттеулер институтының» жетекші ғылыми қызметкері:
Тұрақты ілгерілеу институттардың сапасына байланысты болмақ
– Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық траекториясы – баяу, бірақ бағытынан жаңылмаған эволюция. Адами даму индексінің 1990 жылдан бергі 21,5 пайызға өсуі өмір сүру ұзақтығы мен білім сапасының жақсарғанын көрсетсе, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 1 570 АҚШ долларынан 14 мың АҚШ долларына дейін өсуі елді күшті экономикалар қатарына қосып отыр. Дегенмен 2000-жылдардағы серпілістен кейінгі бірнеше дағдарыс халықтың әл-ауқатына қатысты мәселелерді қайта күн тәртібіне шығарды. Мұнай экспорты – елдің негізгі тірегі, бірақ дәл сол фактор экономиканы әлемдік конъюнктураға шамадан тыс тәуелді етіп отыр.
Макроэкономикалық саясат соңғы жылдары анағұрлым тәртіпті сипат алды. Ұлттық қор, резервтер және жаңартылған Бюджет кодексіндегі контрциклдік ережелер фискалдық тұрақтылықты күшейтуге бағытталған прагматикалық шешімдер деп ойлаймын.
Биыл ЖІӨ 310 млрд АҚШ долларынан асады, бұл – Орталық Азия экономикасының шамамен 60 пайызы. Экономика үш жыл қатарынан 5 пайыз шамасында өсіп келеді, ал тоғыз айдағы нақты өсім – 6,3. Бірақ қауіп те жоқ емес: шикізатқа тәуелділік әлі жойылған жоқ, аймақтар арасындағы теңсіздік сақталып отыр, ал институционалдық реформалардың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Инфляциямен күрес пен халықтың әлеуметтік қорғалуын сақтау – қазіргі экономикалық саясаттың ең нәзік мәселесі. Тұрақты ілгерілеу әртараптандыру мен институттардың сапасына тікелей байланысты болмақ.
P.S.1994-2024 жылдары экономика инфляцияға түзетілген мәнде 4,4 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1990 жылы 1 570 доллардан 2024 жылы 14 мың долларға дейін өсті. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі орташа көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары меже. Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бергі ЖІӨ динамикасынан елдің қандай қиындықтарға тап болғанын ғана емес, сондай-ақ бейімделу қабілетін де аңғаруға болады.
Алайда сын-қатер де сығалап тұр. Экономиканың өсімі әлі де шикізат циклдеріне аса тәуелді. Әртараптандыру туралы жиі айтамыз, бірақ өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялы экспорттың нақты үлесі мұнаймен салыстырғанда мардымсыз. Тағы бір мәселе – аймақтық теңсіздік. Кей мұнайлы облыстардың көрсеткіштері елдің жалпы статистикасын «көркемдеп тұр».